Қазақстан — дінаралық татулық орнатқан ел

Қазақстан Республикасы — зайырлы мемлекет.Елімізде дініне, ұлтына, жасы мен жынысына байланысты шектеулер мен бөлініс жоқ. Өйткені Ата Заңымыздың өзінде «Қазақстанның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екендігі атап көрсетілген. Сондықтан қандайда бір дінге байланысты наным-сенімдерді ұстанатын адамдарға құрметпен қарау кепілдендірілген. Сонымен қатар елімізде дінаралық татулыққа да баса назар аударылады. Осыған орай М.Шолохов атындағы қалалық кітапханада «Қазақстан — дінаралық татулық орнатқан ел» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

 Іс-шара онлайн түрде ZOOM арқылы өтіп, қатысушылар тұшымды ой-пікірлерімен бөлісті. Дөңгелек үстелге Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының Ардагер ақсақалдар кеңесінің мүшесі Исмаил Хаджимуратов, Тараз қаласы И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясы директорының оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Қарлығаш Танхаева және кітапхана қызметкерлері қатысты.

«Қазіргі қым-қуыт аласапыран, мүдделер шайқасы қайшыласып жатқан заманда елімізге татулық пен тұрақтылық керек. Сонда ғана әлемде бейбітшілік орнайды. Қазақстан Тәуелсіздігіне биыл 30 жыл. Осы 30 жылдың ішінде дінаралық татулықты ор- нату мақсатында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың идеясының негізінде бейбітшілік және саяси келісімді орнату мақсатында елімізде бірнеше съезд өтті. 2003 жылы өткен съезде зорлық пен терроризмге қарсы мәселе көтерілді. Ал 2006 жылы өткен съезде Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі төрағалық етті.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің III съезі 2009 жылғы 1-2 шілдеде, IV съезд — 2012 жылы, V съезд — 2015 жылы 10-11 маусымда, VI съезд — 2018 жылы Астана қаласында 10-11 қазанда өткені белгілі. Соңғы съезге әлемнің 42 елінен келген дінбасылары мен дінтанушыларының халықаралық өкілдері қатысты. Жалпы еліміздің дінаралық татулықты халықаралык мінберге айналдыруы бекер емес. Осындай салиқалы саясаттың арқасында Нұр-Сұлтан қаласы алпауыттар кездесетін диалог алаңына айналып кетті.

Қазақстан билігі сыртқы саясатта ғана емес, ішкі дінаралық татулықты тұрақтандыруда да белсенді жұмыс істеп жүр. 2019-2020 жылғы статистика бойынша елімізде 3658 діни бірлестік бар, олардың барлығы дінаралық татулықты ұстанады. Бұдан шығатын қорытынды: ҚР билігі дінаралық татулықты ұстанып, ең үлкен жетістіктердің біріне жетті», — деп өнегелі педагог Қ.Т. Танхаева «Қазақстан — дінаралық татулық орнатқан ел» тақырыбындағы өз баяндамасын оқыса, пікір алмасу сәтінде қатысушылар ел ішіндегі діни татулық жайлы өз ойларын айтты.

Айнаш ТАСМАҒАМБЕТОВА,

М.Шолохов атындағы қалалық кітапхананын менгерушісі

Jambyl-Taraz. – 2021. – 8 шілде