«Отан-отбасынан басталады» деген қарапайым қағида қай дәуірде болсын маңызын жоғалтқан емес. Әрбір отбасы — қоғамның діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеу- меттік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады. Отбасының басты қызметі — баланы тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі — бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі.
Осы бағытта Тараз қаласының Абай атындағы орталық кітапханасында Отбасы күніне арналған «Тәрбиенің ең тамашасы-отбасы» атты кездесу кеші өтті.
Басқосуға қатысқан колледж білімгерлеріне Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің отставкадағы полковнигі Сауранбек Жамалбеков жазушы Санжар Керімбайдың «Бейсен және Болмыс» атты кітабынан отбасы туралы тәрбиелік мәні бар мысалдар келтірді. Осы кітаптың басты кейіпкері, кезінде «Айтуға оңай» бағдарламасын басқарған Бейсен Құранбек жиырма жеті жасында өз отбасының ата заңын өзі жазған. Келіншегі екеуі мынадай он шартқа сөзсіз бағынамыз деп келіскен. Сегіз шарт жария, екеуі құпия. Өзгеге айтылмайды. Екеуінің арасында мәңгілік құпия болып қалады. Бейсеннің сегіз қағидасы жастарға үлгі ретінде ұсынылды.
Өз кезегінде сөз алған ардагердің жары Гүлжәмила Есжанова да отбасы деген қасиетті ұғым екендігін, әр адамның өміріне бастама болатындығын айта келіп, қатысып отырған жастарға сәттілік тіледі.
Ал, Тараз қалалық ардагерлер кеңесі ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің жетекшісі Алдаберді Мақашев пен оның жұбайы, «Алтын алқа» иегері Әсия Ысмайылова өздерінің отбасы туралы жан-жақты әңгімелеп берді. Олар өз сөздерінде жеті «гүл» (қыз балалар) тәрбиелеп өсіргендігін, олардан 26 немере, 8 шөбере сүйіп отырғандығын айтып, өздерінің бақытты ата-әже екендігін білдірді.
Отбасы — мемлекеттің іргетасы. Ол — адам баласының өсіп-өнер, қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы. Осы бағытта өткізілген іс-шараны қорытындылаған кітапхана директоры Улбосын Сәулебаева өздерінің тәрбиелі ойларымен бөліскен ардагерлерге алғысын білдіріп, аналардың иықтарына орамал жауып, гүл шоқтарын ұсынды.
Баймұрат Жақсыбеков,
Ардагер айнасы. — 2025. — 1 қазан