Кеңес Одағының халық әртісі, Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, әйгілі әнші Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев.
Қазақ халқын бүкіл әлемге танытқан, халық әндері мен халық композиторларының мәңгі жасайтын інжу-маржан шығармаларына табынып, құлшына шырқаудан танбаған, сондай-ақ, орыс және батыс классикалық туындыларын келіміне келтіріп, кемел орындаумен ерте танылған тау тұлға.
Ұлт мәдениетінің, әсіресе, классикалық музыка өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. Ол өнердегі жолын Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында оқи жүріп, 1947 жылы Абай атындағы опера және балет театрында қойылған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің классикалық туындысы — «Абай» операсындағы Абай партиясын орындаудан бастады.