Жастар аға буынды әрдайым қадір тұтады және өнегелі өмір жолынан үлгі алады. Осы мақсатта Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Бекет Момынқұлмен кездесу кеші өтті.
Басқосуда ақпарат айдынында айрықша ізі бар Бекет Момынқұл еңбек жолындағы есте қалған қызықты оқиғалармен бөлісіп, жастардың сұрақтарына жауап берді.
– Ауылда әжемнің қолында өстім. Орыс мектебінде оқып, білім алғаныммен қазақ тілін жүректен шығарған емеспін. Ержетіп, бой түзегеннен кейін жоғары оқу орнына түсуге бақ сынап көрдім. Бірнеше рет сынақтан өте алмай, құрылысшы болып жұмыс істедім. Шынымды айтсам, жұмыс өзіме ұнағандықтан алдыма «Құрылысшы» мамандығына оқуға түсемін деген мақсат қойдым. Алайда адамның дегені болмайды екен. Бәрібір қалаған мамандығыма оқуға түсе алмай, Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым.Әскерде жүргенде Бақытжан көкеммен бірнеше рет хат алысып тұрдық. Кезекті бір хатында көкем: «Сенің жазуға икемің бар, осы бағытта өзіңді шыңдай бер. «Журналистика» мамандығына оқуға түсесің», – деп бағыт берді.
Әскерден аман-есен елге оралған соң қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне «Журналистика» мамандығы бойынша оқуға түстім. Міне, содан бері 52 жыл бойы журналистика саласында қызмет етіп келемін, – деді Б. Момынқұл.
Мұнан соң ардагер журналист облыстық «Jambyl» телеарнасын басқарып жүрген кезіндегі естеліктерін ортаға салды.
– Бір оқиға есімнен кетпейді. Бір күні бейтаныс орыс әже кабинетіме кіріп келіп: «Меня убили, убили», – деп еңкілдеп жылап, бос тұрған орындыққа отыра кетті. Түр-тұлғасына қарасаң зейнеттегі жасы үлкен кісі. Өксігі басылған соң мән-жайды анықтап сұрадым. Сөйтсем, қалай болғанын қайдам, тірі адам қайтыс болды деп тіркеліп кетіпті. Сондықтан бірнеше айдан бері зейнетақы да ала алмай жүр екен. Төрт ай бойы баспаған тауы, бармаған жері қалмаған. Сонымен не керек, істі өз қолыма алып кірісіп кеттім. Журналистерге 2 минуттық сюжет дайындатып, облыстық телеарнаға, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасына материал бердік. Ертесі күні-ақ әженің мәселесі шешілді.
Шерағамның қоғамнан шеттетіліп жүрген кезі болатын. Жалғыздықтан жаны ауырмасын деп телеарнаға жұмысқа қабылдадым. Біраз уақыт өткеннен кейін Тараз қаласында қытайлық компания базар салатын болды. Қарапайым халық қанша қарсы болса да тыңдайтын құлақ табылмады. Осыны естіген Шерағам ашуына мініп, халықтың көкейіндегі күрделі мәселені эфирден көрсетіп, шындықты шырылдата айтты. Кейін базар салынбайтын болды деген хабар келді. Міне, бұл журналистердің қажырлы еңбегі, – деді Б.Момынқұл.
Кездесу барысында оқушылар ән айтып, би билеп, күмбірлетіп күй тартып, іс-шараның мән-маңызын аша түсті.
Жиын соңында кітапхана ұжымы кітап көрмесін ел назарына ұсынып, қадірлі қонаққа естелік ретінде өз сыйлықтарын тапсырды.
М.Жамбылұлы
Arai. — 2024. — 20 қыркүйек (№73). — 3 б.