Естен кетпес кітапхана түні

Үміт Битенова кітабының тұсауы кесілді

 Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Республикалық «Кітапхана түні» акциясы аясында «Кітап арқылы ашылған сырлы әлем» атты мерекелік кеш өтті. Іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев ашып, оқырман қауым үшін кітаптың құндылығына тоқталды. «Кітапхана – білім мен ғылымның ордасы. Онда өтетін іс-шаралардың маңызы үлкен. Алдағы уақытта да зиялы қауым, ардақты ардагерлермен асыл қазына кітапқа қызығушылықты арттыра бергеніміз жөн. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстарға қолдау білдіру оңды іс. Бүгінгі іс-шараға табыс тілеймін», – деді Еркін Құлымбайұлы.

Мұнан соң аталған акция аясында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Білім беру саласының үздігі Үміт Битенованың «Балабақшадан басталған» атты мемуарлық романының тұсауы кесілді. Бұл шығарма ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасының «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша 3 мың данамен жарық көріп отыр.

Аталған кітаптың тұсауын жазушы-драматург Елен Әлімжан, ақын Қайырбек Асанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республика лық қоғамдық бірле стігі филиалының басшысы Қасымхан Төлендиев кесіп, ақ жол тіледі. Сондай-ақ іс-шараға Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмайл, облыстық мәслихаттың депутаты Жұмахан Тәңкебаев, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Амангелді Кәрентаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Ұстаз» институтының директоры Орынқыз Жолдасова, аталған институттың маманы Нарима Есенова, халықаралық Тараз инновациялық институтының оқытушыпрофессорлары Алмасбек Белботаев, Меңдібай Әбілов сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ бұл тұсаукесерге Талас ауданы әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова, Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Нұралиев, облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, Талас аудандық Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының директоры Кенже Пірман қатысып, қуанышты сәтке ортақтасты. Жиналғандар алдында ақын Үміт Битенова патриоттық тақырыптағы өлеңдерін оқып, тұсауы кесіліп жатқан кітабы жайлы ой қозғап, оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Мұнан соң «Болашақ» мектепинтернатының 6-сынып оқушысы Алмат Жұматаев «Құстар қайтып барады» әнін (Нұрғиса Тілендиев) мәнеріне келтіре отырып шырқады. Дәл осы іс шараға Тараздағы №3 мектеп-лицейінің мұғалімі Әсел Дәуренбекова 3 перзентін, бірнеше оқушы шәкірттерін арнайы алып келіпті. «Бағдарлама бойынша түсіндіргеннен гөрі жазушы ақындарды қасынан көру оқушыларды ғажайып әсерге

бөлейді», дейді ол.

Мұнан соң Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева қонақтарды ішке бастап кірді. Мұнда қонақтар «Әжемнің ертегісі», «Қарақшылар мекені», «Гномдар шеберханасы», «Кереметтер алаңы», «Демалыс аралы», «Жастар – кітап әлемінде» атты бағыттар бойынша әсерге бөленді. Тіпті «Қорқыныш алаңдары» бойынша қараңғы бөлмелерге бас сұғып, шынайы қорқып, үрейге де бой алдырды. Мұның бәрінің әсері ерекше болды.

– Біз қай кезде де оқырмандармен абыройлымыз. Сондықтан іс-шараларға зиялы қауымды және оқырмандарды жиі шақырамыз. Бүгінгі «Кітапхана түні» акциясы аясында да сан түрлі жоспарымыз жүзеге асты. Қонақтардың лауазымына қарамастан, қорқынышты бөлмелердегі оқиғаларды көрсеттік. Іс-шараға келген лауазымды қонақтарға, ақын-жазушыларға, оқырмандарға алғысымыз шексіз, – дейді аталған орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Сәулебаева.

 Есет ДОСАЛЫ

Ақ жол. – 2022. – 4 шілде