Мұқағалидан бата алған

Ақын Несіпбек Айтұлы оқырмандармен кездесті

«Жеткізбей алыс қалған тау етегі,

Бұл күнде сағыныштың зары өтеді.

Секілді жаздың бұлты жайлаудағы,

Ойласам көздің жасы сау етеді.

Жабырқап жаным неге егілмесін,

Ауылым, түсімдесің, өңімдесің.

Қайтейін, тоқтататын дәрменім жоқ,

Бұлдырап белден асқан өмір көшін.

Қарашы, жүрегімнің ауырғанын,

Қаға алмай қанатымды ауырладым.

Дүр етіп ұшып кеткен бір топ құстай,

Қай жаққа ғайып болдың, бауырларым», — деп жырлаған қазақтың белгілі ақыны Несіпбек Айтұлының кез келген өлеңі оқырман қауымның жүрегінен ойып тұрып орын алатыны сөзсіз. Жүрегі жырмен егіз ақын сөз өнерінің қадірін жете түсінген. Содан да болар, оның өлеңдері өміршең екені талас тудырмаса керекті.

Тараз қаласы әкімдігінің уйымдастыруымен ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы Абай атындағы Тараз қалалық орталық кітапханасында оқырмандармен кездесті. Елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты іс-шарада сақтық шаралары қатаң сақталды. Осынау басқосуды Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде ақынның шығармашылығы, өлеңдерінің қуаты жайлы да мәліметтер айтты.

Несіпбек Айтұлы Тәуелсіздік тағылымдарын терең жырлаған, өзгеше теңеулері оқырман жүрегінен ерекше орын алған ақын екені айтпаса да түсінікті ғой. Ол «Аққудың көз жасындай көлге тамған…» деген бір жол өлеңімен-ақ поэзия әлеміне аңсары ауғандарды тамсандырған. Кезінде ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, мемлекеттік «Парасат» орденімен марапатгалса, 2015 жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан ақынның таңдамалы жеті томдығы жарық көрген болатын.

Еркін форматта өткен оқырмандармен жүздесу барысында Несіпбек Айтұлы ағынан ақтарылып, поэзия әлемінің тылсымға толы сиқыры туралы сыр шертті.

«Біле білгенге поэзия деген — тереңдік, әсемдік пен көркемдік. Мен жас кезімде қазақ халқының мұзбалақ ақыны, әйгілі Мұқағали Мақатаевтан бата алдым. Сол Мұқаңдай мұзбалақ ақын болғым келді. Сол үшін талмай тер төккенім рас. Әрине, ол биікке жетпесем де, мүмкіндігімше өлең әлеміне адал болдым деп айта аламын. Оған ешкім таласа қоймас. Беріректе Мырзатай Жолдасбековпен ұзақ уақыт бірге жүріп, көп сырластым. Алтыннан да ардақты Тәуелсіздігіміздің баянды болуы жолында руханият саласына еңбек сіңіріп келемін. Отызға жуық поэма жаздым. Мұның оңай еңбек еместігін ойлы оқырман жақсы біледі деп ойлаймын. Оның бағасын, сапасының қандай екенін поэзияны жанымен жақсы көретін халық таразылайды. Әрине, ел жақсы дүниені жақсы бағалайды», — деді ақын.

Сүйегіне сөз, жүрегіне жыр қонған айтулы ақынға оқырман қауым тарапынан қойылған сұрақтар аз болмады. Ақын өз кезегінде шәкірттерінің өте көп екеніне, оның көш басында жазба ақын, кезінде айтыс әлемінде де жүйріктігімен көзге түскен Дәулеткерей ЕСәпұлы тұрғанына айрықша тоқталып өтті. Жиынды Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев қорытындылап, алтын уақытын арнайы бөліп, оқырмандармен ой бөліскені үшін Несіпбек Айтұлына шексіз алғысын білдіріп, құрмет көрсетті.

Мұнан соң мәртебелі мейман өзінің өлең жинақтары, аудармаларынан, сұхбаттарынан құралған кітап көрмесін тамашалап шықты. Оның жүзінен ризашылықтың табы аңғарылып тұрды. Бұл кітап көрмесімен Абай атындағы Тараз қалалық орталықтандырылған кітапхананың директоры Ұлбосын Сәулебаева таныстырып, ақын жырларының оқырмандар үшін бағалы екенін айтып өтті.

Тараз қаласы.

Есет Досалы

Aq jol. – 2021. – 4 ақпан