Биыл халық жазушысы Шерхан Мұртазаға 90 жыл. Оның артында мол мұра қалды, мәңгілік өшпес мұра.
Құрметті оқырмандар, сіздердің назарларыңызға Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай «Бір кем дүние» атты кітабын ұсынамыз:
Мұртаза, Ш. Бір кем дүние [Мәтін] : ойтолғау / Шерхан Мұртаза. — Алматы : Жазушы, 2008. – 176 б.
Шерхан Мұртаза 1932 жылы туған. Зұлматты жылдардың өзге де перзенттері сияқты, оның балалық шағы ашаршылық, қанды соғыс, репрессияға тарыған. Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ атты ауылда дүниеге келді.
Ш.Мұртазаның жас та, кәрі де іздеп жүріп оқыған кітаптары жетерлік. Соңғы уақытта көркем әдебиетті сүйетіндердің аузынан түспей жүрген «Бір кем дүние» атты туындысының өзі бір төбе.
Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесі…» арман мен сағынышқа толы, асыл ағаларымен жүздескен өткен күндерін сағына еске алып, қысқа қайырыммен алдыңғы буын ағалардың жарқын бейнесін көз алдына суреттеп береді. Қазақ деген халық үшін ауыр болған, қан қақсатқан кешегі заманның қайғы мұңын болашақ жас ұрпақ жадынан шығармай есте ұстасын, ұмытпасын, ұлтыма үлгі, сабақ болсын деп зарын айтады. Өлім жұтқан асыл тұлғаларын іздейді, дұға оқып, ең соңында бас иетін орынды да қимаған тоталитарлық жүйенің қаныпезер саясатына күйінеді.
«Бір кем дүниені» қолға алған кез-келген оқырман мына өмірдің соншалықты аумалы-төкпелілігін жан дүниесімен сезініп, терең ұғынады. Жазушы бұл шығармада өткен тарихтың өкінішін, тәуелсіздік жылдарында бой алдырған қателіктерді, қордаланып келе жатқан мәселелер мен ұлттық мүддені, рухани болмысты көтеру мәселелері, әсіресе, ана тілі туралы көп ой толғады.
Шерхан Мұртазаның осы еңбекті жазудағы алдына қойған мақсатының өзі — болашақ жастарға ой салу, тарихта өткен келеңсіздіктерден аулақ болуға үгіттеу.
Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.