Абай атындағы орталық кітапханада «Тәуелсіздік – Мәңгілік ел мұраты» атты дөңгелек үстел өтті.
Жиын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 2021 жылғы 5 қаңтардағы республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласы бойынша кітапхана қызметкерлері қалалық ардагерлер кеңесімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Іс-шарада Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләш Әбдікешова құттықтау сөз сөйлеп, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бірлік пен ынтымақ және рухани құндылықтарды сақтау аса қажет екенін атап өтті. Ал қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Аманқұл Ысқақов өз шығармашылығынан өлең оқып берді. Сонымен бірге облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері Сайлаубек Ашанов, Ескермес Жакенов, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, еңбек ардагерлері Мақұлбек Жаналиев, Қанымқұл Бесімбай, Сауранбек Жамалбеков қатысып, Президент мақаласындағы әр тарауға тоқталып өтіп, барша жұрттың, әсіресе, жас ұрпақтың тарихи санасы айқын әрі берік болуына ерекше назар аудару керектігіне тоқталды.
Тәуелсіздіктің құрдасы, «Жамбылские электросети» ЖШС-нің реле қорғанысы және автоматика қызметінің бастығы Еркебұлан Мұқанов пен «Jambyl» телеарнасының журналисі Ринат Рахматуллин де осы кеш төрінен табылып, өздерінің ізгі тілекгерін білдірді.
Кітапхананың тұрақты оқырмандары — Тараз сервис және технология колледжінің студенттері Жазира Сабур Құрманғазының «Балбырауын» күйін күмбірлете орындаса, Ақерке Қамай және Айсұлу Тұрсынбаева тұғыры биік тәуелсіздіктің құрметіне бірнеше өлең оқып берді.
Сондай-ак кеш соңы кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Мәңгілік елдің тұғыры- тәуелсіздік» атты кітап көрмесіне ұласып, қалалық мәдениет үйі өнерпаздарының ән шашуымен жалғасын тапты.
Құралай Сейсенбекқызы
Jambyl–Taraz. – 2021. – 24 ақпан