Дымбілмес Күн қаласында

Бұл жолы Сіздерге Николай Носовтың «Дымбілмес Күн қаласында» атты ертегі-романын ұсынамыз.

     Шығарма — өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының орта шенінде жарық көрісімен-ақ Кеңес Одағындағы, сондай-ақ дүние жүзіндегі көптеген халықтардың тілдеріне аударылған, миллиондаған оқушылардың ыстық ықыласына ие болған туынды.

     Шығарма кейіпкері Дымбілмес (орысша есімі — Незнайка) — ертегілер елінде, ергежейлілер қаласында өмір сүретін құртақандай ғана сүйкімді балақан. Есімінің Дымбілмес болуы да кездейсоқ емес, әрине. Өзі құралыптас балақандар сияқты, ол да талай-талай тәтті қиялдарға бой алдырады. Бірақ әрдайым сәтсіздіктер мен күлкілі жайларға ұшырап қала береді. Сонда да қиялдауын, керемет бір ғажап істер тындырып тастауға, әртүрлі қызықты саяхаттарға шығуға құштарлығын қойған жоқ. Осының арқасында оның басынан талай-талай ғажайып оқиғалар өтеді. Сиқырлы таяқшаның құдіретімен орын алған таңғажайып жайттар шебер баяндалған. Саяхаттауға шыққан кейіпкерлер жаңа достармен танысып, Күн қаласындағы озық технология, заманауи қызмет көрсету түрлеріне таңырқаумен болады.

   Жазушы Дымбілместі ар-ұжданымен сөйлестіру арқылы балаларды адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеп, жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады. Соның бәрін орыстың аса шебер балалар жазушысы Н.Носов үш ертегі-романға арқау етіп, қызғылықты баяндайды. «Дымбілмес пен достарының хикаялары» (Приключения Незнайки и его друзей»), «Дымбілмес Күн қаласында» («Незнайка в Солнечном городе»), «Дымбілместің Айға саяхаты» («Незнайка на Луне») деп аталатын шығармалар әрқайсысы жеке-жеке күйінде де, бір мұқабаның ішіне біріктіріліп те, жоғарыда айтқанымыздай орыс тілінде, сол кездегі Кеңестер Одағының және дүние жүзінің көптеген халықтарының тілінде сан мәртебе басылып шықты. Жазушының атағын бүкіл әлемге жайды. Қай халықтың тілінде шықса да балалардың, олардың ата-аналарының шексіз сүйіспеншілігіне ие болды. Өйткені балаларының бас алмай, құмартып оқитын шығармаларына ата-аналарының да немқұрайлы қарай алмайтыны белгілі. Мұның үстіне Н.Носовтың Дымбілмес пен оның достары туралы жазылған кітаптары — жас жеткіншектерді ғана емес, балалық бал дәуренді әлдеқашан артқа тастаған ересектерді де бірдей баурайтын тартымды туынды.

     Н.Носов бірде өзінің осы шығармасы жайында айта келіп, бұл ертегі-романдарында да ол (барлық өзге шығармаларындағы сияқты) адамгершілік, батылдық, досқа және жолдасқа адалдық, жігерлілік, алға қойған мақсатқа жету жолындағы табандылық қасиеттерді сөз ететінін, даңғойлық, қызғаншақтық, қорқақтық, өтірікшілік, мақтаншақтық, дөрекілік сияқты адамдардың бойында кездесіп қалатын ұнамсыз қасиеттерді әжуалайтынын айтқан еді. Көркемдік дәрежесі жоғары, тәрбиелік қуаты мол осы ғажап трилогияға 1969 жылы РСФСР-дың Н.К.Крупская атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілген.

     Шығарма авторы туралы бірер сөз: Н.Носов 1908 жылы туып, 1976 жылы қайтыс болған. Қолынан қаламы түспеген қырық жылдай уақыт ішінде ол аталмыш трилогиядан басқа «Көңілді семья», «Коля Синицынның күнделігі», «Витя Малеев мектепте және үйде» (1952 жылы бұл шығармасы СССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды), «Досым Игорь туралы хикая», «Құдық түбіндегі құпия» атты хикаяттар мен көптеген әңгімелер жазды. Оның қаламынан шыққан дүниелердің барлығын — балалар әдебиетінің шын мәніндегі асыл туындылары, ешқашан маңызын жоймайтын классикалық шығармалар деуге болады.

     Әлемге әйгілі жазушысының шығармалары балаларға да, ересектерге де арналған.