Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына — 30 кітап» атты бүкіл халықтық рухани-мәдени акциясы ұсынылып отыр. Акция аясында ел болып оқитын кітаптар, үлкенді сыйлау, сөз тыңдау, ата дәстүрін құрметтеу сияқты дәстүрлерге мән беруге, рух, жан тазалығын, шынайы қасиеттерді сүйіп, толғанулармен оқырман жүрегінде орын табады деген сенімдеміз.
Аталмыш акция аясында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына — 30 кітап» атауымен танымал қазақстандық авторлардың поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы 30 үздік шығармасы жалпыхалықтық оқуға іріктелді. 30 үздік шығармалардың қатарына Думан Рамазанның «Пешене» атты кітабы да бар.
Осыған орай Тараз қалалық Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №6 кітапхана меңгерушісі Әйгерім Бекпатшаева оқырмандарға талантты жазушы, дарынды драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Думан Рамазанның «Пешене» атты трагедиясына театрландырылған оқу ұйымдастырды.
Думан Рамазанның жаңа жинағына «Керей-Жәнібек», «Пешене», «Бейуақ», «Қанатталды», «Кек» атты драматургиялық төл туындылары мен шетел қаламгерлерінен аударған, пьесалары топтастырылған.
Автор тарихи һәм қазіргі тақырыптарға қатар қалам тербейді. Көркем шығармаларда тарихи тұлғалардың ақыл-парасаты, келешекке көз тастар көрегендігі, тереңнен ойлап, кеңінен байлам жасар кемеңгерлігі, ел бастар көсемдігі, сөз бастар шешендігі мен қол бастар батырлықтары айрықша айшықталса өзімізге етене таныс бүгінгі күн каһармандарының тыныс-тіршілігі мен іс-әрекеттері ерекше суреткерлік шабытпен кестеленген. Шығармалардың тілі шырайлы, ойы орамды көркемдік қуаты жоғары.
Қалалық мәдениет үйінің әдістемілік бөлімінің әдіскері Аян Тынышбек пен №6 кітапхананың кітапханашысы Ақмоншақ Жұбатғанова бірігіп оқырмандарымызға театрландырылған көрініс көрсетілді.
Кітапхана қызметкерлері «Бір ел — бір кітап» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, насихаттады.
Думан Рамазанның аталмыш туындысын біздің кітапханамыздың сөресінен де таба аласыздар.
Айнұр ҚАБЫЛОВА,
Тараз қ. ОККЖ №6 кітапхананын кітапханашысы
Aq jol. – 2021. – 13 шілде