Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №4 кітапханасында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Екі ғасырдың жырауы» атты поэтикалық жыр кеші өтті.
Кеш барысында ақын, Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман, №63 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Пиримкулова және Жамбыл жоғары политехникалық колледжі директорының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Данияр Мамытбеков ұлы жыраудың мұрасының маңызы жайлы ой бөлісіп, жастарды қазақ әдебиетін қастерлеуге шақырды.
Сонымен қатар кітапхананың тұрақты оқырмандары — Айгерім Амангелді, Айзере Бақытжанқызы, Нұрсері Мұрат, Кәусар Шымкентбай Жамбыл жырларынан үзінділер оқып, ақын поэзиясындағы терең ой мен тағылымды мазмұнды жеткізе білді. Ал кітапхана қызметкерлері «Жыр дүлділі» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, ұсынылған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасады. Оқырмандар назарына жыр дүлдүлінің өмір жолы мен шығармашылық әлемі кеңінен таныстырылып, оның елдік пен ерлікті, адамгершілік пен отаншылдықты арқау еткен өлеңдері оқылды.
Кеште жас термеші Мансұр Әлішев «Алпамыс батыр» жырынан үзінді орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ал айтыс өнерінің өкілдері Дидар Апбасов пен Медеу Мырзатай шеберліктерін көрсетіп, жиылған қауымды тәнті етті.
Жалпы, жыр рухы асқақтаған тағылымды кеш көпшілікке ерекше әсер қалдырып, Жамбыл мұрасының өміршеңдігін тағы бір мәрте айқын көрсетті.
Аман Есен
Jambyl-Taraz. — 2026. — 25 ақпан