Құтты келін — шаңырақ ырысы

Келін қашанда қазақ қоғамында ерекше мәртебеге ие. Келінді біздің халқымыз тек бір отбасының мүшесі деп ғана емес, қоғамның мәдени-рухани құндылықтарын сақтаушы ретінде қабылдайды.

25 қазан — Республика ұлттық мерекесіне орай Тараз қалалық ардагерлер кеңесі мен қалалық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Құтты келін-шаңырақ ырысы» атты келіндер байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Байқаудың мақсаты — мемлекеттік тілі құрмет көрсету, еліміздің тарихы мен мәдени дамуын жетік білу, салт-дәстүріміз бен әдеп-ғұрпымызды кеңінен насихаттау, қазақ келініне тән әдемілік, әдептілік, ибалық, сымбаттылық, ізеттілік пен іскерлікті, тапқырлықты дәріптеу болатын.

Байқауды жүргізуші қатысушы келіндерді сахна төріне шақырып, көпшілікке таныстырған соң, байқаудың бес кезеңнен тұратындығын хабарлады.

Бірінші кезең — «Келіні жақсы уйдің — керегесі алтын». Бұл кезеңде үміткерлеріміз өрнекті сөз, көрікті оймен өздерін таныстырады.

Екінші кезең — «Ата мұра-асыл қазына». Бұл бөлімде қатысушылардың шығармашылық қабілеттері сынға түседі.

Үшінші кезең — «Балалы уй-базар». Мұнда байқауға қатысушы келіндер бала тәрбиесіне қатысты өз ой-толғамдарымен бөлісті. Бесік жырын айтудан өзара бәсекелесті.

Төртінші кезең — «Әйел-уйдің қазығы». Бұл кезеңде отбасылық құндылықтарға сай салт-дәстүр, келіннің қайын жұртын қалай атайтыны, ата-енесін сыйлау, құрметгеуі жайлы түсінік-танымы сынға түседі.

Бесінші кезең — «Келін көркі — өнер». Бұл бөлімде қатысушылардың шығармашылық қабілеттері сынға түседі.

Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов рухы биік, өзінің шығармашылық мүмкіндігі мол, бүгінгі қазақтың болмысы, салт-дәстүрі, өнері бойынша байқауға қатысқалы отырған келіндерге сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Байқауға қатысқан 5 келіннің барлығы да үлкен жауапкершілікпен, даярлықпен келгендіктерін паш етіп, көрермендердің ризашылығына бөленді.

Сондықтан да әділ қазылар алқасы жеке-жеке орындарды белгілемей, оның орнына әрқайсысының көрсеткен өнерлеріне қарай аталымдар бойынша марапатталды.

Атап айтқанда, «Алмаз медикал групп» емханасындағы диагностика бөлімінің медбикесі Қабдраш Бибінұр Айдарханқызына «Парасатты келін», №45 орта мектебінің мұғалімі Рысбекова Алтынай Нұрланқызына «Инабатты келін», Абай атындағы орталық кітапханасының кітапханашысы Золина Гүлжанар Жаңбыршықызына «Сүйкімді келін», М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мәдениет және өнер кафедрасының оқытушысы Байсмақова Айгүлге «Көрермен көзайымы», балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының оқытушысы Қосақбаева Ақбота Жеңісбекқызына «Өнерлі келін» деген аталымдар бойынша жүлде табысталды.

Тартымды да тартысты өткен келіндер байқауын қорытындылаған Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова мен педагогика ғылымдарының докторы, профессор, қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы аналар кеңестің төрайымы Жанат Сарыбекова байқауға қатысқан талантты келіндердің әрқашанда ұрпақтарының қызығына кенеліп, жүздерінен шуақ шашып жүре берулеріне тілектестіктерін білдіріп,барлығын арнайы дипломмен марапаттап, сый-сияпат жасады. Сондай-ақ Қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Фарида Нақыш та келіндерге бағалы сыйлықтар тарту етті.

Осылайша қазақ келінінің жүрегіндегі мейірім мен парасат нұры ел іргесін бекем ететін ең асыл қазына екенін тағы да бір паш етті.

Алдаберді Меңлібайұлы,

Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Ғұмыр-Дария. — 2025. — 25 қазан