Мойынқұмда ауылым
Кең-байтақ қазақ даласының әр аймағының әлі де ашылмаған сыры бар, әрбір өңірінің өзіндік орны да бар. Осыншама жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кеудесін оққа тосып қорғаған бабалардың рух күшіне қалай риза болмайсың!
Жамбыл облысы аумағының қырық екі пайызын алып жатқан Мойынқұм туралы айтқанда да талай орнықты ойға қаласың.
Жерінің асты да, үсті де қазына байлыққа толы осы алып ауданның атағы алысқа кеткен десек те артық емес. Мұнда жыр алыбы – Жамбыл бабамыз дүниеге келген, қос жұлдызды Жазылбек Қуанышбаев ерен еңбек еткен, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков туып-өскен. Ол әрі алғашқы қазақ хандығына алтын бесік болған.
Сонымен бірге, тұщы судың үлкен қоры да Мойынқұм жерінің астында жатқанын екінің бірі білмеуі мүмкін. Көпшілікке белгілі, тұщы су араб елдерінде алтынмен бағаланатынын ескерсек, осы шөл дала деп жүрген жеріміздің жарқын келешегі әлі де алда екені даусыз.
Ауданды кесіп өтіп жатқан электрлендірілген Шу – Мойынты екі қатарлы теміржолы, Хантау, Мыңарал бекетіндегі екі бірдей цемент зауыты да игілікті арттырады деп білеміз.
Ал аң-құсы туралы сөз қозғайтын болсақ, өзінше бір үлкен еңбек жазуға да болар еді. Мәселен, мұнда ақбөкен, арқар, қарақұйрық, қоян, қабан, елік, қырғауыл, дуадақ, үйрек, қаз және балықтың сан түрі бар. Сондай-ақ әлемде екі-үш жерде ғана кездесетін торанғы талы және сексеуіл өседі. Оларды қорғай білсек – ұрпақтан- ұрпаққа қалар жер байлығы, табиғат сыйлығы.
Сексеуіл дегеннен шығады, атақты Кенесары ханның әскерінің қысқа қарай Шу өзенінің бойына жылжуында да мән бар. Оларға Мойынқұмның сексеуілі мен баялышының үлкен қажеттілігі болған шығар деген де ойға қаласың. Керей мен Жәнібек үшін, алғашқы қазақ әскері үшін де осындағы сексеуіл мен тораңғы, баялыш қысы-жазы таптырмас өте қажет отын болғанын да ешкім жоққа шығара алмас. Бұл қажеттілік әлі де жалғасуда. Себебі, сексеуіл құм көшкініне жол бермей, ұстап тұрады. Сондай-ақ оның шоғына пісірілген кәуаптың дәмін, тіл үйірер тәттілігін ешкім жоққа шығара алмайды деп ойлаймыз. Жарықтық сексеуіл түтінінің хош иісі мұрынды жарады емес пе! Бұл да мойынқұмдық әр азаматтың елге деген сағыныш сезімін оятатыны анық…
Хантауындағы Қызылқайнар, Түлкібай сайын аралап, Сұңқардың биігіне шығып көрсеңіз, 25-30 шақырым аймақ көз алдыңызда анық жарқырап көрінеді. Ертеде бұл стратегиялық маңызға ие болған, яғни жаугершілік заманда, дұшпанмен айқаста көп көмегін тигізген. Кейіннен Қызылқайнардағы Аңырақай шайқасына арналып қойылған тас белгі де осыны айқындап тұр ғой.
Сол Қызылқайнардың жерасты суы әлі тоқтамай ағып тұр. Өкінішке қарай, дәл осы көпке қажетті бұлақтың маңы заман талабына сай, белгілі бір жөндеуді күтуде. Тағы да бір айта кетер жай, дәл осы маңайға, Шу – Мойынты теміржолы мен Жамбыл – Карағанды – Нұрсұлтан тасжолы бойының қиылысар тұсына «Қазақ елі» деп пе, басқалай атап па, монумент-белгі қойылса, бұл бар қазаққа қуаныш әрі азаттық пен тәуелсіздік үшін шайқасқан батырлардың аруағына бас игеніміз болар еді.
Аталарымыз айтқандай, «елдің атын ер шығарады». Мойынқұмда да оны дамытуға, көркейтуге еңбек еткен азамат көп болған. Жоғарыда айтылған малшылардың «маршалы» Жазылбек Куанышбаевтың, осы ауданды 25 жылдан аса басқарған Айтбай Назарбековтің де өмірі өнеге, олардың аудан тарихында қайталанбас тұлға болып қалғаны елге аян. Сондай-ақ бұл күнде жасы 96-ға келген, Жамбыл облысы көлемінде партия кеңес-органдарында қызмет істеген, Хантауының Қотыр қыстауында дүниеге келген Тұрсынбала Абдраманова анамыздың есімін мақтанышпен атаймыз. Жасы келгеніне қарамастан, Тұрсынбала апамыз әлі де ауыл, ел жаңалығына елеңдеп отырады. Сол кісінің жолын жалғастырып жүрген педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ботагүл Тұрғымбаева деген жерлесіміз де бар. Иә, тізе берсек талай азаматтардың есімін, өмірін үлгі ретінде ұрпақ үшін көрсетуге болар еді.
Осы орайда тағы бір қосарым, бүгінде түгел мойынқұмдық жігіттерден тұратын әйгілі «Тараз» триосы туралы қалай айтпаймыз. Ондағы Асылхан Шүңіреков, Ержан Ыдырысов, Ноян Сейділдаев – нағыз өнер иелері.
Әр қазақтың азаматы өзінің кіндік қаны тамған жерін ешқашан ұмыта қоймас деп ойлаймын. Біз сыртта жүрсек те, ауданымызды, ел жаңалығын аңсап, әрдайым құлақ түреміз. Әрі онда өтіп жатқан барлық үлкен іс-шараға үлесімізді қосып келеміз.
Жақын арада Алматыдағы мойынқұмдықтар «Мойынқұмда ауылым» атты кеш өткізуді жоспарлап отыр. Онда туған жерімізге қатысты бірқатар мәселелерді ортаға салмақшымыз.
Халық бірлігі, татулық тәуелсіз мемлекетіміз – Қазақстанның негізі екені даусыз. Мақсат – жас ұрпаққа жол көрсету, ел ынтымағын сақтау, салт-дәстүрімізді жалғастыру.
Иә, Мойынқұм жері, елі – осы аймақтан түлеп ұшқан азаматтар үшін үлкен мақтаныш. Ол біздің қасиетті қара шаңырағымыз!
Бейсенбай Жаңбырбаев
Айқын. – 2019. – 17 тамыз