Биыл қазақ әдебиетінің бай қазынасына өзіне тән өрнекті сөз, өрелі туынды қалдырып, орасан зор шығармашылық ерен еңбегімен елеулі үлес қосқан көрнекті қаламгер Ғабиден Мұстафиннің туғанына – 120 жыл.
Құрметті оқырмандар, сіздердің назарларыңызға Ай кітабы бетіне Қазақстанның халық жазушысы Ғабиден Мұстафиннің «Өмір белестері» атты жинағын ұсынамыз:
Мұстафин, Ғ. Өмір белестері [Мәтін] : әңгімелер, очерктер, ой-пайымдар / Ғабиден Мұстафин. — Алматы : Ана тілі, 2012. – 424 б.
Атақты қаламгердің шығармашылық белестері өз дәуірінің, уақытының үнімен бірге өмір кешті, бірге өріліп өркен жайды. Анығын айтар болсақ сол дәуір адамдарының тағдыр-тіршілігін, қиын-қыстау күресін, өмір үшін бәрімен бетпе-бет келуін көркемсөзбен кестеледі. Қаламгер тақырыбын өз көзімен көрген, өмірден өргенін көреміз.
Бірінші бөлімнен қаламгердің шығармашылық жолдағы алғашқы туындылары — өзі өмір сүрген ортаның тынысы мен тұрмысы жайындағы әңгіме-очерктерімен, екінші бөлімнен әдеби өмірдің әр кезеңінде өрілген өрнекті толғамдарымен, өрелі ой-пайымдарымен танысасыздар.
Қаламгер еңбектерінің бір парасы соғыс жылдарында туғанын көреміз. Бұл бір жағынан қаламгердің уақыт талабына үнемі дер кезінде үн қоса білуі деп білеміз.
Кітап көпшілік оқырманға арналған.