Мәншүк Мәметова кім?

Қазақ халқы ежелден батылдығымен әрі ержүрек болуымен ерекшеленген. Халық жадында ел басына күн туған сәтте қолдарына қаруларын алып, ерлермен бірге қазақ қыздары да көш бастаған…

Құрметті достар!

Сіздердің назарларыңызға ақын Асылан Тілегеннің «Мәншүк Мәметова кім?» атты кітабын ұсынамыз.

      Тілеген, А. Мәншүк Мәметова кім? [Мәтін] / Асылан Тілеген.; сурет. Т. Мұзафар. — Алматы: Мазмұндама, 2024. — 100 б.

       Кітапқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілген тұңғыш қазақ қызы Мәншүк Мәметованың балалық шағынан бастап, майдандағы ерліктеріне дейін баяндалады. Кітаптағы оқиғаның бәрі Мәншүкпен замандас болған тұлғалардың естелігінен алынған.

Қаһарман қазақ қызы — Кеңес Одағының Батыры (1944). Ұлы Отан соғысы басталған кезде Алматы медициналық институтында оқып жүрген.

1942 жылы тамызда ол өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-інші атқыштар дивизиясының құрамында соғысқа қатысты.

Майданда аяулы есімін асқақтатқан батыр қыз 1922 жылдың қазан айында Батыс Қазақстан облысы, Орал ауданында дүниеге келген. Оның балалық шағы Жасқұс деген ауылда өтті. Әкесі Жиенғали қоймада күзетші болып, ал анасы Тойшылша үй шаруасымен айналысқан.

Мәншүк Мәметованың ата-анасының азан шақырып қойған есімі — Мәнсия. Анасы бала күнінде еркелетіп «Моншағым» деп, кейін Мәнсияның атын айтуға тілі келмей өзін «Мәншүк» деп кетеді. Құжат алар кезде де батыр қыз өз есімін «Мәншүк» деп жаздырады.