Құнанбайұлы А. Сәулең болса кеудеңде

Әр заманда ұлт пен мемлекет келбетін жарқын да жасампаз идеяларымен айқындаған тұлғалар болады. Қазақ елі тарихында сондай тұлға — Абай Құнанбайұлы.

      Құрметті оқырмандар, сіздердің назарларыңызға тамыз айында Ай кітабы бетіне қазақтың ұлы ақыны, ұлтымыздың мақтанышы, данышпан перзенті, қазақтың ең жанашыр    сыншысы Абай Құнанбайұлыны «Сәулең болса кеудеңде» атты өлеңдер жинағын ұсынамыз:

      Құнанбайұлы, А. Сәулең болса кеудеңде [Мәтін] / Абай Құнанбайұлы. — Алматы : Мазмұндама, 2023. — 212 б.

     Ақын, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, қайраткер Абайдың өлеңдеріне қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық мәселелері мен ізгілік, адамгершілік тақырыбы арқау болған. Терең философиялық ой мен азаматтық пафосқа толы шығармалары надандыққа қарсы күреске шақырады.

      Абай – қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген ұлы ақын ғана емес, сонымен бірге қазақтың мәңгілік ойы мен сөзін өркениеттің биігінде тұрып айтқан дала данышпаны да. Қазақтың халық болып жұрт қатарлы өмір сүруі үшін адал еңбек етіп, озық білім мен ғылымды игеріп, ұлттық рухани құндылықтар мен имандылықтың асыл қасиеттерін бойына сіңірген «Толық адам» болуы керектігін ескерткен де — дана Абай. Абайдың ұлы-лығы сол, оның сөз өнерінің інжу-маржанына айналған поэзиясының әрбір сөзі ойымызға, бойымызға адамгершіліктің, ұлттық рухтың нәрін сеуіп, санамызды жаңғыртып, өмірге деген құлшынысымызды арттыра түсуінде жатыр.

      Ақын тұлғасы қаншалықты ірі болса, халыққа ықпалы да соншалықты зор болатыны, айналасына түсетін жарығы да мол болатыны анық.

      Қадірменді жас ұрпақ! Ұсынылып отырған Абайдың өлеңдері сіздерге алдағы өмірлеріңізде алға бастайтын компас болсын, даңғыл жолға адастырмай түсіретін жарық жұлдыздарыңызға айналсын!