Бүгінгі әдебиетіміз — барлық жанры иық сүйене дамып отырған күрделі әдебиет. Оның мән-жайын түсіну мен түсіндіру міндеті қай кездегіден де ауырырақ. Соңғы жылдары проза жанрында повестер кернекті орынға ие.
Құрметті оқырмандар, наурыз айында Ай кітабы бетіне Тараздық белгілі қаламгер Кәрім Баялиевтің туылған күніне орай «Адам ізі» атты повестер жинағын ұсынамыз.
Баялиев, К. Адам ізі [Мәтін] : повестер / Кәрім Баялиев. — Алматы : Атлас, 2002. – 272 б.
Кәрім Баялиев 1 наурызда 1927 жылы Әулиеата (қазіргі Тараз) қаласының батыс жағындағы Билікөлдің жағасында туған. Алматы мемлекеттік заң институтын бітірген. Облыстық әділет басқармасы бастығының орынбасары, мұғалім, облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінде әдеби қызметкері, Қазақ радиосының Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық кеңесшісі қызметтерін атқарды.
Оннан астам прозалық жинақтардың авторы Кәрім Баялиевтың есімі оқырман қауымға жақсы таныс. Жинаққа қаламгердің “Адам ізі”, “Нөсер”, “Тойбастар” атты үш повесі беріліп отыр.
«Адам ізі» повесінде адамгершілік, ілтипат мәселесін көтереді. Мамандық алу, жұмыс жоспарын артығымен орындау жақсы-ақ, бірақ бұлармен ғана өмір сұраулары мен борыштары түгелденбейді. Адам өз мүддесін ғана көздемей, өзгелердің де жай-күйіне көңіл бөлуі керек. Сонда ғана өмір жарасымы, келісімі тумақ, қоғам мен адам тіршілігінің сәйкестігі жасалмақ. Повестің бір кейіпкері «жүрегің сұлу болса ғана, жер бетіндегі ісің сұлу» дейді. Жазушы қолынан өнер төгілген Мәлік деген жас жігіттің еңбектегі табысына мастанып, тәкаппарлыққа түскенін, ақыры сол мінезінен опық жегенін көрсетеді. Оның есесіне әшейін де көзге елеусіздеу жүретін Әмірдің бойында қарапайымдылық, адамгершілік, жүрек жылылығы бар екенін оқиғалар өрілімі үстінде аңғартады. Повесте бұдан басқа да тағдырлар жайы сөз болады.
Сүйсінерлігі сол — автор өмір проблемаларын талдап, тексеру жасап, жауап айтуды көздеген және дәл қазіргі замандастар тіршілігінен сенімді оқиғалық байланыстар таба білді.
Кітап Тараз қаласының 2000 жылдығына орай жарық көрді. Көпшілік оқырман қауымға арналған.