Отан үшін отқа түсен жамбылдық медицина қызметкерлері

Отан үшін отқа түсен жамбылдық медицина қызметкерлері

    Екінші дүниежүзілік соғыс 1941 жылдың 22 маусымынан 1945 жылдың 9 мамырына дейін – 1418 күн мен түнге созылды. Қанды қырғынның жеңіспен аяқталғанына биыл 70 жыл толды. Кешегі кеңестер одағының барлық халықтары шынайы қуанышпен қарсы алып жатқан осы ұлы мерекенің бүгінгі тойлауына қазақстан халқы да кезінде өзінің лайықты үлесін қосты.

Мерейтой қарсаңында сұрапыл соғыста толарсықтан саз кешіп, қанын да жанын да аямай, Жеңіс күнін жақындатқандар туралы басылым беттерінде сандаған естеліктер жазылуда. Майдан даласында қаншама жан оққа ұшып, жер жастанды, қаншама адам мүгедек болып оралды? Соғыста көз жұмған қаншама адамның отабасы өмірдің ауыр тауқыметін, тағдыр қиындығы мен қасіретін басынан өткерді десеңізші. Сол сұрапыл соғыстан аман-есен елге оралған сан мыңдаған майдангерлер күні бүгінге дейін «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп ауыр күрсіне отырып, сол отқа оранған жылдарын естеріне түсіріп, жанарлары жасаурайды…

Отанымызды қорғауға тек бір Қазақстаннан миллионнан астам (нақты деректер бойынша, соғыстың алдында Қазақстанда 6,2 млн. адам тұрса, соның 1.196.164) адам соғысқа аттанған. Олардың жартысынан көбі, яғни 602 928-і сол майдан даласынан туған жеріне оралмапты. Олар шайқастарда, госпитальдарда, тұтқында өлген немесе хабар-ошарсыз кеткен.

Ұлы Отан соғысы жылдары көптеген медицина қызметкерлері майданға қатысып, соғыс даласы мен әскери госпитальдарда жараланған әскерлер мен офицерлерге, тіпті, жергілікті халыққа күн-түн демей медициналық көмек көрсетіп, қан кешіп жүріп аянбай еңбек етті. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында жарақат алған солдаттар мен офицерлердің басым көпшілігі қатарға қосылып, соғыс майданына қайта араласып, Ұлы Жеңіс үшін қан мен тер төкті.

Енді аздап болса да кейбір қолда бар мәліметтерге жүгінейік. Ұлы Отан соғысы жылдары 200 мыңнан астам дәрігер, 1,5 миллион орта медицина қызметкерлері әскер қатарына шақырылып, жарақат алған және науқастанған жауынгерлерге медициналық көмек көрсетуге жұмылдырылды. Олардың қатарында қазақстандық медицина қызметкерлері де болды. Медицина қызметкерлерінің арқасында қаншама жанның өмірі сақталып, денсаулығы қалпына келтірілді. Кескілескен қантөгіс майданда жарақат алған 9 миллионнан астам жауынгерлер мен офицерлерге борап тұрған оқ арасында, снаряд пен бомбалар астында дәрігерлік көмек көрсеткен медиктердің жанқиярлық еңбегін, олардың ұлы Жеңіске қосқан үлестерін немен бағалауға болады?

Соғыста 85 мың медиктер оққа ұшып, қаза тапты немесе хабарсыз кетті. Олардың ішінде 5 мың дәрігерлер, 9 мың медбикелер мен фельдшерлер, 23 мың санитар-инструкторлар, 48 мың санитарлар болатын.

Жарақаттанған солдаттар мен офицерлердің 72,3 пайызын, ауырғандардың   90,6 пайызын медицина қызметкерлері қайта қатарға қосып, кері майдан даласына аттандырды. Бұл дегеніңіз 17 миллионға жуық адам екен. Егер 1945 жылдың қаңтар айында Кеңес Үкіметінің соғыстағы әскерлер саны 6 миллион 700 мың болса, жоғарыда аталған цифрдан медицина қызметкерлерінің майданға қосқан ерен үлесін көру қиын емес.

Ұлы Отан соғысының ардагері, медицина қызметінің генерал-полковнигі Ф.И.Комаровтың мәліметі бойынша, Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін 116 мыңнан астам әскери медицина қызметкерлері және 30 мыңға жуық тылдағы азаматтық денсаулық сақтау қызметкерлері мемлекеттік наградаларға ие болды. Оның 42-не ең жоғары марапат — Кеңес Одағының батыры атағы берілді. 39 әскери госпитальдар мен 8 медициналық-санитарлық батальондар ордендермен наградталды.

1941 жылы тек бір ғана біздің Жамбыл облысынан 123 медицина қызметкері әскер қатарына алынды. Сұрапыл соғыстың әскери госпитальдарда біздің облыстан шақырылған 500-ге жуық медицина қызметкерлері қажырлы еңбек етті. Олардың басым көпшілігі Мәскеуден Берлинге дейін жетіп, Жеңісті сонда қарсы алды. Атын атап өтсек, олар көп жылдар Жамбыл облыстық ауруханасында еңбек еткен хирургтер полковник Н.О. Мұқышев, майорлар                Г. Әбдікәрімов пен А.В. Леонтьев, капитандар С.А. Александров пен                         Қ. Құлынбаев, терапевт-офицерлер Н.Е. Нұғыманов, Н.Ф. Голубев, Е.М. Исеналиева, Е.А. Понамаренко, Б.А. Баймұханов, Н.А. Фирсов, А.П. Капасакалис, медбикелер А.Д. Палий-Зеленцова, М.Л. Яременко, А.Н. Анисимова, В.А. Качерга, Е.П. Павличева, Т.А. Радченко, фельдшер Г.К. Ильченко және тағы басқалар.

1941 жылы 19 қыркүйекте Жамбыл станциясының клубында алғашқы эвагоспиталь ашылып, поезбен жеткізілген майданда жарақаттанған        әскери  қызметкерлерді қабылдады. Кейінірек Жамбылдан басқа, Меркі және Шу станцияларында 360 төсектік әскери госпитальдар ұйымдастырылып, оған қоса соғыс жүріп жатқан аймақтардан барлығы 1500 төсектік 4 әскери госпитальдар көшіріліп әкелінді. Олар теміржол клубтарында, жергілікті қонақүйлері мен балалар шипажайларында, мектептер мен кеңселерге орналастырылды. Облыста жаралы жауынгерлер мен офицерлерге көмек көрсету жөніндегі комитет құрылып, госпитальдардағы науқастарға ерекше көңіл бөлінді. Госпитальдарда қызмет еткен медицина қызметкерлері майданда жарақаттанған әскерлердің тез айығып, қайта сапқа тұруына көп үлес қосты. Негізінен әскери госпитальдарда бірінші және екінші топтағы мүгедектер болатын. Олардың біразы жарақаттарының асқынуынан көз жұмып, соғыс қасіретінен мәңгілік тыныштықты осында тауып, жергілікті зираттарға жерленді. Сондай бейіттің бірі қазіргі Тараз қаласының батыс жағындағы Қарасу аймағындағы ескі үлкен қорымда. Оның басына кейінірек қызыл тастан ескерткіш-құлпытас қойылды. Мұндай госпитальдарда қайтыс болған жауынгерлердің ескі зираттары Меркі, Шу, Луговой және Жуалы аудандарында да бар.

Медиктер майдан даласында дәрігерлік көмек қана көрсетіп қоймай, қауіп-қатерге қарамай, оларды жаулардан қорғай білді. Мысалы, санитарлық нұсқаушылыр мен зембіл көтеретін санитарлар бораған оқ астында, бомба мен снаряд жарықшаларынан жасқанбай жарақат алған әскерлерге алғашқы көмек көрсетіп, соғыс даласынан алып шығып, батальондық медпункттарға жеткізіп отырды. Майданға қатысқан әрбір әскери қызметкер Отан үшін ұрыс даласына аттанып бара жатып, егер жарақат алған жағдайда медиктердің көмегі болатынына, олардың денсаулығы әрдайым әскери дәрігерлердің қадағалауында екеніне сенді.

Иә. Кеңестік медицина қызметкерлері әскердің өмірін өзінің өмірінен жоғары қойды. Санитарлар мен санинструкторлар майдан даласындағы жарақаттарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, батальондық медпункттер мен әскери госпитальдарға тынымсыз жеткізіп отырды. Бұл — күнделікті, сағат сайын бүкіл майдан даласында болып жатты. Тіпті, хирург пен медбике қайнап жатқан соғыс кезінде дала госпиталінде, палаткаларда жарақат алған әскерді бораған оқтан қорғап, оны өз денелерімен «көлеңкелетіп» тұрып, жедел хирургиялық операция жасаған сәттер де аз болмады. Кейде, тіпті, олар демалыссыз, ұйқысыз, тамақ ішуге уақыт таппай, бірнеше тәуліктер бойы операция үстелінен ұзамай, еңбек еткендері де белгілі.

Белгілі қолбасшы, Кеңес Одағының маршалы Иван Христофорович Баграмян соғыс аяқталған соң былай деп жазыпты: «То, что сделано советской военной медициной в годы минувшей войны, по всей справедливости может быть названо подвигом. Для нас ветеранов Великой Отечественной войны, образ военного медика останется олицетворением высокого гуманизма, мужества и самоотверженности». Ал, «Правда» газетінің 1941 жылғы бас мақаласында медицина қызметкері алдындағы негізгі мақсаттар туралы айта келіп: «Каждый возвращенный в строй воин — это наша победа. Это — победа советской медицинской науки… Это — победа воинской части,  в  ряды  которой   вернулся  старый,  уже закаленный в сражениях воин», — деп сөз түйіндейді. Медицина қызметкерлерінің Ұлы Жеңіске қосқан үлесі қомақты болғанын осы жолдардан-ақ білу қиын емес…

Ұлы Отан соғысы жылдары «Барлығы Отан үшін, барлығы Жеңіс үшін» деп бүкіл ел тік тұрды. Бұғанасы қатпаған бүлдіршін мен еңкейген қарттарға дейін Отан қорғау үшін аса қажырлылықпен еңбек етті. Солардың ортасында әскери госпитальдарда, майдан даласында болған медицина қызметкерлерінің ерен еңбектері ешқашан ұмытылмау керек. Өкінішке қарай жыл өткен сайын майдангерлер сиреп барады. Оларды құрметтеу, ардақтау біздің парызымыз. Қан майданда толарсақтан саз кешіп, оқ оттың, өлім мен өмірдің арасында жанталасып жаумен күрескендер мен ерлікпен тең еңбек еткен тылдағы адамдарды — абзал ардагерлерімізді қалай ардақтасақ та жарасады.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры

Арай. – 2015. – 7 мамыр(№19). – 8 б.