Әрбір мемлекеттің өз тәуелсіздігін айқындайтын басты белгілері болады. Олар – Туы, Елтаңбасы және Әнұраны. Қазақстан Республикасының да еңсесін көтеріп, әлемге танытқан осы қасиетті құндылықтарымызды біз «Мемлекеттік рәміздер» деп атаймыз.
1992 жылдың 4 маусымында Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері қабылданды. Бұл күн тарихымызда мәңгілікке алтын әріппен жазылып, бүгінде Рәміздер күні ретінде аталып өтеді.
Туымыз – бейбітшілік пен бірліктің, биік арман мен асқақ рухтың белгісі. Елтаңбамызда шаңырақ бейнесі-ортақ Отанымызды, бірлік пен татулықты білдіреді. Әнұран – әр қазақтың жүрегін жігерлендіріп, намысын қайрайтын асқақ әуен.
Рәміздер – елдің тарихы мен болашағын сабақтастырып тұрған қасиетті құндылық. Сондықтан әрбір қазақстандық оларды қастерлеп, ардақтап, қадірлеуі тиіс. Бұл – Отанға деген сүйіспеншіліктің, патриоттық сезімнің айқын көрінісі. Бүгінгі жас ұрпаққа рәміздерімізді қастерлеу, оларға құрметпен қарау, биікке көтеру – ең үлкен аманат. Өйткені рәміздер – тәуелсіздігіміздің кепілі.
Осы орайда Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінде «Ел рәміздері – ұлт рухы» әдеби-танымдық кеші, «Рәміздер – Тәуелсіздік тұмары» патриоттық брейн-рингі, «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш» атты «дөңгелек үстел» отырысы, «Жырға қосам рәмізін Отанымның» атты мәнерлеп оқу байқауы сынды шаралар өткізілді. Онда оқырмандарға мемлекеттік рәміздердің тарихы мен маңызы таныстырылып, еліміздің айрықша белгілерінің мәні жан-жақты түсіндірілді.
Мемлекеттік рәміздерімізге деген мақтаныш сезімін арттыру – әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Бақыт Тоқсанбаева,
Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы
Jambyl Taraz. — 2025. — 27 тамыз (№67). — 2 б.