ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай «Ұлы дала» шағынауданында жаңа кітапхана пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, ізгі тілегін жеткізді.
– Кітапхана – адамзат өркениетінің асыл қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан киелі мекен, тарих пен бүгінді, білім мен парасатты жалғап тұрған рухани көпір. Уақыт жылжып, қоғам өзгерсе де, кітапхананың маңызы ешқашан кеміген емес. Қайта, оның рөлі заман талабына сай жаңарып, түрленіп, толығып келеді. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген тәмсілі кітапхананың ұлт руханиятында алар орнын айшықтап тұрғаны сөзсіз.
Заман ағымына сай кітапханалар білім мен ақпараттың орталығы, зерттеу мен шығармашылықтың алаңы, тәрбие мен мәдениеттің ұйытқысына айналып келеді. Әсіресе, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы мол. Сондықтан, олардың сапалы туындылардан сусындауына жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Баршаңызға белгілі, биыл Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы бастау алды. Бүгін ашылып отырған жаңа кітапхана аталған жоба аясында жүзеге асырылып жатқан ілкімді істердің бір көрінісі әрі Ата заңымыздың мерейтойына тарту болып отыр. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар өз жалғасын тауып, кітапханаларымыз жергілікті қаламгерлердің тың туындыларымен толыға бермек, – деді шаһар басшысы.
Келесі кезекте жазушы, драматург, публицист, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжан, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Тараз қаласының Құрметті азаматы, ақын Қайырбек Асанов және «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы сөз алып, жылы лебіздерін арнап, руханият ордасының лентасын қиды.
45 мыңнан астам тұрғыны бар «Ұлы дала» шағынауданында ашылған кітапхананың жалпы көлемі 400 шаршы метрді, кітап қоры 41 мың дананы құрайды. Сондай-ақ онда оқырмандарға абонемент, оқу залы, коворкинг орталығы қызмет көрсетіп, келушілердің бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне барлық жағдай жасалған.
Жалпы, қазіргі таңда облыс орталығының аумағындағы 17 кітапханада кітап қоры 495 мың данадан асып отыр.
Құрбанәлі Шахабай
Jambyl Taraz. — 2025. — 29 тамыз (№68). — 1 б.