Қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын.
Шын дарын өз заманының шындығын шығарма арқауына айналдырып, халық көңіліне ұяласа, ол мәңгі өмір сүреді. Халық сеніміне ие болу, қас — қабағын бағып, көңілі қалағанын жырға түсіру, сыр ғып шерту келешектің жарқын сәулесімен нұрландыра түсуі сирек кездесетін бақыт. Оны Мұқағали ақынның поэзиясынан танып, көруге болады.
Алғашқы өлеңдерін он-он бір жасынан бастап жаза бастаған. Қаламгер көптеген тақырыптарға қалам сермеген ақиық ақындардың біріне айналды. Ақынның ғұмырлы поэзиясы бүгінгі таңда барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айналды. Қаламгердің өлеңдері шын шабыттың, қиын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған. Ақын ұлы сезімге бас иіп, өз өлеңдерінде махаббат тақырыбын кеңінен суреттеген.
Қаламгердің әр өлеңі өзінің мағынасымен, шынайылығымен, тазалығымен оқырманын өзіне баурап алады және ой салады.
Ақынның туған жер, адамдар тағдыры, өмір мен өлім, ана мен бала, ақын мен ақындық, соғыс тауқыметі тағы басқа тақырыптағы лирикасы қайталанбас ұлттық сипатта, ұлттық зермен кестеленген.
Мұқағали Мақатаев — өмірінің соңына дейін қолынан жүйрік қаламы түспеген, қазақтың қара өлеңінің құдіретіне, терең сырына қаныққан ақын.
Қаламгер мұрасы сөз өнерінің дара мұнарасы ретінде болашаққа апарар құнды қазына болып қала береді.