Ел тірегі — жас ұрпақ

«Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің №7 кітапханасы №19 орта мектеп оқушыларымен бірлесе отырып «Жастар — кітап әлемінде» жобасы аясында «Ел тірегі — жас ұрпақ» атты калейдоскоп өтті.

 Калейдоскопты өткізудегі мақсат — жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру, ақын-жазушылардың шығармаларымен таныстыра отырып, өздерінің талғамдарына сай әдеби шығармаларды таңдауға көмек көрсету, шығармалардағы жазылған әңгімелердің негізгі түйіні мен қандай тәлім-тәрбие көрсеткісі келгендігін аша білуді үйрету.

Бауыржан Момышұлының «Қайратыңа әдісіңді жолдас ет, әдісіңе ақылыңды жолдас ет» дегеніндей, жас ұрпаққа қайратты, ақылды, ойын ашық жеткізе алатын, батыл әрі әділдікті ту еткен азамат болып өсулері үшін ата-баба жолын және мәңгілік есте қалар ерліктерін ұмытпау керек екендігін насихаттау аса маңызды. Қазіргі таңда жастар арасында бос уақыттарын интернет желісінде өткізу кең таралып кеткені баршамызға мәлім. Бұл мәселемен күрес барысында кітаптарды насихаттау, оқырманның зейінін ашу, қызығушылықтарын арттыру үшін көп еңбектенуіміз қажет.

Осыған орай шарада оқушыларымыздың мәнерлеп оқыған өлеңдерін тыңдай отырып, ой-өрістерін кеңейтуге, ой-ұшқырлықтарын шыңдауға арналған әртүрлі ойындар ойнатылды. Оқырманға «Ел тірегі — жас ұрпақ» атты көрме көрсетіліп, отандық шығармалармен шектелмей, шетел әдебиетінен Дейл Карнегидің «Алаңсыз өмір сүру қағидалары» атты бестселлеріне, тағы да баска кітаптарға шолу жасалды.

  Ж.Сихымбаева,

Тараз қ.  ОККЖ №7 кітапханасының кітапханашысы

Jambyl-Taraz. — 2024. — 19 желтоқсан (№100-101). — 2 б.