«ҚЫЗ БАЛА — ӨМІР КӨРКІ»

     «Гүл өссе — жердің көркі, қыз өссе — елдің көркі» дейді дана халқымыз. Бұл сөздің астарының мәні тереңде. Бабаларымыз қызды гүлге теңеп, әдеміліктің, әсемдіктің символы санаған.

Жуырда «Анаға тағзым» орталығында орталықтандырылған көпшілік кітапхананың №5 филиал кітапханасының қызметкері Балқия Бекмолдаеваның ұйымдастыруымен «Қыз бала — өмір көркі» атты кеш өтті. Жиынға кітапхана қызметкерлері, ардагерлер үйінен келген әжелер, түрлі ауданнан келген ақ жаулықты аналар, Қордай ауданындағы Мұстафа Шоқай атындағы мектептің оқушысы Алтынхан Саурықов пен Байзақ ауданының оқушысы Ақерке Манас қатысты. Іс-шараның ұйымдастырылу мақсаты ретінде әлемнің сұлулығын көзбен көруге, жанмен түсіне білуге, көңілге тоқу мен зерделі болуға үйрету көзделді. Қазақ қызының бойынан дәстүрімізге сай әдептілік, инабаттылық секілді асыл қасиеттердің табылу маңыздылығы айтылды.

Іс-шараның ашылу салтанатында аталған кітапхана меңгерушісі Жанар Қалжанова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Кейінгі кезекте халқымыздың ізгі салтын сақтаған ақ жаулықты аналардың ыстық лебізін жеткізу үшін Байзақ ауданының тұрғыны Бақтыгүл Әбдібайқызына сөз берілді.

— Қыз бала қай халықта болмасын әдемілік пен әдептіліктің, сұлулық пен іңкәрліктің символы саналған. Халқымыз қызды қонақ деп, төрінен орын беріп, алтынның сынығына балап өсірген. Жалпы бала тәрбиесіне, соның ішінде қыз бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген, — дей келе, Б.Әбдібайқызы қыздарға ізгі ниетін білдіріп, арнау өлеңін оқыды.

Іс-шара барысында оқушылар да ана мен ұстаз тақырыбын қозғап, арнаулы өлеңдер жинағын көрермендерге паш етті. Келесі кезекте қонақтарға қыз баланың тәрбиесіне қатысты сұрақтар қойылып, қатысушылар өз кезегінде ойларымен бөлісті.

Жиын  соңында қатысушылар әннен шашу шашты. Ал кітапханашы Мая Әзімқұлова қонақтарды «Қыз — ұлттың ұяты, халықтың шырайы» атты кітап көрмесімен таныстырды.

Гүлжан ТӨЛЕГЕНОВА,

Түймекент ауылы, Байзақ ауданы

AR-AI. – 2023. – 19 шілде (№53).