Ол — тектінің көзі, асылдың сынығы еді. Әкесінен жастай қалды. Гүлнар Дулатова әкесі Міржақып және басқа да Алаш зиялылары туралы құнды құжаттарды көзінің қарашығындай сақтап, жинақтап, жарияға шығарған жан.
Құрметті оқырмандар! Сіздердің назарларыңызға Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты естелік кітапты назарларыңызға ұсынамыз.
Дулатова, Г.М. Алаштың сөнбес жұлдыздары [Мәтін] : [естелік-эссе] / Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова. — Алматы: Мектеп, 2023. – 264 б.
Гүлнар Міржақыпқызы жариялылық басталысымен-ақ, қолына қалам алып, соңына мол мұра қалдырды. Ол 1988 жылдан бастап кешегі күнге дейін мерзімді баспасөз беттеріне көптеген мақала, очерк, естелік, эссе жазып тұрды.
«Гүлнар Дулатова Алаш зиялылары ұрпағының атынан Алаш зиялыларының жоқтаушысы ретінде қазаққа көп еңбек сіңірген азамат. Азамат деген сөзіміздің негізі бар. Өйткені, бұл кісі әкесінің ақталуы жолында көп еңбек етті. Оның әкесіне деген махаббаты, бүкіл Алаш зиялыларына деген махаббаты, солардың мұратына, идеясына деген адалдыққа ұласқан», — дейді алаштанушы ғалым Дихан Қамзабек.
Гүлнар Міржақыпқызының қос кітабында да Алаш ардақтылары жөніндегі беймәлім деректердің көбісі жарияланған. Алаштанушы ғалымдардың айтуынша, қазақ зиялыларының 70 пайызға жуық фотосурет Гүлнар Дулатованың қолында ұзақ жылдар бойы сақталған.
Саяси қуғын-сүргіннің зардабын әкесі тартса да, қызы Гүлнарға да оның кесірі тимей қоймады. Тағдырдың қатал сынына мойымаған жан Алашорда арыстары жөніндегі мәліметтерді бүгінгі ұрпаққа аманат етуді киелі парыз деп санаған.