Олимпиада чемпионы атанған алғашқы қазақ

Олимпиада чемпионы атанған алғашқы қазақ

немесе аңызға айналған әйгілі балуан Жақсылық

Он тоғызыншы ғасырдың орта тұсында Олимпиада ойындарын жандандыру мақсатында біраз әрекеттер жасалды. Нәтижесінде 1859, 1870, 1875 және 1889 жылдары грек спортшыларының ғана қатысуымен бірнеше спорт түрінен дода өткен. 1894 жылдың маусым айында 12 елдің қатысуымен Олимпиада ойындарын өткізу туралы конгресс өз жұмысын өткізді. Оған қатысушылар Пьер де Кубертэннің баяндамасын талқылап, 1896 жылы алғашқы олимпиялық (солай аталған) ойындарын Афины қаласында өткізу жөнінде шешім қабылдады. Халықаралық Олимпиада комитетінің тұңғыш басшысы болып грек Деметириус Викелас сайланды. Сонымен қазіргі заманғы алғашқы Олимпиада ойындары 1896 жылғы сәуір айының 6 – 15 аралығында Афиныда өтіп, оған 13 елден 311 спортшы қатысты.

Содан бері Төртжылдықтың басты додасына қазақтан ең алғаш боп 1964 жылғы Олимпиада ойындарында (Токио) қазақ аруы, жеңіл атлет Алданыш Рамазанқызы қатысыпты. бүгінгі санынан бастап, «Ақ жол» газеті өзінің жаңа жобасы бойынша, жамбылдық олимпадашыларды оқырмандардың назарына ұсынуды жөн санап отыр.

Ендеше, іске сәт!

Сынақтан құтқарған – күрес

Алаш баласы әрқашан ту көтеріп, тізгін ұстауы керек. Бұл – бабалар аманаты. Елдің рухын асыратын үлкен оқиғалардың бірі әрі бірегейі – спорттық додалар. Ұлттың ұланы әлемдік деңгейдегі сында атой салса, күллі алаштың төбесі көкке көтерілетіні сөзсіз. Қылышынан қан тамған кеңестік кездің өзінде қазақ жұрты сондай батырын күтті. Ұзақ тосты. Өйткені тоталитарлық жүйенің жандайшаптары қазақтан Олимпиада чемпионының шыққанын қалады дейсіз бе? Әрине жоқ. Десе де, Жақсылықтың бойындағы өршіл рух, қайтпас қайсар мінез, тынымсыз іздену, шүмектеп төгілген тер, алапат күш қазақ баласының алар асуын асқақтатты. Иә, Жамбыл жерінің тумасы Олимпиадада атой салар ма еді, салмас па еді, оны кім білген. Тек мына оқиға болмағанда…

1968 жылы Жақаң Семейге, зооветеринарлық институтқа оқуға түседі. Алғашқы курстың өзінде Үшкемпіровтің алдынан үлкен мәселе кесе-көлденең шығады. Оңтүстікте, қар қалың түспейтін Жамбыл жерінде туған ол шаңғы спортынан сынақ тапсыруға тиіс.

«Алғашында мені оқудан шығарып жібереді-ау деген ой болды. Не болса да жаттықтырушымен тілдескен жөн деп шештім. Ол: «Күрестен жеңе алсаң, сынақтан өтетін мүмкіндігің бар», – деді. Үш қарсыласты жер бауырлатып жеңдім, тіпті олардың бірі спорт шебері атағына үміткер екен. Жаттықтырушы маған еркін күрес секциясына жазылуға кеңес берді. Жарты айдан соң институт біріншілігіне қатыстым. Сол кезде өмірімдегі алғашқы турнирде топ жардым». Бұл – Жақаңның БАҚ беттеріне берген сұхбаттарының бірінде айтқан сөзі.

Кейіннен классикалық күрестегі белгілі жаттықтырушы Роман Ильматов дәл сол уақытта ең жеңіл салмақтағы (48 килограмға дейін) халықаралық жарыстарға дайындау үшін өзіне шәкірт іздейді. Жақаң жаңа спорт түрін меңгеру үшін осы кісінің қол астына өтеді. Бірнеше айдан соң Үшкемпіров республика жүлдегері атанады. Ильматов Жақаңа арнайы бағдарлама да әзірлепті. Сол бір аумалы-төкпелі шақта сынақ орнына күрес көмектеспегенде Жақаң әйгілі балуан болмас па еді…

«Қонаев болмағанда олимпиадаға бармайтын ба едім»

Әсілінде, дүйім ел қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Олимпиада ойындарында алаш атын алғаш аспандатқан Жақсылық Үшкемпіров деп біледі. Ол кезде қазақ спортшысының Олимпиада ойындарына қатысуы мұң болатын. Ұлтшылдықтың өрті алабөтен өршіп тұрған кезде 1976 жылғы Монреальдағы Олимпиада ойындарына Алексей Шумаковты «таңдап» алулары да соның көрінісіндей. Ол туралы Жақаң өзі кезінде былай депті:

– Іштей күйіндім. Мен үш дүркін Кеңес Одағының чемпионы атандым, ал Олимпиада ойындарына бір рет қана бардым. Сондай-ақ бір кездері әлем чемпионатында өнер көрсеткенмін… КСРО чемпионаты мен спартакиадасында жеңіске жеткеніме қарамастан, мені 1976 жылы Монреальда өткен Олимпиадаға қатыстырмады. Ол кезде менің жасым 25-те болатын, бойымдағы күш-қуатымның жанып тұрған кезі. Бірақ жаттықтырушылар штабы Одақ чемпионатында мен жеңген Красноярск өкілі Алексей Шумаковты команда сапына алды.

Мен қатты ренжіп, күресті тастап кеттім. Бірақ бір күндері Қазақстан спорт комитетінің төрағасы Аманша Ақпаев мені республика басшысы Қонаевтың алдына әкелді. Дінмұхамед Ахметұлы менен күреске қайта оралуымды өтінді: «Сенің өнеріңді барлық қазақстандықтар назарда ұстап отыр, ал сенің жекпе-жекке шыққың келмейді. Иә, Олимпиадаға қатыса алмадың. Енді 1980 жылы сен барасың. Мен сен үшін жанкүйер боламын», – деді. «Жарайды, – дедім, – Димаш ата, егер сіз қолдайтын болсаңыз, мен белдесулерге шығамын». 1977 жылы Одақ бойынша – үшінші, 78-79 жылдары – екінші, ал 1980 жылғы чемпионатта жеңіске жетіп, Олимпиадаға баратын команда құрамына ендім.

Қазіргі Байзақ ауданы, Тегістік ауылында 1951 жылы дүниеге келген, 48 келі салмақ дәрежесінде Мәскеу Олимпиадасында атой салған Жақсылық Үшкемпіров ол кезде ақша үшін емес, абырой үшін белдескенін айтады. Олимпиада ойындарынан бөлек, 1981 жылғы әлем чемпионатында қарсыластарынан бір бас жоғары болған Жақаң тіпті салмақты бір қалыпта ұстап тұру үшін он бес жыл бойы түйір нан да ауыз тимепті. Спорттық бапта болу, салмақты ұстап тұру қаншалықты мехнаты мол тірлік десеңізші…

«Одақ құрамасына кімдер енді? Чемпионаттар мен Олимпиадаларда жеңіске жетеді-ау дегендерді ғана алды. Қайталап айтамын, жеңіске жетеді дегендерді. Алтын алып, әрине, сыйлықтарға ие болдық. Бірақ қандай? Мәскеудегі Олимпиада үшін маған 5 000 рубль берді. Сондықтан да, біз үшін ақша емес, абыройымыз маңызды болды. Ол кезде Олимпиада чемпиондарының аты басты назарда болмады. Тек қана еліміз егемендігін алған тұста ғана мені баспасөз өкілдері сұрақтың астына алып, мен туралы көп жазып, тағдырыма қызығушылықпен қарайтын болды…

Қазір Олимпиада чемпиондарына ширек миллион долларлап сыйақы беріп жатыр. Қосымша демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтар да табысталады. Құдайға шүкір! Мен қазіргі ұрпақтың айтулы жетістіктеріне шексіз ризамын!» Талай қиындықтан өткен Жақсылық Үшкемпіров осылай дейді…

Алаш күткен алтын

Мәскеу Олимпиадасының алғашқы жарыс күні Жақаңа оңай соққан жоқ. Жеребенің қаталдығы сол – үш дүркін әлем чемпионы Жақсылыққа румын балуаны Константин Александру түседі. Қазақ батыры өмірінде алғаш рет қамығады. Жанарын мұң торлайды. Жақаңның жағдайын сезген Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы Валерий Резанцев: «Мықты қарсылас деймісің? Тамаша. Ендеше ә дегенде оны жеңсең, келесілерінде әлдеқайда оңай болады», – дейді Үшкемпіровті рухтандырып. Ол қарсыласынан басым түседі.

«Жарты сағат бойы өз-өзіме келе алмай қиналдым. Кейін маған Қуаныш Сұлтанов жақындап, менімен Министрлер Кеңесінің төрағасы Байкен Әшімов сөйлескісі келетінін жеткізді. «Алтынды ала аласың ба, Жәке?» – деп сұрады ол менен. «Өлсем де ұтамын!» – дедім мен. Сол кезде ол маған бір көмек керек я керек еместігін сұрады. Көптеген шенеунік менің жауабымды күтіп, үнсіз тұр. Пәтер немесе көлік сұрайды деп ойлаған шығар. Мен бір кесе қымыз сұрадым. Бәрі күлкіге қарық болды», – деп еске алады сағымдай селдіреген сол кезді чемпион. Келесі белдесуде Үшкемпіров өзіне етене таныс поляк Роман Кирпачты жеңді. Үшінші шайқаста Жақаң венгр Ференц Серешті оңай жықты.

Ақтық айқас алдында Үшкемпіров әдетте баскетболшылардың біреуі ұйықтайтын үлкен төсекке барып тынығады. Бірнеше сағаттан соң барлық спортшыларды ұйқыдан оятқанда, Үшкемпіровті ұмытып кеткен. Оны жәй ғана байқамайды. Қазақ батырын белдесуге жарты сағат қалған кезде оятады. Спортшыға автобуста қыздырынуға тура келді. Ақтық шайқас. Үшкемпіров болгарлық Павел Христовты 12:7 есебімен тізе бүктіреді.

«Менің қуанышымда шек жоқ. Тұғырдың ең биік сатысында тұрғанымда осының бәрі түс секілді болып кетті. Қаншама жылдар… ауыру, жарақаттар, физикалық және психикалық қысым. Соның барлығының өтеуі – осы сәт.

Олимпиадашылар Алматыға қайтпай тұрып, олимпиадалық елді мекенде Қазақстанның мәдениет күндері ұйымдастырылады. Осы аралықта Жақаңның ұлы дүниеге келеді.

Надежда Пахмутова, Николай Добронравов осы оқиғаға байланысты өлең жазып, Олимпиада чемпионынан баласын Мәскеу Олимпиадасы символының құрметіне Михаил деп атауын сұрайды. Жақаң жылы жымиып: «Одан да Жеңіс атайын!» – деп үн қатыпты.

Елге оралған соң Жақсылық бастаған олимпиадашыларды салтанатпен қарсы алады. Елдің бәрі батырын жеңісімен құттықтап әлек. Ел тізгінін ұстаған Д. Қонаев та жеңімпазды қабылдап, құрмет көрсетеді. Араға бір жыл салып, ол тағы бір арманына қол жеткізеді. Әлем чемпионатының ақтық айқасында түрік оғланы Салих Бораны 8:0 есебімен ойсырата ұтып, әлем чемпионы атанады.

Түйін

Жақсылық Үшкемпіров – аңыз адам. Иә, кеңестік кезеңде небір қиындықты көрсе де, қыңбаған, солақай саясаттың салқынына «сынбаған» Жақаңның ерлігі – жас ұрпаққа үлгі. Өкініштісі, Атланта Олимпиадасында Қазақстаннан Юрий Мельниченко сынды грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы шыққанымен, күрестен қазақ баласынан әлі күнге Олимпиадада атой салатын саңлақ көрінер емес. Отыз алты жыл… Екі кәмелеттік жас… Бәлкім, осы бір сәтсіздік биыл бұзылар… Кім білсін. Әйтеуір, қазаққа рухы өр, тәні бекем бір Үшкемпіров керек екені анық…

Табиғат АБАИЛДАЕВ,
Ақ жол
. – 2016. – 21 маусым. – 6 б.

Боксшы Батыр Жүкембаев туған жерінде

Боксшы Батыр Жүкембаев туған жерінде

Жуырда ғана бірінші жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев Монреальдағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде мексикалық Косме Ривераны тізе бүктіріп, ІВО international белбеуінің иегері атанған болатын. Спорттық мансабындағы алғашқы чемпиондық атағына қол жеткізген жерлесіміз жеңісінен кейін туып-өскен жеріне оралды. Осыған орай, Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев былғары қолғап шеберін арнайы қабылдап, сый-сияпатын табыс етті.

– Киелі Шу өңірі – көптеген чемпиондарды түлеткен өлке. Осындай өлкеде туылып, туған жеріңнің абыройын әлемдік аренада танытып жүргеніңе алғысым шексіз. Артыңнан ерген жасөспірімдердің өзіңе еліктеп, спортқа келуі артады. Ал сенің жеткен биігіңе қуанып, жетістіктеріңді насихаттау – біздің міндетіміз, – деді Қайрат Әскербекұлы.

Батыр Жүкембаевқа аудан әкімінің Құрмет грамотасы табысталып, ата-анасына сыйлықтар берілді. Бұдан кейін Батыр Шу ауданындағы №31 БЖСМ мен «Тарлан» спорт кешенінде шеберлік сағатын өткізіп, жасөспірім боксшыларға жұдырықтасудың қыр-сырын үйретті. Шара барысында жас жеткіншектер боксшымен спарринг өткізіп, тәжірибе алмасты. Алақандай ауылдан шығып, талайларды тамсандырып жүрген жерлесімізге аудан тұрғындары шапан жауып, ат мінгізіп, лайықты құрмет көрсетті. Жерлесімізбен қатар өнер көрсетіп жүрген алматылық Абылайхан Құсайынов Монреальдағы бокс кешінде мексикалық Кристиан Аррасоламен кездесіп, қарсыласын 2 минут 38 секундта нокаутқа түсірген болатын. Ол бұған дейін 6 жекпе-жек өткізіп, барлығын да жеңіспен аяқтаған. Батырмен бірге Шуға келген ол жаттығуды бірге жасасты.

Батырдың айтуынша, оның келесі жекпе-жегі алдағы бір айдың көлемінде белгілі болады екен.

– Осы уақытқа дейін тоғыз кездесу өткізіп, оның сегізін мерзімінен бұрын аяқтадым. Осының барлығы жанкүйерлерімнің қолдауы деп ойлаймын. Туған жерімді сағынып келгенде осындай сый-құрмет көрсеткен жерлестеріме алғысымды айтамын. Шынымды айтсам, мұндай құрметті күтпеген едім. Алдағы жоспарларыма келер болсам, өте ауқымды. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездескенімізде Астана қаласындағы ЭКСПО көрмесінің аясында өтетін бокс кешінде өнер көрсетуім мүмкін екенін айтқан болатын. Егер ұсыныс түсіп жатса қуана-қуана қабылдаймын. Қазіргі таңда, менеджерім Анна Рева келесі кездесуімді жоспарлап, қарсыластармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Қарсыласымның кім екені алдағы айда белгілі болады, – дейді боксшы.

Шу ауданы Шоқпар ауылдық округіне қарасты алақандай Еспе стансасында дүниеге келген Батыр бүгінде Канадада танымалдылыққа ие болған боксшы. Ендеше, қазақтың қара домалағы жерлестерін жарқын жеңістерімен қуанта берсін дейміз.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Ақ жол. – 2017. – 18 мамыр

Қазақстаннан шыққан алғашқы кәсіпқой боксшы қыз

Қазақстаннан шыққан алғашқы кәсіпқой боксшы қыз. Фируза Шарипова

Кәсіпқой боксқа соңғы жылдары азиаттар да көп көңіл бөле бастады. Олардың арасында біздің қазақ жігіттері де бар. Жиров пен Головкиннен кейіи талай қазақ баласы мұхит асты. Сол жігіттермен бірге Жамбыл облысында дүниеге келген Фируза Шарипова есімді ару да кәсіпқой боксты таңдады. Шаршы алаңда бірнеше жекпе жек өткізіп үлгерді.

Фируза Шарипова 1994 жылы 29 тамызда Тараз қаласында дүниеге келген. Фирузаньщ ұлты — өзбек. Бала кезінен Әулиеата өңірінде өскен. Отбасында бес бала бар. Біздің кейіпкер үйінде екіншісі. Спортпен айналысатыны да жалғыз өзі. Тараздағы №39 мектепті және «Қайнар» колледжін бітірген. Одан кейін педагогикалық институтта «Дене шынықтыру және спорт» мамандығында оқыған. Бокстан бұрын велоспортпен айналысқан екен.

— Спортты бала кезімнен серік еттім. Алдымен велоспортпен айналыстым. Бірақ мен қатысқан секция жабылып қалды. Бірге жаттыкқандардың бәрін су добына алып келді. Алайда, суда жүзу қолымнан келмеді. Бірнеше рет өзімді сынап көрдім. Сосын «осымен жетер» деп қолды бір сілтеп кетіп қалдым. Ал боксқа кездейсоқ келдім. Көршіміз бокспен айналысатын. Бір күні сабақтан шыққан соң, оның жаттығуын көруге бардым. Сол залда қалып қойдым. Ол кезде 10 жаста болатынмын, — дейді Ф. Шарипова.

Алғашында жақындарының бәрі бокспен айналысқанына қарсы болыпты. Тіпті, үйде жанжал шығып, әжесі қатты ұрысқан көрінеді. Дегенмен, Фирузаның боксқа деген қызығушылығы мұндай қарсылықтың барлығын жеңіп шығады. Сабақтан қалса да, жаттығуды қалт жібермегенін айтады. Ал қазір туыстары Фирузаға қолдау білдіреді екен. Жекпе-жектің алдында және аяқталған соң, қоңырау шалып сұрап отырады.

— Ең бірінші жарысыма секцияға келгеннен кейін екі айдан соң катыстым. Қатты тырыса қоймадым. Жаттығуда үйренгендерімді жасап шықтым. Сол жолы екінші орын алдым. Финалда жеңіліп қалған соң, қатты жылағаным есімде. Бұл жеңіліс сол кезде мен үшін трагедия сияқты болған. Кейіннен боксқа біржола ден қойып, жеңіс өздігінен келе бастады, — дейді ол.

Таразда Ерік Алғабек және Феликс Цойдан тәлім алған. Соңғысының бапкер ретінде есімі көпшілікке танымал. Фирузаға дейін Болат Жұмаділов, Бақтияр Тілегенов, Рашид Қабиров, Паша Ни секілді талай мықтының томағасын сыпырған.

Шарипованың әуесқой бокстағы карьерасы сәтті болды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан чемпионатында бірнеше рет жеңіске жеткен. Астанада өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы. 2012 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері.

Ал кәсіпқой боксқа 2016 жылы бет бұрды. Жерлесіміздің промоутері — ресейлік Сергей Завилевский. Алғашқы жекпе-жегін 2016 жылы 21 мамырда өткізді. Ол Мәскеуде WВС тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынған Денис Лебедев пен Виктор Рамирестің кешінде шаршы алаңға көтерілді. Қарсыласы осал емес болатын. Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, үш дүркін Еуропа, екі дүркін әлем чемпионы атағына қол жеткізген ресейлік Софья Очигавадан жеңіліп қалды. Қазақстаннан алғашқы кәсіпқой боксшы қызды Олимпиада чемпионы Вячеслав Яновский дайыңдады. Ол кезінде Қарағандыда дүниеге келген, кейіннен Ресейдің атынан шыққан Наталья Рогозинаның бапкері болған.

— Кәсіпқой бокстағы дебютім Мәскеудегі 15 мың адам сиятын «Мегаспорт» кешенінде өтті. Бұл мен үшін өте пайдалы жекпе-жек болды. Жаттықтырушым екеуміз кәсіпқой бокстың ішкі асханасына үңіліп көрдік. Осыдан кейін барлық жатгығу процесін өзгерттік. Бұл кездесуден кейін басқаша дайындалатын болдық. Төрешінің шешімімен келіскен жоқпын. Бірақ онда тұрған ештеңе жоқ. Одан кейін бірнеше рет жеңіске жеттім. Менің болашағым әлі алда. Жекпе-жектің алдында толқығаным рас. Киетін қолғабың да басқа. Әуесқой бокстағыдай шлем де жоқ. Сондықтан аздап уайымдаған едім. Ал рингке шыққанда оның бәрі ұмытылып кетті. Шлемсіз бокстасу алғашқыда қиындау еді. Барлығы ашық, қай жерден ұрамын десең де көрініп тұрады. Әрине шлемсіз ыңғайлы, бірақ қауіпті, — дейді Фируза.

Бұдан кейін Шарипова шаршы алаңда төрт кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Софияға есе жіберген соң, Испанияда тәжірибелі Италия боксшысы Анжела Канниццароны оңай ұтты. Былтыр қыркүйекте Алматыда сербиялық Милена Матовичпен қолғап түйістірді. Тартысты өткен кездесу барысында сербиялық Қазақстан боксшысының ауыр соққыларының астында қалды. Осыдан кейін Милена Матовичтің бапкерлері шаршы алаңға орамал лақтырып, жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.

Ал биыл Ресей жерінде тағы екі кездесу өткізіп, екеуін де жеңіспен аяқтады. Алдымен төрешілердің шешімімен Юлия Чернобородованы қапы қалдырса, Виктория Котованы 54-секундта нокаутқа түсірді.

— Шынымды айтсам, жекпе-жектің алдында уайымдаған едім. Өйткені қарсыласым — дебютант. Кәсіпқой боксқа жаңадан келін жатқан адамнан не күтеріңді білмейсің. Бірақ Виктория Котовамен барлығы сәтті болды. Ешқандай шаршау болған жоқ. Жарақат алмадым. Виктория маған бірде-бір соққы жұмсай алмады. Осылай тез бітеді деп өзім де ойлаған жоқпын, — дейді боксшы қыз.

Фирузаны шетеддік басылымдар бірнеше рет кәсіпқой спорттағы арулардың қатарына қосқан еді. Бірақ, боксшы қыздың басы бос емес. Осыдан 2 жыл бұрын тұрмыс құрған. Жұбайы Денис Рыбак та кезінде бокспен айналысқан. Екеуінің үйлену тойы Тараз қаласында өткен.

— Жолдасым мені әрдайым қолдайды. Мүмкіндігінше менімен бірге оқу-жаттығу жиындарына, жарыстарға бірге барады. Оның шыдамдылығы мен түсіністігіне ризамын. Екеуіміз кейде спаррииг жасаймыз. Дениспен шаршы алаңда бокстасқан ұнайды. Күйеуім тек сол қолымен ұрады. Ал мен екі қолмен де соққы жұмсай аламын. Жаңа жылдың түнінде қонақтан келе жатқанымызда бізге арақ ішкен екі жігіт соқтығысты. Жолдасым біреуін нокаутқа түсірсе, мен екіншісін сұлатып тастадым. Ондай да қызық болған дейді, -Фируза.

Ешкімді кумир тұтпайтынын айтады. Бірақ құрметтеп, өнерін бағалайтын боксшылары бар екен. Олардың жақсы қасиеттерін өз бойына сіңіруге тырысады. Мысалы, Мэнни Пакьяоның еңбекқорлығын, Флойд Мейвезердің техникасы мен қорғанысын құп көрсе, Геннадий Головкиннен аяқпен қалай жұмыс істеу керектігін үйренуге тырысады. Ал Фируза үшін ең үздік боксшы — Мұхаммед Әли.

— Көбі боксты жай ғана төбелес деп ойлайды. Менің де көзқарасым сондай болған. Уақыт өте келе бокстың рингке шығып, біреудің бетінен ұру ғана емес екенін түсіндім. Бокс — өнер, қажет кезде шеберлігіңді корсету қажет. Өзің соққы жібермей, қарсыласыңның осал тұсын тауып, ұпай жинау кез келгеннің қолынан келе бермейді. Шаршы алаңда ашулы жүруге болмайды. Адам ашуға ырық берсе, тек ұруды ғана ойлайды. Салқынқанды болсаң, уақыттың қанша қалғанында сезесің, — дейді боксшы.

Фируза өмірде ашық-жарқын жүретін қыз. Адамдармен тез тіл табыса алады. Өзінің айтуынша, тамақ істегенді, үй жинағаңды, қонақ күткенді жақсы көреді екен. Енді 27 мамыр күні Ресейде Ольга Забавинамен кездеседі. Сол жекпе-жекте жерлесімізге сәттілік тілейміз.

Бек Төлеуов

Ұлан. – 2017. — 30 мамыр

Бибісара Асаубаева, шахматтан әлем чемпионы: Жеңісті жолым Астанадан басталды

Бибісара Асаубаева, шахматтан әлем чемпионы: Жеңісті жолым Астанадан басталды

Ел намысын қорғау – ерлікпен пара-пар. Әлемге қазақты таныта жүріп, өзін дүниежүзіне мойындату – мықтылық. Қазақ елінің мерейін асырған, көпке үлгі таланттар санаулы. Елбасы «Астана – шахмат әлемінің астанасы болады» деп жас шахматшылардың келешегіне үмітпен қарайды. Шахмат патшаларын таңғалдырған жастарға сенім артады. Халықаралық шахмат федерациясының тарихында тұңғыш рет небәрі жеті жасында FIDE-нің шебері атанған Бибісара Асаубаева – Тараздың тумасы, Астананың түлегі. Қазір Ресей туының астында өнер көрсетеді.

– Бибісара, күні кеше шахматтан АҚШ-та өткен әлемдік додада 12 жасқа дейінгілер арасында жеңімпаз атандың. Жеңісіңмен шын жүректен құттықтаймын! Бизнесмен Рекс Синкфилд өзінің шахмат клубында ойнауға шақырды деп естідік. Болашақта АҚШ-қа кету ойыңда бар ма?

– Маған жарыста тілекші болып, қолдаған жанxadкүйерлердің жүрекжарды лебізіне рақмет! Былтыр қазан айында Батумиде өткен жарыста әлем чемпионы атандым. Жуырда АҚШ-та Рекс Синкфилдтің турнирінде сынға түстім. Ойын тартысты, қызықты өткенімен, оңай болған жоқ. Кіл мықтылар жиналған. Рекс Синкфилд өзінің шахмат клубында ойнауға шақырды. Оның шахмат клубына ауысу жөнінде әлі нақты бір шешімге келмедім. Өзімді әлі де шыңдай түсемін. АҚШ-қа кету, клуб ауыстыруда қандай да бір нақты шешім қабылдасам, бірінші кезекте жанкүйерлерімді хабардар етемін.

– Шахматты ақсүйектердің ойыны десек те, екінің бірі шаршы тақтаның есігін қақпайтыны анық. Шахматпен «сырласпай» ма, әлде шахмат адамдарға сыр ашпай ма?

– Шахмат – ойындардың төресі. Шахматтың құпиясын білсе, барлық адам гроссмейстер болар ма еді, бәлкім. Меніңше, әр ойыншының өзіне тән ерекше қасиеті, өзіне ғана мәлім тәсілі, жеңіске жетелейтін құпия кілті бар. Әркім тәжірибесін, мықтылығын, алғырлығын ақыл-ойына бағындыру арқылы ұтады. Шахматта жеке-дара қайталанбайтын шешімдер, әдіс-тәсілдер ақылға серік. Себебі, шахмат – тақта үстіндегі соғыс. Қарсыластың ойын оқып, әрбір қадамын талдап, тойтарыс беріп отырмасаң, ұтыласың. Теорияны көп оқып-білгенімен, кәдеге жаратпасаң, жеңістің ауылы алыс.

– Шахмат тақтасындағы әрбір фигураның өмірдегі атқаратын құқығы мен міндеттерін меңгеруде неге мән бересің?

– Әрине, шахматтағы әрбір фигураның орны, міндеті, қызметі және мақсаты бар. Әрқайсысының артықшылығы, кемшілігі, тіпті «тағдыры» бар. «Өмір – шахмат» деп тектен-текке айтылмаған. Жаңадан шахмат үйренгісі келеxadтіндер мен қызығатындарға айтарым, ең алдымен шахматты жақсы көру керек. Сол кезде оның жұмбақ әлеміне қорықпай қадам жасауға болады. Кәсіби шахматшы тек жеңісті ойлайды. Жан-жақты ізденісті кәдеге жаратып, әр әдісті өз пайдаңа орнымен қолдану да тапқырлық. Әр жеңісте шыңдаламын, алға ұмтыламын, мақсатыма жетемін. Әрбір жеңісім – тыңғылықты дайындықтың, мықты жаттықтырушы еңбегінің жемісі.

«Шахмат – оңай шағылатын жаңғақ емес. Әр ойынға жеке дайындаламын. Қарсыласымның рейтингі менен төмен болса да, оны ешқашан осал деп ойламаймын. Әркімнің қабілеті әртүрлі. Әдісті өзі таңдайды»

– Ізденіс, жаттығу, зерттеу, оқып меңгеру… жүз пайыз жеңіске жеткізе ме?

– Жеңістің басы – ізденіс, бел ортасы – жоғары деңгейдегі жаттығу, соңы – үйренген, меңxadгерген біліміңді кәдеге жарата білу. Осы үш тұғыр шахмат ғана емес, өмірде де мақсат-мұратқа жеткізеді. Дайындықта барлық назарыңды тәсілді ұтымды пайдалану қажет. Кез келген спортшы өз құпиясын ашпайды. Менде де солай. Құпия сыр – күшті қару. Ойын барысында әрбір қарсыласыма жеке-дара әдіс, өзгеше тәсіл қолданамын. Себебі, бұған дейінгі ойындарыңды зерттеп, талдап, өз әдісіңді өзіңе ұтымды пайдалана білетін шахматшылар жетерлік. Бірыңғай жүріс, бір тәсілмен жеңемін деу шахматта – бос әурешілік. Ешқандай қарсылас осал емес. Жарысқа қатысуға емес, жеңуге келеді. Сол үшін табандылық, төзімділік, ұшқыр ой, батыл шешім өте маңызды.

– Қарсыласты зерттеп, оның ойынын талдау маңызды ма?

– Әр ойынға жеке дайындаламын. Қарсыласымның рейтингі менен төмен болса да, оны ешқашан осал деп ойламаймын. Бүгінде шахматты меңгеремін, жете зерттеймін, құпиясын ашамын деген адамға барлық мүмкіндік бар. Ізденуге, мықты турнирлерде бақ сынап, өзімді шыңдауға кедергі жоқ. Теорияны, әдісті жаттықтырушы әрбір спортшыға жеке талдап үйретеді. Әркімнің қабілеті әртүрлі. Әдісті өзі таңдайды. Шахмат – оңай шағылатын жаңғақ емес. Қызыққанмен құпиясы ашылмайтындығымен шахмат.

– Дайындық, жарыстардан бос уақытың болғанда демалысты қайда өткізесің? Жеке өмірің құпия ма?

– Оқу-жаттығудан бос уақыт болса, туған-туыстарымның ортасында болған ұнайды. Табиғат аясында демалғанды жақсы көремін. Тауға шығу, шаңғы, коньки тебу, шанамен сырғанауды ұнатамын. Демалыс күндері табиғат аясында кәуап пісіріп, таза ауада емін-еркін тыныққанды жаным қалайды. Қазақпын. Жылқының етін жақсы көремін. Мәскеуде күнде ет аспасақ та, анам үнемі ұлттық тағамдарды жасауға тырысады.

– Қазақстанда да шахмат дамып келеді. Таңдауың неге Ресейге түсті?

– Қазір Ресейдің жасөспірімдер құрамасында дайындаламын. Шетелде жаттығу көптеген мүмкіндікке жол ашты. Кіл мықтылар ғана қатысатын жарыстарда, дүниеxadжүзі мойындайтын шахмат клубтары арасындағы бәсекеде бағымды сынаймын. Жоғары деңгейде өтетін турнирлерге мені үнемі шақырады. Әр жарыстағы жеңіске жетудің ең қарапайым әдісі – жауапкершілік. Шахмат әлемінде өз атымды қалыптастырудың алғашқы қадамы.

– Туған жерің – Тараз. Астанада мектепке барып, шахматты бастадың. Қазір елге жиі келіп тұрасың ба?

– Қазақстанды жақсы көремін. Отанымның патриотымын. Елге жолым түскенде ең әуелі Тараздағы атам мен апама барамыз. Астанада білім алдым. Шахматтағы жеңісті жолдарым Астанадан басталды.

Әлемнің көптеген елін араладым. Маған ұнайтын, ұнаймайтын елдер бар. Өйткені әрбір елдің өзіне ғана тән ерекшелігі, артықшылығы, өз заңы, мәдениеті бар.

– Ең алғашқы жүлдең есіңде ме?

– Тұңғыш жеңісім, қуанған сәтім, тіпті қарсыласым да әлі есімде. Ең бірінші рет IV разрядты диплом алғанмын. 5 жасымда І разрядты иелендім. Жеті жасымда Қазақстан чемпионы атандым. Халықаралық шахмат федерациясын ың тарихында алғашқы рет FIDЕ-нің шебері атандым. Қазір Италияда өтетін турнирге дайындалудамын. Уругвайдың астанасы Монтевидеода 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы бәсекеде бағымды сынаймын. Шетте жүрсем де Қазақстанға, барлық жанкүйерлеріме алғыс айтамын!

Әңгімеңе рақмет!

Сұхбаттасқан Майра Жанысбай

Айқын апта. – 2017. – 9 қыркүйек

Елдос ел сенімін ақтайды

Елдос ел сенімін ақтайды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметовпен және спортшының жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиевпен кездесті.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың ақпан айында Елдос Сметов Парижде өткен Grand Slam халықаралық турнирінде қола жүлдеге қол жеткізген болатын.

«Сіз спорттық аренада еліміздің намысын абыройлы қорғап жүрсіз. Айтулы халықаралық жарыстардың чемпионы және жүлдегері, Олимпиаданың күміс жүлдегері атандыңыз. Өз табандылығыңыз бен дарындылығыңыздың арқасында байрақты бәсекелерде әлем алдында еліміздің даңқын асыра білдіңіз. Біз сізді мақтан тұтамыз. Біздің спортшылардың жетістіктері жас ұрпақтың саламатты өмір салтын ұстануға зор серпін беруде», деді Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы спортшыны және оның жаттықтырушысын жуырда жеткен жеңісімен құттықтап, оларға 500 мың және 300 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат табыс етті.

Өз кезегінде Е.Сметов Токиода өтетін алдағы Олимпиада ойындарында жеңіске жету үшін бар күш-жігерін жұмсайтынына сендірді.

«Біздің басты міндетіміз – Олимпиада алтынын жеңіп алу. Мақсатқа жету үшін аянбай күресуге уәде беремін», деді Е.Сметов.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Arai. – 2020. – 6 наурыз



Отандық бокстың оғыланы / Болат Жұмаділов

Отандық бокстың оғыланы / Болат Жұмаділов

Ел спортында Болат Жұмаділовке екі бірдей тарихи көрсеткіш тиесілі. Біріншісі, ол – қазақ боксшылары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Бұл атаққа қандасымыз 1999 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында қол жеткізді. Екіншісі – Жұмаділов екі Олимпиаданың финалында күш сынасқан Қазақстандағы тұңғыш және әзірге жалғыз былғары қолғап шебері. Ол Атланта мен Сиднейдегі жарыстың ақтық сынында өнер көрсетті. Болаттың бұдан да басқа толып жатқан жетістігі барын жанкүйерлер жақсы біледі.

Жастар арасындағы жарыстарда өз қатарының алды болған даңқты Жамбыл бокс мектебінің түлегі көп кешікпей ересектер дуында да дараланды. 1992 жылы Тамбовта өткен ТМД чемпионатында бас жүлдені олжалаған Болат көпшілік назарын бірден өзіне аударды. Жалпы сол жарыста Қазақстан құрамасы 4 алтын, 5 күміс және 2 қола медальды қоржынға салып, командалық есепте екінші орынды иеленді. Бір кереметі, 48 кило салмақ дәрежесінде бақ сынаған үш боксшымыздың барлығы да жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, Мейті Исмаилов қола алса, Сұлтан Әбдіразақов күміске қол созды. Ал Болат Жұмаділов ТМД чемпионы атанды.

Келмеске кеткен Кеңес Одағының аса жеңіл салмақтағы үздігі атанған 19 жастағы жігіттің Барселонада алауы тұтанған Олимпия ойындарына қатысуына еш кедергі болмауға тиіс еді. Себебі іле-шала қандасымыз Сеулде өткен «А» дәрежелі лицензиялық турнирге қатысып, Олимпиада жолдамасына иелік етті. Осыдан кейін Болаттың Барселонада жұдырықтасатынына ешкімнің күмәні болған жоқ. Бірақ қазақтың ұлына ондай бақ бұйырмады. Арамза бапкерлер жеме-жемге келгенде әділдікті белден басты. ТМД құрамасы сапының өзге мүшелерімен бірге Пиреней түбегіне аттанған Жұмаділовтің шаршы алаңға шықпайтыны ең соңғы сәтте белгілі болды. Бапкерлердің таңдауы ТМД чемпионатының жартылай финалында біздің өреннен оңбай ұтылған Владимир Ганченкоға түсті.

Болат айтады: Испанияға Қазақстаннан төрт боксшы аттандық. Мен, Болат Теміров, Аркадий Топаев және Николай Кульпин. Құрама бапкерлері қазақтарды көпсінсе керек, әйтеуір Испанияға табанымыз тиген бетте бізге қырын қарай бастады. Әуежайдан түсіп, қонақүйге келгенде олар әуелі Болат Теміровке килікті. Арада үш тәулік өткен соң дәл салмақ өлшеу рәсімі болатын күні Анатолий Копцев мені жеке шақырып алып, Ганченкомен алмастыратынын айтты. Көңілім су сепкендей басылса да, үндеген жоқпын. Бас бапкер «Жассың, болашағың алда, әлі Олимпиаданың талайын көресің» деп түлкіxadбұлаңға салды. Қолдан келер дәрмен болмаған соң тек бас изедім де отырдым. Соңғы екі бірдей КСРО чемпионатында 51 кило салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеген Болат Теміровтің өзіне қиянат жасаудан тартынбаған бапкерлер мені қайтсін. Содан жарысты көрермен ретінде тамашаладым. Бұл Олимпиада ТМД құрамасы үшін сәтсіз аяқталды – командаға екі жүлде ғана бұйырды. Украиналық Ростислав Зауличный күміс алса, грузиялық Рамаз Палиани қоланы қанағат тұтты. Мені алмастырған Владимир Ганченко тұсаукесер кездесуінің екінші раундында мажарстандық Пол Лакатоштан тас-талқан болып ұтылды. Ал Сеулдегі турнирде менен таяқ жеген филиппиндік Роэль Веласко қола медальды мойнына ілді.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Жұмаділовтің де жұлдызы жарқырай жанды. 51 кило салмақ дәрежесіне ауысқан ол 1994 және 1995 жылдары қатарынан екі рет Азия чемпионы атанды. Тегерандағы тартыстың қорытындысы бойынша оған ең керемет техникасы үшін арнайы сыйлық табыс етілді. 1995 жылғы дүниежүзілік додада күміспен күптелсе, 1997 жылы қола медальды еншіледі. Сол жылы Шығыс Азия ойындарында алдына жан салмады. 1999 жылы сары құрлықтың барлық мықтысы жиналған жаxadрыста үшінші орынды иеленді. Оның сыртында көптеген аса ірі халықаралық турнир, бірxadқатар матчтық кездесу бар. Сол бәсекелердің барлығында Болат намыс туын биік ұстады.

Болат Жұмаділовтің спорттық мансабындағы ең маңызды үш жарыс жайында біз жоғарыда жаздық. Енді соларға жеке-жеке тоқталайық. 1996 жылы Атланта Олимxadпиадасында қандасымыз керемет өнер көрсеткеніне сан миллион жанкүйер куә. Бастапқы бәсекелердің барлығында басымдық танытқан ол жартылай финалда өзінің «ескі танысы», германиялық Золтан Лункамен кездесті. Дәп сол боксшыдан Болат әлем чемпионатының финалында ұтылған. Кейіннен оны Галледегі турнирде жақсылап тұрып сабаған. Америкада олардың жолы үшінші мәрте қиысты. Бұл жолы да Жұмаділовтің мерейі үстем болды.

Финалда кубалық Майкро Ромеромен өткен бәсеке күні бүгінгідей көз алдымызда. Тактикалық және техникалық тұрғыдан алсақ та, бұл бір керемет жекпе-жек болғаны даусыз. Шеберліктері әбден толысқан екі боксшы аянбай айқасты. Көз ілеспес жылдамдықпен қимылдаған қырандардың өнерін тамашалаған жанкүйерлердің айыздары әбден қанды-ау. Бір қарағанда, сәл болса да, басымдық Болат жағында секілді көрінген еді. Айтқандай-ақ бәсекенің аяқxadталуына соңғы секундтар қалғанда кейіпкеріміз екі ұпай алда тұрды. Бірақ гонг естілген соң таблоға қарасақ, қарсыласы бір ұпай озған екен. Осылайша, Жұмаділовке Атлантада күміс медаль бұйырды.

Болат айтады: Финалдық сайыста ұтып жатқаныма еш күмәнім болған жоқ. Алайда төрешілер менің емес, кубалықтың қолын көтерді. Кейіннен де Майкро Ромеромен болған жекпе-жек жайында біраз әңгіме айтылды. Көп адам менің жеңгеніме шүбә келтірмеді. Бірақ мен сылтау айтып, ақталғанды ұнатпаймын. «Үйту керек еді, бүйту керек еді» деген сөздерден қашамын. Бұрын да, қазір де «барды – бар, жоқты – жоқ» деп айтқанды ұнатамын. Сол себепті бар кінәні сырттан іздеудің қажеті жоқ. Өзімізге де сын көзбен қарағанымыз жөн. Қарапайым тіршілікте қуаныш пен қайғы қатар жүрсе, спортта да дәл солай. Бірде – жеңесің, бірде – жеңілесің. Өмірдің заңдылығы солай. Әркез әділдік жеңе бермейді ғой. Олимпия ойындарының финалындағы сәтсіздігімді мен дәп солай қабылдадым.

1999 жылы Хьюстонда Болат әлем чемпионы атанды. Алғашқы айналымдарда түрxadкиялық Сүлеймен Пекдоған, армениялық Вахтанг Дарчинян және америкалық Джон Медиxadнадан мерейі үстем болған Феликс Цойдың шәкірті жартылай финалда польшалық Анджей Ржаныдың осал тұсын оңай тапты. Ал шешуші тұста ол аргентиналық Омар Нарваэстен басым түсті. Сөйтіп Болаттың есімі қазақ боксшылары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихқа енді.

2000 жылы Сидней Олимпиадасында Болаттан барша жанxadкүйер тек бас жүлде күтті. Жаxadрысxadты өте жақсы бастаған ол замбиялық Кенеди Канията, армениялық Вахтанг Дарчинянды және франциялық Жером Томаны тізе бүктірді. Финалда Жұмаділовтің жолы таиландтық Вичан Понлидпен қиысты. Бұл боксшының есімі көпшілікке беймәлім болғанымен, жасыл құрлықтағы додада ол әлем чемпионы, Панамерика ойындарының қола жүлдегері, кубалық Мануэль Мантилья мен Еуропа біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы, украиналық Владимир Сидоренко сынды саңлақтарды сан соқтырып, көпшілік назарын өзіне аударған еді. Ақтық айқаста да айдарынан жел ескен Тай елі өкілі бас жүлдені қоржынға салды. Болат екінші мәрте Олимпия ойындарының күміс медальын қанағат тұтты.

Болат айтады: Жалпы мен Тай боксшысынан «пәленбей қауіп келеді» деп күтпеген едім. Понлидті түрлі жарыстарда бір-екі мәрте көргенім бар. Шыны керек, ол кездері оның өнері маған айтарлықтай әсер етпеді. Ал Аустралия төрінде ол құлпырып шыға келді. Маған дейін де біраз мықтыны жолынан ығыстырған Понлид финалда да өзін еркін сезінді. Оның үстіне қарсыласым маған қарағанда біршама жас. Жылдамдығының арқасында ол үнемі алдымды орап отырды. Нәтижесінде алты ұпай артық жиған қарсыласым жеңіске жетті. Бұл жекпе-жекте тайландтық боксшыға есем кеткенін мен мойындаймын.

Өткенге зер салсақ, Жұмаділовтен жеңілген боксшылардың біразы кейіннен кәсіпқой рингте бақ сынады. Солардың арасынан атақтылар да шықты. Мәселен, Омар Нарваэс 2002-2009 және 2010-2014 жылдары қарсылас шақ келтірмей, екі бірдей салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы атанды. 2004-2007 және 2008-2010 жылдар аралығында Вахтанг Дарчинянның дәуірі жүріп тұрды. Владимир Сидоренко да белді нұсқалардың алтын белбеуін иеленді. Осылай ұзақ уақыт тізбектей беруге болады. Ал Болат Жұмаділов Сидней Олимпиадасынан кейін бірер айдан соң үлкен спорттан қол үзді.

Ғалым Сүлеймен

Egemen Qasaqstan. – 2020. – 13 мамыр



Арманы – Олимпиада шыңын бағындыру

Арманы – Олимпиада шыңын бағындыру / Ерболат Кәрібай

Спортта шектеу жоқ. Ол талай жанның арманына қанат бітіріп, өмірге деген құштарлығын арттырды. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар спорт арқылы өмірінің жаңа беттерін парақтап, болашаққа нық қадам басуда. Солардың бірі – ел чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, әлемдік додаларда жасындай жарқырап жүрген пауэрлифтинг спортының шебері Ерболат Кәрібай. Ол – ағымдағы жылдың 18-28 ақпан аралығында Ұлыбританияның Манчестер қаласында мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында пара пауэрлифтингтен өткен Әлем кубогының күміс жүлдегері. Бабы келіскен жас өрен осы жетістігіне небары екі жылдың ішінде қол жеткізіп отыр. Осы орайда біз де ел намысын әлемдік аренада қорғап жүрген жамбылдық спортшының жаттығу залына барып, сұхбаттасып қайтқан болатынбыз.

– Спорт шебері атану үшін алдыңа мақсат қойып, кемінде 5-6 жыл жаттығудан қол үзбей айналысу керек деген ой келеді. Бірақ жетістігіңізге қарап, бұл пікірді жоққа шығаруға болады. Жалпы үлкен спортқа қалай келдіңіз, спорт шеберінің жолы қаншалықты ауыр?

– Бала кезімнен спортқа қызығушылық танытатынмын. Бірақ бойымның аласа болғанына байланысты бұл ойымды ешқашан жүзеге асыра алмаспын деген ой мазалайтын. Уақыттың өтуімен пауэрлифтингтен алғашқы жаттырықтырушым, қазіргі «Жамбыл облыстық жауынгерлік самбо және жауынгерлік өнерінің федерациясы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Сергей Самарцевтің арқасында спортпен айналыса бастадым. Мұнымен қоса алғашқыда самбо спортымен де айналысқанмын. Кейін Руслан Греевтің қол астында жаттығуды бастадым. Білікті бапкер, өз ісінің маманы болған соң, қабілетімді бірден байқап, үлкен жарыстарға даярлай бастады. Ең бірінші жарысым – мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен ел біріншілігі болатын. Онда топ жарып, пауэрлифтингтен жастар арасында әлемдік додада бақ сынауға мүмкіндік алдым. Бұл жетістігімнің барлығы тегін емес екенін түсініп, Нұр-Сұлтан қаласының ЕХPO конгресс-орталығында пара пауэрлифтингтен өткен әлем чемпионатында жастар арасында қола жүлдеге қол жеткіздім. Соңғы жарысым – Манчестер қаласында өткен әлем чемпионаты болатын. Ондағы басты мақсат жарысқа қатысу емес, жүлдегер атану болған соң, сол мақсатымды орындадым. Міне, осының барлығы үлкен спортқа алып келген бір ғана адамның еңбегінің нәтижесі деп қарауға болмайды. Бір қарағанда, екі жылдың ішінде байрақты бәсекелерде топ жару оңай дүние болып көрінуі мүмкін. Бірақ жеңіске жету үшін сол жолда сарпыған еңбегің мен төккен терің ақталса жақсы. Мұнымен жаттықтырушым Руслан Греев жақсы таныс.

– Әрине, жеңістің оңай келмейтіні белгілі. Десе де, жетістікке жету жолында талмай еңбектенгендердің үміті ақталатыны рас. Бүгінде жаттығуға көп уақыт бөле бастаған боларсыз?

– Байрақты бәсеке, жеңіс немесе жеңіліс. Бір ғана мақсат – жеңімпаз атану, ел мерейін үстем ету. Спортшылардың барлығы мұны жақсы біледі. Сол үшін де сын-сағатта бар күшін салып бағады. Себебі мұның артындағы үлкен еңбектің еш кеткенін ешкім қаламайды. Бір сөзбен айтқанда, жарыс нәтижесі сенің жаттығуға қаншалықты көңіл бөлгеніңді көрсетеді. Сол үшін де жаттықтырушым белгілеген уақыт бойынша жаттығу залына аптасына үш рет қатынап, нұсқауын бұлжытпай орындауға тырысып бағамын. Осы орайда спорт клубындағы өрендерден үлкен үміт күтетін жаттықтырушымыздың жеке спорт залында шынығатынымызды да атап өткен жөн. Себебі өз ісінің шебері Руслан Греев – пауэрлифтингтен төрт дүркін әлем чемпионы. Сондықтан да мұндай қадамға екінің бірі бара бермейді.

– Паралимпиада ойындарында жетістікке жету жолында спортшыларға жақсы жағдай жасалғаны дұрыс. Қазіргі таңда спортшыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, олардың әлем біріншіліктерінде топ жаруына тиісті жағдай жасалған ба?

– Қазіргі жетістігімнің барлығы жаттықтырушылардың арқасы екені айтпаса да түсінікті. Осы орайда дене мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған спорт клубының жастарға көрсеткен көмегін атап өтпеске болмайды. Себебі әр спортшының жетістігін жіті бақылап, оларды жалақымен қамтамасыз ету үшін аянып қалған емес. Спортпен айналысып қана қоймай, үйреншікті жаттығу залына барғымыз келіп тұратыны да содан болар. Сонда жаттығатын аға-әпкелерімнің ішінде дәл қазір әлем чемпионатында үздік нәтижемен көзге түсіп жүргендер жоқ. Дегенмен ел біріншіліктерінде тәуір нәтиже көрсеткен Асхат Жұманов, Дәурен Мадижан, Ақылбек Хамидуллаев сынды ағаларымды атап өтпеске болмайды. Бүгінде спортшылардың алдағы арманы – үлкен жарыстардың жүлдегері атану. Спортшылардың бойында жеңіске деген сенімнің басым болуы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесі болса керек.

– Пауэрлифтинг спорты бойынша екі бірдей әлем чемпионатының жүлдегері атандыңыз. Қазіргі таңда басты қарсыластардың қатарында кімдер тұр?

– Қазіргі таңдағы нәтижем бойынша пауэрлифтингтен жастар арасында үздік үштікте тұрмын. Бірақ бұл көрсеткішті ересектермен салыстырсам, 25-орында екенмін. Ал ересектер арасында мені шаң қаптыратын спортшылар елімізде де бар. Олар шамамен 130 келілік зілтемірді еңсеріп жүр. Ал менің қазіргі жетістігім 105 келі болып тұр. Бұл маған өкініш тудырмайды, себебі қазіргі қарқыным жаман емес. Сондықтан да алдағы уақытта жоғары нәтиже көрсететініме бек сенімдімін. Пауэрлифтинг спортынан Олимпиада ойындарына спортшылар 20 жастан бастап қатысуға болатынын ескерсек, Токиода өтетін Паралимпиада ойындарына бара алмаймын. Ендігі кезекте 2024 жылы Париж қаласында өтетін Олимпиадаға дейін рейтингтегі көрсеткішімді жақсартып, сол жарыста топ жарсам деген арманым бар. Ол үшін маған 160-170 келілік зілтемірді оңай бағындыру керек. Алдағы уақытта сол нәтижеге қол жеткізу үшін барымды саламын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Сәндібек Піренов

Jambyl -Taraz. — 2020. — 18 naýryz

Елдос Сметов Түркия татамиінде топ жарды

Елдос Сметов Түркия татамиінде топ жарды

Түркияның Анталия қаласында дзюдодан кезекті Гран-при турнирі өтті. Әлемнің 78 елінен 533 дзюдошы қатысқан додада қазақстандық балуандар да бақ сынады.

Айдын Смағұлов баптайтын ерлер құрамасы 12 спортшыға сенім артты. Олар: Елдос Сметов (60 келі), Дәурен Сүйеукенов (60 келі), Әбілхайыр Мәуленин (66 келі), Сұңғат Жұбатқан (66 келі), Аңсарбек Ғайнуллин (73 келі), Жанболат Бағытбергенов (73 келі), Руслан Мұсаев (81 келі), Дидар Хамза (81 келі), Ерсұлтан Мұзаппаров (90 келі), Рега Палкин (90 келі), Әділхан Қозыбаев (100 келі), Жамбыл Тұрғыналиев (+100 келі). Әйелдер арасында ел намысын 48 келідегі Отгонцэцэцг Галбадрах қорғады.

Осылардың арасынан екеуі жүлдеге ілікті. Ерлер арасында ең жеңіл салмақта белдескен Елдос Сметов Анталия бозкілемінде чемпион атанды. Ол финалға дейін бес кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Алдымен әзербайжандық Оружа Вализадудың (вазари) осал тұсын тапса, одан кейін болгариялық Валентин Алипиевті (иппон), бразилиялық Фелипе Китадаи (иппон) және ағылшын Эшли Макензидің (иппон) жауырынын жер иіскетті.

Шешуші сында Сметов өзбекстандық Кемран Нуриллаевпен белдескен. Алғашында «вазари» ұпайын алған қазақстандық спортшы кейін қылқындыру әдісін жасап, таза жеңіске жетті. Осылайша, жарақатына байланысты Екатеринбургтегі Grand Slam турнирінен сырт қалған Елдос Сметов Анталияда атой салды.

Ал әйелдер арасында 48 келі салмақта күрескен Галбадрах Отгонцэцэг финалда косоволық спортшыға есе жіберіп, турнирдің күмісіне қол жеткізді.

Сөйтіп, Түркияға барған 13 балуанның екеуі жүлдеге ілігіп, Қазақстан жалпыкомандалық есепте үшінші орынға табан тіреді. Бірінші және екінші орынды Грузия мен Әзербайжан командалары өзара бөлісті.

«Гран-при сыны жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырылу жағынан кемшілік жоқ, спортшылардың деңгейі өскен. Белдесулер кезінде жанкүйерлердің, халқымның қолдауын сезіндім. Жақында жарақат алғанымды білесіздер. Иығымды ауыртып алған соң, Екатеринбургтегі Grand Slam додасынан бас тартқан едім. Араға аз уақыт салып, Анталиядағы сында топ жардым. Дәрігерлер денсаулығымды бақылап отыр. Жарақатымнан жүз пайыз айығып кеттім деп айта алмаймын. Иығым әлі де болса ауырады. Одан бөлек, белдесу кезінде қарсыласым тіземнен теуіп, тағы да ауырсынып қалдым.Дегенмен, бұл – спорт. Спортта мұндай кішігірім жарақат көп кездеседі. Ең бастысы – әрі қарай ушықтырып алмау керек. Токио Олимпиадасына іріктеу сынында жоғары ұпай жинап, төртжылдық додасына жолдама алуды басты мақсат тұттым. Бұйырса, сол ойымызды жүзеге асыруға тырысамыз»,– дейді Елдос Сметов.

Осы Анталиядағы Гран-приден кейін Халықаралық дзюдо федерациясы сәуір айына арналған әлемдік рейтингті жариялады. Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов бесінші орынға көтерілген. Сметовтің қоржынында 4380 ұпай бар. Ал 60 келі салмақтағы балуандардың көшін ресейлік Роберт Мшвидобадзе бастады. Екінші орында жапондық Руджи Нагаяма тұр. Үшінші және төртінші орынды грузиялық Амиран Папинашвили мен жапониялық Наохиса Такато бөліскен. Осы салмақтағы тағы бір қазақстандық Ғұсман Қырғызбаев 2882 ұпаймен 13-орынға жайғасқан.

Қазақстан балуандарынан алғашқы ондықта Ерлан Серікжанов (9-орын, 66 келі), Галбадрах Отгонцэцэг (8-орын, 48 келі) бар.

Ұлан. — 2019. — 16 сәуір

Әбілхан — әлем жүлдегері!

Әбілхан — әлем жүлдегері!

Өткен апта басынан облысымыздың спорт саңлақтары байрақты бәсекелерде топ жарып, қоржынымызды майлауда. Соның бірі – Германия мемлекетіндегі әлем чемпионатында жерлес боксшымыз Әбілхан Аманқұлдың күміспен күптелуі.

Күні кеше «Әулиеата» әуежайында былғары қолғап шеберін облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов бастаған бірқатар жамбылдықтар қарсы алып, құрмет көрсетті. Аталмыш мемлекеттің Гамбург қаласында өткен ересектер сайысына әлемнің 85 мемлекетінен 300-ге жуық күрзі жұдырықтылар қатысты. Кіл мықтылармен шаршы алаңда қолғап түйістірген жерлесіміз бес кездесу өткізіп, төртеуін жеңіспен тәмамдаған. Ол аймақ атынан ҚР Ұлттық құрама командасының сапында өнер көрсеткен болатын. – Құрметті спортсүйер жанкүйерлер, қонақтар! Әбілхан – Болат Ниязымбетов, Болат Жұмаділов, Ермахан Ибраимов, Бақтияр Артаев, Ғани Жайлауов секілді талантты бокшылардың жалғасы. Міне, бүгін баршаңызды кезекті жүлдесімен қуантып отыр. Алда сені Олимп шыңы күтіп тұр. Бұл бәсекеде сені тұғыр төрінен көреміз деген сенімдемін, – деген Ерқанат Нұрбапаұлы облыс басшылығы атынан жүлдегердің ата-анасы мен жаттықтырушысына алғысын айтты. 75 келі салмақта 4 кездесу өткізіп, қарсыластарын ақтық мәреге дейін тізе бүктірген боксшымыз шешуші сәтте ресейлік спортшыға есе жіберіп алды. Алайда жерлесіміз жар- тылай финалда әзірбайжандық, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Камран Шахсуварұлын, ширек финалда әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының жеңімпазы, кубалық Арлен Лопесті жеңген болатын. Әбілхан бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті. Байрақты бәсекедегі жүлдесі үшін оған аталмыш оқу ордасының бірінші проректоры Асқар Абдуалы университет басшылығы атынан білім грантын табыстады. Жүлдегерімізді бәсі жоғары аламанға баптаған жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков бұл жүлдені тыңғылықты дайындықтың арқасы деп біледі. – Дайындық жұмыстары Астана қаласында өтті. Үздіксіз 2 айдан аса жаттығу жүргіздік. Бастапқы кездесулер ол үшін қиынға соқпады. Өздеріңіз көргендей, Олимпиаданың оғландарын да ойсырата ұтты. Енді азғантай үзілістен соң жаттығуын жалғастырып, Токио Олимпиадасына дайындаламыз, – дейді жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков.

Толғанай Атабай

Жамбыл-Тараз. — 2017. — 6 қыркүйек

Ақжолтай Ақжүрек

Ақжолтай Ақжүрек

Парижде өткен әлем чемпионатында 70 килоға дейінгі салмақта Ақжүрек Таңатаров Қазақстан қоржынына қола медаль салды. Ширек финалда италиялық Франк Чамизо Маркестен жеңілді. Маркес деген бір жампоз. Жолындағының бәрін қиратып, финалдың ауылына атойлап кіріп кетті. Соның арқасында Ақжүрек жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алды. Алдымен өзбекстандық Ихтиёр Наврузовты жеңді. Әлем чемпионатына осал балуан келмейді. Ихтиёріңіз Рио-де-Жанейро олимпиадасында қола медаль алған. Риодан кейінгі әлем чемпионатында финалға шыққан. Азия чемпионаттарында талай рет топ жарған оғлан осымен екінші рет Ақжүректің қанжығасында кетті. Таңатаровпен әлем чемпионатының қола медалі үшін кілемге шыққан түрік Якуб Гора әлем және Еуропа чемпионаттарында жүлде теріп жүрген жігіт.

Алғашқы кезең тепе-тең өткенімен, екінші бөлікте Ақжүректі кілем шетіне жыққан Якуп біздің балуанның аяғын сағыздай созып тартты-ай келіп.

Мұндайда жаттықтырушылардың жаны кеудесінен шығып кете жаздайды. Қазақстан еркін күрестен үміт етіп отырған жүлде қызыл түлкідей көз алдыңда бұлаңдап кетіп барады. Таңатаров талай рет таңғалдырғанымен бұл жолғы жеңісіне сену өте қиын еді. Атой салып түріктің қамалын бұзғанымен, әбжіл жігіт төрттағандап алдырмайды. Оған да қола медаль ауадай керек. Төреші түрікке ескерту жасады. Тоғыз секунд қалғанда Ақжүрек «ұрыста тұрыс жоқ» деп, бар қайратын бойына жиып, шабынған арыстанша атылды. Соңғы секундтар. Түрікті бұқаша сүзген қалпы дырылдатып кілемнің сыртына шығарады. Жеңіске бір ұпай аз еді. Зу етіп артына шығып кетті.

Якуптың жаттықтырушысы басын ұстап, ойбайлады да қалды. Әлгінде ғана қолда тұрған қола медаль жанкешті қазақтың мойнында кетіп бара жатыр.

Париж спорт залындағы аз қазақ сарайды мойнына іліп кетердей ұран салады.

Соңғы секундта жүлдені жұлып алды-ау сабазың. Ақжүрек Таңатаровтың Лондон олимпиадасындағы ерлігі тағы да еске түсті. Көбіне құрамадағы тау халықтары балуандарының көлеңкесінде жүретін Таңатаровқа да кезек келіпті, әйтеуір. Жолдаманы жеңіп алғаны болмаса, әлемдік жарыстарда олжа салған кезі жоқ. Төрт рет Қазақстан чемпионатында топ жарған. Қазақстан кубогының жеңімпазы. Бар болғаны осы. Бірақ, бас бапкер Алтай Танабаевтың құсы 66 кило салмақта осы Ақжүрекке түскен. Қазақ баласы күрессін деген.

Олимпиада алдындағы оқу-жаттығу жиынына тауға іздеп бардық. Бас бапкер Алтай Танабаев сұңғыла жігіт қой.

– Жүрегім сезеді. Лондонда қазақтың бір баласы жүлде алады. Уәде беремін, – деген.

Ол жолы құрамада әлем чемxadпионаттарында жасындай жарxadқылдаған қазақ балуандары қос Дәулет бар. Халықаралық жарыстарда топ жарғандары көп.

Басталды. Елеусіздеу жүретін Ақжүрек украиналық Андрей Квятковскийді еліне қайтарды. Ширек финалға армян үміті Давид Сафарянды тастап кетті. Жартылай финалға ат ойнатып шықты. Қарсыласы үнді Сушил Кумар. Оны ұтса – ақтық сын. Обалы кәні, Сушил Кумардың екі аяғын бір етікке тығып жіберді біздің Ақжүрек. Үнді балуа- ны жаны ышқынғаннан харам әрекеттерге барды. Көріп отыр- мыз. Кумарды құмары қанғанша илеп жатқан Ақжүрек бір көзін ұстаған қалпы аунап кетті. Бір жақ құлағынан қан саулап тұр. Сөйтсе, үнді жігіті жеңіліп бара жатқан соң құлағын тістеп алғаны аздай көзіне саусағын тығып алған. Ортадағы төреші мелшиген қара тастай былқ етпейді. Көпе-көрінеу Ақжүректі Кумардың астына салып берді.

Біздің бапкерлер де қарсылықты кештеу білдірген.

Қола медаль үшін тартыста біздің Ақжүрек түріктің атақты балуаны Рамазан Сахинді жеңді. Айтуға ғана оңай. Рамазаныxadңыз 2008 жылы Бейжің олимпиадасының алтынын мойнына таққан жігіт.

Әлі есімізде. Бауырымызды күтіп алдық. Құлағы таңулы, бір көзі қызарып кеткен Ақжүрек жаңа ғана олимпия ойындарының жеңімпазын жерге қаратқанын білмейтіндей еркін. Есесіне, бас бапкер Алтай Танабаев ботадай боздап келеді.

– Бәке, айтым ғой қазақтың бір баласы жүлде алады деп. Уәдеде тұрдық.

Ақжүректі тік көтеріп алған Дәулет Шабанбай да еңіреп жүр. Біз көңілшектеуміз. Біздің көзден де қуаныштың көз жасы бұрқ ете қалған.

Лондондағы атақты жеңісінен кейін Ақжүректің қолы жүрмеді. Елішілік чемпионатта мықты жігіттер шықты. Риоға бара алмады. Жолы түспеді.

Бапкерлер де үлкен спорттан кетем десе, тосқауыл болған жоқ. Бірақ, отыздан асқан жігіт ағасы кілеммен қоштаспады. Азия чемпионатының алдында Қазақстан біріншілігі өтті. Финалда қызылордалық балуан бірінші кезеңде Таңатаровты 4:0 есебімен жеңіп тұрды. Жарыс Шымкентте өткен. Көріп тұрып іштей аядық. Болдырған екен деп. Жоқ, екінші кезеңде қарсыласын керіп тастады. Одан соң Азия чемпионатына барды. Нью-Делиде өткен чемпионатта Қазақстан құрамасының жампозының жолына ешкім тұра алған жоқ.

Енді, міне, отыздан асқан шағында әлем чемпионатының қола медалін мойнына ілді.

Айтқандай, Лондон олимпиадасында әр елдің балуандары «Спортқа лайық емес әрекет жасадың» деп Сушил Кумарды жүндей түткен екен. Су тиген тауықтай сүмірейіп келіп Ақжүректен кешірім сұраған екен. Жаттықтырушымен. Кешіріпті біздің батыр. Атасы қазақ «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деп ұрпағына нақыл қалдырған. Міне, біздің Ақжүрек бауыр осындай жігіт.

Бақтияр Тайжан

Егемен Қазақстан. — 2017. — 5 қыркүйек