XIX ғасырдың аяғы мен XX бас кезінде өмір сүрген, шығармашылығы ешкімге ұқсамайтын, өзіндік қолтаңбасы бар қазақ ақынының бірі. Ол өзінің өлеңдері мен поэмалары, мысалдары мен әңгімелері арқылы ғана емес, ауыз әдебиетінің не бір асыл үлгілерін меруерттей тізіп хаттап, жинаумен де жұртқа кеңінен танылды.
Құрметті оқырмандар Ай кітабы айдарына қақатың біртуар төл перзенті, ақын, ағартушы, тарихшы, фольклоршы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына орай бес кітаптан тұратын Таңдамалы шығармалар жинағының бірінші кітабын ұсынамыз:
Көпейұлы, М.Ж. Таңдамалы шығармалар жинағы [Мәтін]. 1 кітап. Өлеңдер / Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. ; [құраст. Ж. Салтақова]. — Алматы: [баспасыз], 2023. — 312 б.
Белгілі ақын, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларын жариялау, бастыру кешеуілдеп, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қолға алынды. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани мол мұрасы — нағыз парасаттылықтың, инабаттылықтың, киеліліктің, ар-намыс пен тектіліктің жарқын үлгісі. Бұл мұра — қазақтың тарихын түгендеуде, әдебиетін жүйелеуде таптырмас алтын қазына.
Жинаққа ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейүлының дін, шариғат, ғылым, білім туралы, өмірбаяндық жырларымен қатар, 1907 жылы Қазан қаласында жарық көрген туындылары енді. Бұл кітапқа әртүрлі тақырыптағы және өмірбаяндық «Мәшһүр» атты қалай алғандығы туралы», «Мәшһүрдің қырық алты жасында сөйлегені», «Нәпсіңді атқа мінгізбе», «Жарты нан», «Аңқау адам туралы», «Ит дүние», «Ұқыпты әйел», «Ақыл туралы», «Салақтық дерт», «Иса Шорманұлы», «Ағайын», «Бұхара сапары» және де басқа өлеңдері енгізілген.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев есімінің ел ішінде аңызға айналуына ақындығы ғана емес, халық ауыз әдебиетінің үлкен жанашыры болған. Ол ауыз әдебиетінен еліміздің барлық өткен-кеткен жағдайын, тұрмысын, салт-санасын, бай дәстүрін, қилы-қилы тағдырын байқай білген зерделі жан. Өлең-жырдың, басқа да сөз асылының халық өміріндегі рөлін жете түсінген Мәшһүр оны жасынан құлай сүйген, жаттап өскен, хатқа түсіріп сақтай отырып, кейінгі буынға жеткізген.
Кітап фольклортанушы, әдебиеттанушы ғалымдарға, жоғары оқу орындарындағы филология факулътеттерінің студенттеріне, магистранттары мен PhD докторанттарына, жалпы қалың көпшілік оқырман қауымға арналған.