Көсемәлі Сәттібайұлы

Көсемәлі Сәттібайұлы

Көсемәлі Сәттібайұлы (3.2. 1959 жылы туған, Талас ауданыАмангелді ауылы) – жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналист мамандығы бойынша бітірген (1985). 1976 – 77 жылдары Жамбыл облысы, Талас ауданына қарасты А. А. Жданов атындағы кеңшарда құрылысшы болып жұмыс істеген. 1979-1981 жылдары КСРО-ның Моңғол еліндегі әскери қызметінде болған. 1981 – 86 жылдары Талас ауданындағы «Ленин жолы» («Талас тынысы») газетінде тілші, 1986 – 91 жылдары облыстық «Еңбек туы» («Ақ жол») газетінде тілші, 1991 –93 жылдыры Жамбыл облыстық телерадиотарату компаниясында редактор, аға редактор болды. 1993-1994 жылдары республикалық «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы тілшісі, 1994 – 97 жылдары республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің осы облыстағы тілшісі, 1998 жылы Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің баспа-коммерциялық бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1998 жылдан 2004 жылға дейін республикалық «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы тілшісі болып еңбек етті. 2004 жылдан 2014 жылға дейін республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болды. 2014 жылдан бүгінгі күнге дейін Жамбыл облыстық «Ақ жол» газеті ЖШС-ның директор-бас редакторы. 1988 жылы жазушы К. Сәттібайұлы «Елгезек Бағдаршам, Ток-Қуат және басқалар» атты ертегі-хикаятымен «Жалын» баспасының жабық бәйгесіне қатысып, екінші жүлдеге ие болды. Содан бері қаламгердің әр жылдарда «Шеткері үйдің жарығы», «Бағдаршамның басынан кешкендері», «Күнге ғашық өлкеде», «Тараздан тәбәрік», «Шындыққа… қызығамын, Шындықты… аяймын», «Сайқымазақ дүние», «Шарбақтының жалғызы», «Аран», «Шың мен Шынар» және «Хауа Ананың көз жасы» атты көркем және публицистикалық кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ, «Бастау», «Қазақ балуандары», «Елбасы», «Кәусәр бұлақ» және басқа да ұжымдық жинақтарға әңгімелері, ертегілері, хикаяттары мен эсселері енген.

Ол халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің бірнеше дүркін жүлдегері. К. Сәттібайұлы Қазақстан Жастар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып (2009 жыл), «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына (2014 жыл) ие болған. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен (2001 жыл), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен (2005 жыл), Қазақстан Республикасының және оның астанасының дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқаны үшін «10 жыл Астана» мерекелік медалімен (2008 жыл), «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен (2009 жыл), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен (2011 жыл), «Қазақстан полициясына 20 жыл» мерекелік медалімен (2012 жыл), «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» мерекелік медалімен (2014 жыл) марапатталған. Талас ауданының Құрметті азаматы (2009 жыл), Тараз қаласының Құрметті азаматы (2016 жыл).

Толығырақ…