Қарттарым, аман-сау жүрші!

      Халқымыз қашанда ақ сақалды қариясын сыйлаған. Үлкендерден бата алып, бағын асырған. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, әр шаһар мен ауылдың бата берер қарты жасына лайық, аузы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты, ойы терең, ақылы телегей теңіз болатыны хақ. Міне, осындай ақсақалдар — мақтаныш, өткеннің асыл мұрасы мен мұраттарына адал болу өскелең ұрпақтың басты борышы. Тараз қалалық орталықтандырылған кітапаханалар жүйесіне қарасты М.Әуезов атындағы кітапханасында «Жолдарың жүріп өткен бір-бір дастан» атты дөңгелек үстел барысында осы тұрғыда кеңінен сөз болды.

Жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері Исмаил Хаджимуратов, Әділбек Әлішев, Бола Қалтаев, Төлепберген Сейітқадыров қатысып, өздерінің ойпікірін ортаға салды. Мәселен, Исмаил Хаджимұратов ұлттар достығы, аға буынның тағылымы жөнінде терең ой қозғаса, өзге ардагерлер де тұщымды пікірлерімен ерекшеленді.

Қазақстан ардагерлері «Айрықша тәуелді ардагерлер мен мүгедектері» аймақтық қоғамдық бірлестігінің саяси бөлім бастығы Сейітхан Қуантаев жастар бойындағы патриоттық тұрғысынан сөз қозғады. Кеште Тараз қаласындағы №8 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушылары көрініс қойып, ән шырқап, өз өнерлерін көрсетті. Кітапханашы Сәуле Ешжанова ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Қариялар азайып бара жатыр» өлеңін оқыды.

Мерекеге орай «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбында ұйымдастырылған кітап көрмесі таныстырылды. Оны кітапханашы Қарлығаш Әгигаева таныстырды. Кеш соңында көреген қарияларымыз тілек, алғыстарын білдіріп, ақ бат аларын берді.

«Сіздермен оқырманның жүздесуі – тәрбиенің бастауы. Бойларыңыздағы асыл қасиеттер жас ұрпақтың жүрегіне жетуі керек. Сонда тәрбиелі ұрпақ, өнегелі істер көбейеді. Сіздер бір-бір әулеттің тірегі, қаймағысыздар», – деген аталған кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Сәулебаева жиынды қорытындылап. Абыз ақсақалдар қаланың да, даланы да сәні. Олардың кеудесі – шежіре, көңілі – кітап. Себебі өмірден түйгендері көп. Сағи Жиенбаев айтқандай, «Даламның иісі бұрқырап, қарттарым аман-сау жүрші!».

Есет Досалы

Aq jol. — 2025. — 7 қазан (№113). — 8 б.