Қазақстаннан шыққан алғашқы кәсіпқой боксшы қыз. Фируза Шарипова
Кәсіпқой боксқа соңғы жылдары азиаттар да көп көңіл бөле бастады. Олардың арасында біздің қазақ жігіттері де бар. Жиров пен Головкиннен кейіи талай қазақ баласы мұхит асты. Сол жігіттермен бірге Жамбыл облысында дүниеге келген Фируза Шарипова есімді ару да кәсіпқой боксты таңдады. Шаршы алаңда бірнеше жекпе жек өткізіп үлгерді.
Фируза Шарипова 1994 жылы 29 тамызда Тараз қаласында дүниеге келген. Фирузаньщ ұлты — өзбек. Бала кезінен Әулиеата өңірінде өскен. Отбасында бес бала бар. Біздің кейіпкер үйінде екіншісі. Спортпен айналысатыны да жалғыз өзі. Тараздағы №39 мектепті және «Қайнар» колледжін бітірген. Одан кейін педагогикалық институтта «Дене шынықтыру және спорт» мамандығында оқыған. Бокстан бұрын велоспортпен айналысқан екен.
— Спортты бала кезімнен серік еттім. Алдымен велоспортпен айналыстым. Бірақ мен қатысқан секция жабылып қалды. Бірге жаттыкқандардың бәрін су добына алып келді. Алайда, суда жүзу қолымнан келмеді. Бірнеше рет өзімді сынап көрдім. Сосын «осымен жетер» деп қолды бір сілтеп кетіп қалдым. Ал боксқа кездейсоқ келдім. Көршіміз бокспен айналысатын. Бір күні сабақтан шыққан соң, оның жаттығуын көруге бардым. Сол залда қалып қойдым. Ол кезде 10 жаста болатынмын, — дейді Ф. Шарипова.
Алғашында жақындарының бәрі бокспен айналысқанына қарсы болыпты. Тіпті, үйде жанжал шығып, әжесі қатты ұрысқан көрінеді. Дегенмен, Фирузаның боксқа деген қызығушылығы мұндай қарсылықтың барлығын жеңіп шығады. Сабақтан қалса да, жаттығуды қалт жібермегенін айтады. Ал қазір туыстары Фирузаға қолдау білдіреді екен. Жекпе-жектің алдында және аяқталған соң, қоңырау шалып сұрап отырады.
— Ең бірінші жарысыма секцияға келгеннен кейін екі айдан соң катыстым. Қатты тырыса қоймадым. Жаттығуда үйренгендерімді жасап шықтым. Сол жолы екінші орын алдым. Финалда жеңіліп қалған соң, қатты жылағаным есімде. Бұл жеңіліс сол кезде мен үшін трагедия сияқты болған. Кейіннен боксқа біржола ден қойып, жеңіс өздігінен келе бастады, — дейді ол.
Таразда Ерік Алғабек және Феликс Цойдан тәлім алған. Соңғысының бапкер ретінде есімі көпшілікке танымал. Фирузаға дейін Болат Жұмаділов, Бақтияр Тілегенов, Рашид Қабиров, Паша Ни секілді талай мықтының томағасын сыпырған.
Шарипованың әуесқой бокстағы карьерасы сәтті болды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан чемпионатында бірнеше рет жеңіске жеткен. Астанада өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы. 2012 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері.
Ал кәсіпқой боксқа 2016 жылы бет бұрды. Жерлесіміздің промоутері — ресейлік Сергей Завилевский. Алғашқы жекпе-жегін 2016 жылы 21 мамырда өткізді. Ол Мәскеуде WВС тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынған Денис Лебедев пен Виктор Рамирестің кешінде шаршы алаңға көтерілді. Қарсыласы осал емес болатын. Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, үш дүркін Еуропа, екі дүркін әлем чемпионы атағына қол жеткізген ресейлік Софья Очигавадан жеңіліп қалды. Қазақстаннан алғашқы кәсіпқой боксшы қызды Олимпиада чемпионы Вячеслав Яновский дайыңдады. Ол кезінде Қарағандыда дүниеге келген, кейіннен Ресейдің атынан шыққан Наталья Рогозинаның бапкері болған.
— Кәсіпқой бокстағы дебютім Мәскеудегі 15 мың адам сиятын «Мегаспорт» кешенінде өтті. Бұл мен үшін өте пайдалы жекпе-жек болды. Жаттықтырушым екеуміз кәсіпқой бокстың ішкі асханасына үңіліп көрдік. Осыдан кейін барлық жатгығу процесін өзгерттік. Бұл кездесуден кейін басқаша дайындалатын болдық. Төрешінің шешімімен келіскен жоқпын. Бірақ онда тұрған ештеңе жоқ. Одан кейін бірнеше рет жеңіске жеттім. Менің болашағым әлі алда. Жекпе-жектің алдында толқығаным рас. Киетін қолғабың да басқа. Әуесқой бокстағыдай шлем де жоқ. Сондықтан аздап уайымдаған едім. Ал рингке шыққанда оның бәрі ұмытылып кетті. Шлемсіз бокстасу алғашқыда қиындау еді. Барлығы ашық, қай жерден ұрамын десең де көрініп тұрады. Әрине шлемсіз ыңғайлы, бірақ қауіпті, — дейді Фируза.
Бұдан кейін Шарипова шаршы алаңда төрт кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Софияға есе жіберген соң, Испанияда тәжірибелі Италия боксшысы Анжела Канниццароны оңай ұтты. Былтыр қыркүйекте Алматыда сербиялық Милена Матовичпен қолғап түйістірді. Тартысты өткен кездесу барысында сербиялық Қазақстан боксшысының ауыр соққыларының астында қалды. Осыдан кейін Милена Матовичтің бапкерлері шаршы алаңға орамал лақтырып, жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.
Ал биыл Ресей жерінде тағы екі кездесу өткізіп, екеуін де жеңіспен аяқтады. Алдымен төрешілердің шешімімен Юлия Чернобородованы қапы қалдырса, Виктория Котованы 54-секундта нокаутқа түсірді.
— Шынымды айтсам, жекпе-жектің алдында уайымдаған едім. Өйткені қарсыласым — дебютант. Кәсіпқой боксқа жаңадан келін жатқан адамнан не күтеріңді білмейсің. Бірақ Виктория Котовамен барлығы сәтті болды. Ешқандай шаршау болған жоқ. Жарақат алмадым. Виктория маған бірде-бір соққы жұмсай алмады. Осылай тез бітеді деп өзім де ойлаған жоқпын, — дейді боксшы қыз.
Фирузаны шетеддік басылымдар бірнеше рет кәсіпқой спорттағы арулардың қатарына қосқан еді. Бірақ, боксшы қыздың басы бос емес. Осыдан 2 жыл бұрын тұрмыс құрған. Жұбайы Денис Рыбак та кезінде бокспен айналысқан. Екеуінің үйлену тойы Тараз қаласында өткен.
— Жолдасым мені әрдайым қолдайды. Мүмкіндігінше менімен бірге оқу-жаттығу жиындарына, жарыстарға бірге барады. Оның шыдамдылығы мен түсіністігіне ризамын. Екеуіміз кейде спаррииг жасаймыз. Дениспен шаршы алаңда бокстасқан ұнайды. Күйеуім тек сол қолымен ұрады. Ал мен екі қолмен де соққы жұмсай аламын. Жаңа жылдың түнінде қонақтан келе жатқанымызда бізге арақ ішкен екі жігіт соқтығысты. Жолдасым біреуін нокаутқа түсірсе, мен екіншісін сұлатып тастадым. Ондай да қызық болған дейді, -Фируза.
Ешкімді кумир тұтпайтынын айтады. Бірақ құрметтеп, өнерін бағалайтын боксшылары бар екен. Олардың жақсы қасиеттерін өз бойына сіңіруге тырысады. Мысалы, Мэнни Пакьяоның еңбекқорлығын, Флойд Мейвезердің техникасы мен қорғанысын құп көрсе, Геннадий Головкиннен аяқпен қалай жұмыс істеу керектігін үйренуге тырысады. Ал Фируза үшін ең үздік боксшы — Мұхаммед Әли.
— Көбі боксты жай ғана төбелес деп ойлайды. Менің де көзқарасым сондай болған. Уақыт өте келе бокстың рингке шығып, біреудің бетінен ұру ғана емес екенін түсіндім. Бокс — өнер, қажет кезде шеберлігіңді корсету қажет. Өзің соққы жібермей, қарсыласыңның осал тұсын тауып, ұпай жинау кез келгеннің қолынан келе бермейді. Шаршы алаңда ашулы жүруге болмайды. Адам ашуға ырық берсе, тек ұруды ғана ойлайды. Салқынқанды болсаң, уақыттың қанша қалғанында сезесің, — дейді боксшы.
Фируза өмірде ашық-жарқын жүретін қыз. Адамдармен тез тіл табыса алады. Өзінің айтуынша, тамақ істегенді, үй жинағаңды, қонақ күткенді жақсы көреді екен. Енді 27 мамыр күні Ресейде Ольга Забавинамен кездеседі. Сол жекпе-жекте жерлесімізге сәттілік тілейміз.
Бек Төлеуов
Ұлан. – 2017. — 30 мамыр