Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің Абай атындағы орталық кітапханасында Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай «Мәдениет пен өнер — рухани өміріміздің мәйегі» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
Кеш қонағы болып Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының әртісі, ҚР мәдениет саласының үздігі, кино және театрдың ардагер актрисасы Галина Қойшыбаева, осы театрдың белді актері Абу Шонбаев, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының мәдениет қайраткері Разия Мәдіханова қатысып, өздерінің өнері жайлы, өмірі туралы ой бөлісіп, шығармашылық турасында сөз қозғады.
«Өнер жолы — қызығы да, шыжығы да қатар жүретін өте ауыр жол. Өз мамандығын жақсы көру, адал болу — адамдықтың белгісі. Өнер ұшан-теңіз, соған батып кетпей, ерінбей малтый білген адам ғана шың басына шыға алады. Ізденіс пен талпыныс зау биікке жетелейді», — деді Разия Мәдіханова сөз арасында. Ал әңгімені балалық шағынан бастаған Галина Қойшыбаева бала кезінен ат құлағында ойнаған малшының қызы болғанын айта келе, оқуға, өнерге махаббатпен келгенін айтып: «Ізденбейтін шәкірттен артист шықпайды. Арманы жоқ адам — өлген адам. Театр әртісі сомдайтын рөлін толық зерттей білуі керек. Тіпті адамның рөлін алғанда, нақ сол адам сөйлегенде қандай мәнермен сөйлейді, әңгіме айтқанда қандай әрекеттер жасап тұрады, соның бәрін зерттеп білуі керек», — деп жастарға үлгі-өнеге болар әңгімелерімен бөлісті.
Кездесудің соңында кітапхана қызметкерлері өздері дайындаған «Дархан дарын» атты кітап көрмесін оқырмандар назарына ұсынып, Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Сәулебаева өнеріміз бен мәдени мұрамызды насихаттаудағы мәртебелі мамандық иелерінің еңбектеріне жеміс, шығармашылықтарына табыс тіледі.
Шапағат Әбдірұлы
Jambyl -Taraz. — 2021. — 26 mamyr