Салт-дәстүрім — таусылмайтын байлығым

Қазақ халқы — салт-дәстүрге өте бай. Бұл — оның мәдениетті әрі тәрбиелі ел екендігінің айғағы. Біздің халқымыз өз ұрпақтарына ғасырдан-ғасырға ұлт қасиетін салт-дәстүрмен, өнегені әдет-ғұрыппен, үлгіні жөн-жосықпен, әдепті ырым, тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл, инабатты қыз өсірген. Осылайша ұлттық тәлім адамгершіліктің көрсеткіші екенін көрсеткен.

Оқырмандарға ата-бабаларымыздың салт-дәстүрі туралы түсінік беру, қазақтың әдет-ғұрпын бойларына сіңіру, халқына, ұлтына, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін арттыру мақсатында №6 кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Анаға тағзым» орталығында «Салт-дәстүрім — таусылмайтын байлығым» атты танымдық сағат өткізілді.

Шара барысында Тараз қаласы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының спорт бойынша әдіскерлері Асқар Құрбан мен Қуат Құрманқұлов ұлттық ойындардың түрлеріне, тәрбиелік мәні мен маңыздылығына тоқталса, Тараз инновациялық колледжінің кітапхана меңгерушісі Анар Асанова танымдық сағаттың жастарға берер тәрбиесі мол екенін баса жеткізді. Келесі кезекте №32 орта мектептің мұғалімі Әсел Супабекова сөз алып, жылы лебізін білдірді.

Бұдан кейін Тараз Инновациялық колледжінің білімгерлері қыз бен жігіт арасындағы «Салт айтысты» көпшілік назарына ұсынса, №32 орта мектептін 9 сынып оқушылары Ақан серінің «Балқадиша» әнінен сахналық қойылым көрсетілді. Сондай-ақ, аталмыш мектептің оқушылары халык әні «Еркем-айды» қазақтын ұлттық аспабы домбыраның сүйемелдеуімен орындап кешті әрлендіре түссе, Әдемі Бексұлтанова Мырзаның «Мереке» күйін нақышына келтіріп орындады. Сондай-ақ кітапхана қызметкері Айгүл Станбекқызы «Салт дәстүрім — таусылмайтын қазынам» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.

Шара сонында №6 кітапхана меңгерушісі Айгерім Бекпатшаева оқырмандарды кітаппен дос болуға шақырып, жиналған қауымға алғысын жеткізді.

Жанар Егеубаева,

№6 кітапхананың қызметкері

Jambyl-Taraz. — 2023. — 14 сәуір