Жазушы Мұхтар Әуезов: «…өмір шындығын, адамдардың типтік бейнесін жасауда Бейімбеттей ешбір жазушы шынайы суреттей алған емес» деген екен. Бейімбет Майлиннің осыдан бір ғасыр бұрын көтерген мәселелерінің барлығы да дәл бүгін де өзектілігін жойған жоқ.
Қараша айында Ай кітабы бетіне, кемеңгер жазушы Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толуына орай «Qasym kitaphanasy» сериясы бойынша жарық көрген «Күлпаш» таңдамалы атты кітабын ұсынамыз:
Майлин, Б. Күлпаш [Мәтін] : таңдамалы / Бейімбет Майлин. — Қарағанды : Qasym, 2024. – 184 б.
Бейімбет Майлиннің «Күлпаш» әңгімесі – ел басына түскен ашаршылықтың шындығын көрсеткен шығармалардың бірі. Онда аштық алдындағы дәрменсіздік, ұлы мен күйеуінің аштықтан аман қалуы үшін Күлпаштың ойда жоқ әрекетке баруы, яғни басқа ерге шығуы әңгімеленеді.
Сөз өнерінің бір құдіреті — өткенді көз алдыңа әкеліп, көріктендіру. Өнердің бұл құдіретін әр суретші өз мүмкіндігіне қарай біледі. Бейімбет Майлиннің қаламынан туған әңгімелер – ХХ ғасыр басындағы қазақ өмірінің әдеби шежіресі. Оның шығармаларында сол дәуірдің оқиғалары, үлкен-кіші әрекеттер, жаңа өзгерістер, зорлық-зомбылық, тәртіпсіздік әрекеттері дәл суреттеледі. Бұл жинаққа енген бірқатар әңгімелер, сондай-ақ «Шұғаның белгісі» әңгімесі Б.Майлиннің авторлық даралығын, шығармашылық көзқарасын кеңінен танытады.
Жазушы шығармашылығы қазақ әдебиетін жаңа деңгейге көтергені. Өткір тіл, уытты юмор, заман шындығы, халықтың мұң-мұқтажы, бәрі-бәрі оның шағын ғана әңгімелерінен көрініс тапты. Кітап барша оқырман қауымға арналады.