Нұршайықов Ә. Ақиқат пен аңыз

 Құрметті оқырмандар, сіздердің назарларыңызға Ай кітабы бетіне Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының және А.Фадеев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, ҰОС ардагері, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдығына орай «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогын ұсынамыз.

Нұршайықов, Ә. Ақиқат пен аңыз [Мәтін] : роман / Әзілхан Нұршайықов. — Алматы: Жазушы, 2009. – 464 б.

Жазушының роман-диалогы Ұлы Отан соғысының даңқты қаһарманы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының сонау балауса шағынан бастап, аты аңызға айналған қолбасшы, атақты жазушы, алты алашқа ардақты ұлы перзент боп тұлғалануына дейінгі ұлағатты өмір жолын шынайы фактілер аясында қызғылықты баяндайды.

 …Майдан шебіңде абырой, атаққа ие болған батырдың мінезін айқын ашу үшін жазушы Момышұлына дүркін-дүркін сұрақтар қойып, өзара сырласып, өзара пікір таластырып отырады да, аңыз бен ақиқаттың ара жігін ашады. «Ұшқан ұя» мен «Москва үшін шайқаста» әңгімеленетін оқиға тізбетінен жазушы жаңа жол тауып, роман-диалогга батырдың психологиялық толғаныстары мен дүние танымына айрықша зер салған.

 Әр түрлі ұлттар өкілдерін сапқа тұрғызып, жеңіске үндеген командирдің берген бұйрығы, қойған талабы қатал да айқын. Батыр мінезіндегі осындай өзгешелікті әрбір іс, әрбір эпизодта мегзеп отыратын автор шығарманың бояуын қалыңдатып жібермей, шынайы суреттеген. «Ерліктің негізі — сүйіспеншілік. Кісі сүйгенінің құлы да, құрбаны да болады. Отанын сүйген солдат ол үшін отқа да, суға да түседі. Сөйтіп, саналы түрде ерлік жасайды» — «Ақиқат пен аңыздың» көркемдік шешімі де, алға тартары да, эстетикалык ұғым, талғамы да, философиялық түйіні де Баукең айтқан, міне, осындай ойда.

«Ақиқат пен аңыздың» және бір өзгешелігі — Бауыржан Момышұлының бейбітшілік өмірде қарудың орнына қолына қаламын алып, идеология майданында жазушылык өнерімен танылуы. Бұл салада жазушы Әзілхан Нұршайықов өзі көріп, өзі де араласқан үлкен өмірді көркемдік шындыққа көтере суреттеп, Бауыржан Момышұлының мінезін айқын танытқан.

Ұсынылып отырған нұсқасы — әйгілі шығарманың кеңестік қатал цензура кезінде қысқартылып, кітапқа кірмей қалған тараулары қайта қосылған, яғни толықтырылған 7-басылымы.

Кітап көпшілік оқырман қауымға арналады.