Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру ісі адамзатқа ақыл кіргелі тоқтаусыз жалғасып келеді. Ал бүгінгі біз құрып отырған қоғамда ұлттық және шетел әдебиетінің ең үздік туындыларын жұрт арасында насихаттау, кез келген азаматтың назарын кітап оқуға бұру ісі қызу қолға алынған. Оқырмандар үшін уақытты тиімді ұйымдастыру, оқырмандарды өңір тарихы бойынша да құнды мәліметтерге қанықтыру, келушінің және тыңдаушының көкірек көзін ұлттық және шетелдік классиктердің қызықты шығармаларымен сусындату да ауқымды іс.
Бұл тұрғыда ортақ істің озық үлгісін Тараз қаласындағы руханият ордасының бірі саналатын М.Шолохов атындағы кітапхана да өз шама-шарқынша көрсете алуда десек қателеспейміз. Мәселен, жыл басталғалы бері мұнда ұлт үшін берері мол бірнеше жарқын жобалар жүзеге асырылды.
Сонымен қатар кезінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халқымыздың әдебиеті мен мәдениетіне, руханиятына зор еңбек сіңірген бірегей тұлғалардың мерейтойына орай да айтулы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі кітапханадағы «Коворкинг» білім орталығында Д.А.Қонаевтың 110 жылдығына орай ұсынылған бейнефильм. Бұл жастарды ел үшін еңбек етуге, халқына адал болуға үндейтін шара. Мұндағы басты мақсат — Қонаевтың ерліктері арқылы азаматтарды ұлтжандылыққа, патриоттық сезімге тәрбиелеу. Аталған іс-шара барысында «Тараз-Ғасыр» колледжінің студенттеріне Қонаевтың өмірбаяны мен еңбек жолы, атқарған қызметі, алған марапаттары мен жазған мақалалары, кітаптары және артында қалдырған нақыл сөздері туралы мол мағлұмат берілді. «Елін танытқан ер» атты тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапханашы Назым Қадырбаева «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабына шолу жасады. Халқымыздың аяулы перзенті, аса ірі мемлекет қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев жұртшылыққа осылай дәріптелді.
Қазақтың талантты ақыны Төлеген Айбергеновтің туғанына 85 жыл толуына орай да «Бір тойым болатыны сөзсіз менің» атты поэзия кеші онлайн форматта өткізілді. Кітапханашы Ақнұр Шораева Төлеген Айбергеновтің өмір жолымен таныстырып, ақынның «Өскен жер», «Дос» іспетті бірнеше туындыларын №54 орта мектептің 11 -«А» сынып оқушысы Зере Кәнелбаева мен кітапханашы Гүлдана Амангелдиева жатқа оқыды. «Өлеңнен жаралған жан» атты кітап көрмесінде Төлеген Айбергеновтің 4 томдық шығармалар жинағына және «Атамекен», «Бір тойым бар», «Мен саған ғашық едім» атты кітаптарына библиографиялық бейне-шолу жасалды.
Алдағы «Ұлттық саябақгар және қорықтар күніне» орай «Парасат» жобасы аясында елін, жерін, тілін, әдеп-ғұрпын құрметтейтін, өз Отанын сүйетін тұлға қалыптастыру мақсатында онлайн түрде «Жері — қазына, суы — алтын» атты «дөңгелек үстел» өтті. Іс-шара барысында оқырмандарға еліміздің мемлекет қорғауындағы қорықтары мен саябақтары туралы мәлімет берілді. Тақырыпқа сай «Табиғат — тал бесігім» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
«Оқу — мемлекет және тұлға үшін құндылық» жобасы аясында А.Құнанбайұлының өнегелі өмірімен таныстыру және ғибратты сөздерінен ой бөлісу мақсатында «Адамзаттың Абайы» тақырыбында оқырмандар арасында ойтолғау өтті. Мұнда кітап туралы ұғымды халық мәдениетінің құрамдас бөлігі екенін насихаттай отырып, оқырманның көркемдік талғамын қалыптастыру басты назарға алынған.
Осы секілді «Кітап оқы, талқыла, суретте» жобасы кітапхананың жас оқырмандарының кітапқа деген қызығушылығын арттырумен қатар, олардың дүниетанымын, эстетикалық талғамын кеңейту, көркемсөз бен табиғаттың үйлесімділігін сезіндіру арқылы шығармашылық, танымдылық белсенділігін арттыруды мақсат епі. Аталған жоба аясында Бауыржан Момышұлының ұлылығын сезіну, қайталанбас азамат тұлғасынан үлгі алу мақсатында «Ұшқан ұя» романы ұлттық болмыстың тұтас бітімі» атты әдеби портрет онлайн түрде ұйымдастырылды. Жас оқырмандардың кітап оқу белсенділігін арттыруда, көркем әдебиет оқи отырып, ой-өрістерін кеңейтуде, әдеби шығармашылық жұмыстарды ұйымдастыруда, ана-тілін құрметтеуге баулуда «Ақ желкен» жасөспірімдер клубының да берері мол екенін айта кеткен жөн.
«Ұлы адамдар өмірінен» ақпараттық шолу аясында да әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабиден бастап көптеген тұлғалар жайлы оқырман тың деректермен қауышуда. Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толуына орай жезтаңдай әншінің мәдениет пен өнердегі ерен еңбегін насихаттау мақсатында «Қазақтың ақмаңдайлысы» атты слайд шолу ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Роза Бағланованың өмірі өткен ғасырымыздың ұлттық символына айналған әншінің бұрынғы Кеңес өкіметінің халыққа жасаған бүкіл қиянаты жап-жас Розаның басынан өткен өмірі туралы айтылды. «Қазақтың бұлбұлы» атты кітап көрмесі таныстырылып «Роза Бағланова» фотоальбомы, қазақ сахнасының сәні, күміс көмей әншінің өмірі мен шығармашылығы хақында «Айналайын халқымнан еркелеткен» атты кітабына библиографиялық шолу жасалды. Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуына орай өмірі мен шығармашылығын таныстыру мақсатында ұйымдастырылған «Жүректен маржан іздеген» атты библиография күні қарсаңында онлайн өткізілген жиын, №38 орта мектептің қиын балалар тізімінде тұрған оқушыларымен өткен «Үлкенге сый-құрмет, кішіге жол көрсет» атты ой бөлісудің де ұрпаққа берері мол. Осындай іс-шараларды тиісті деңгейде өткізуде зор әр іске жауапкершілікпен қарайтын М.Шолохов атындағы кітапхана ұжымы алдағы уақытта да оқырманның әдеби-мәдени ой-өрісін кеңейту, рухани талап-тілегін қанағаттандыру тұрғысында талмай еңбек ете беретін болады.
Айнаш Тасмағамбетова,
М.Шолохов атындағы кітапхананың меңгерушісі, Тараз қаласы
Arai. – 2022. – 29 қаңтар