Мамасерікова Ш. Елге деген махаббат

Құрметті оқырмандар!

«Ақынын құрметтеген ел озады, ақынын құрметтемеген ел тозады», — демекші ақын Шырын Мамасерікованың шығармашылығы өз бояуын жоғалтпайтын, шындықты ту ететін, тек биік шыңдарды бағындыратын туындылар екендігі қақ. Ақындығы мен азаматтығын тең ұстайтын, елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаған, дауласуға бар, жауласуға жоқ қасиеті басым ақыны екені даусыз.

Сіздердің назарларыңызға «Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі», «Ерен еңбегі үшін», ҚР Президентінің «Алғыс хатымен», аудандық, облыстық әкімшіліктің Құрмет грамоталарымен марапатталған, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікованың 80 жас мерейтойына орай «Елге деген махаббат» атты кітабын ұсынамыз:

      Мамасерікова, Ш. Елге деген махаббат [Мәтін] : [өлеңдер, балладалар, сценарийлер, мақалалар] / Шырын Мамасерікова. — Алматы: Abai, 2023. — 268 б.

Ақын Шырын Мамасерікованың бұл жинағына негізінен соңғы кезде жазған шығармалары еніп отыр. Кітап екі бөлімнен тұрады: бірінші бөлімде өлеңдер мен балладалар, екінші бөлімінде сценарийлер мен мақалалар ұсынылған. Автор туған жердің кешегісі мен бүгінін парасатты поэзия тілімен кестелеп, мемлекеттің ең басты байлығы — ел адамдарының биік адамгершілігі мен рухани құндылықтарын жырға қосады.

Шырын Мамасерікова — 1945 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысыТұрар Рысқұлов ауданындағы Жалпақсаз ауылында туған. Каменка орта мектебінің 7-сыныбын бітірген соң, Жамбыл педучилищесінде оқыды. 1963-1967 жылдары Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Еңбек жолын Меркі ауданындағы Гранитогор мектеп-интернатында мұғалім болып бастаған. Кейін аудандық халық ағарту бөлімінде методист, 1986 жылдан зейнетке шыққанға дейін Меркі ауданы тарихи өлкетану мұражайы директоры қызметтерін атқарған. 1986 жылдан бері Қазақстан жазушылар одағы мүшесі. «Жыл құстары», «Гәкку», «Назерке», «Нәзік нақыш», «Асылдың сынықтары», «Өлеңімнің әр жолы — өмірбаян», «Әулие бабам — Сыпатай», «Фатима», «Бақыт», «Арман гүлі» атты кітаптары жарық көрді. Ойға тарта жыр жинақтарына топтамалары енген. Бірнеше дүркін аудандық, облыстық, республикалық Ақындар айтысының жүлдегері атанды.

Шырын Мамасерікова — дарынды ақын, бақытты ана, адал жар, аяулы әже. Ауылда туып, ауданда тұрып, қалың қазаққа танылған Шырын Мамасерікованың ұлттық бояуы қанық, қарапайым өлеңдері елге белгілі. Осындай дарынды ақыны бар қазақ халқы шын бақытты.

Кітап көпшілік оқырман қауымға арналады.