Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі қазақтың ұлы ойшылы, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының мерейтойына орай М.Әуезов атындағы кітапхананың ұйымдастыруымен Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта «Абай әлемі» атты поэзия сағатын өткізді. Оқырмандар ақынның лирикалық өлеңдерін оқып, «Абай тағылымы – халық даналығы» атты кітап көрмесімен танысты.
Сонымен қатар «Абай мұрасы – ұрпаққа ұлағат» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Іс-шараға Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенттері, оқушылар, ҚР Ұлттық Ұланы 5513 әскери бөлімінің Бауыржан Момышұлы атындағы 85395 сарбаздары және кітапхана оқырмандары қатысып, Абайдың мазмұны өте бай өлеңдері мен маңыздылығы жоғары қара сөздерін жатқа оқыды. Қаламыздағы Абай атындағы №26 орта мектебінің мұғалімі Алмаш Ермекбаева Абайдың «Толық адам» ілімінің философиялық мәні туралы өз пікірімен бөлісті. Қатысушыларға «Абай жолы» романынан тәрбиелік мәні бар бейнеролик көрсетілді. «Адамзаттың шамшырағы – Абай » атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандарға таныстырылды. Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты Ғ.Мұратбаев атындағы кітапханада «Дархан халықтың – дана Абайы» атты әдеби шолу өткізілді. Іс-шара барысында жас оқырмандарға Абайдың өмірі, өлеңдері туралы тәрбиелік маңызы жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар №4 және №5 кітапханаларда Абайдың шығармашылық мұрасын дәріптеу мақсатында «Абай – пір тұтар, ақыл-ой алыбы» атты дауыстап оқу іс-шарасы, «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» атты дайджест ұйымдастырылды. Кітапхана оқырмандарымен ТЖМ «Қазселденқорғау » ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалы қызметкерлері ұлы ақынның поэзиясын мәнерлеп оқып, оның қара сөздерінен тағылымды ойларды көпшілікке жеткізді. Шығармашылық жолы туралы кең көлемде мәлімет беріліп, ақынның өлеңдері, қара сөздері мен аудармалары таныстырылды. «Абай айнасы» атты кітап көрмесі көпшілік назарын аударып, библиографиялық шолу жасалды. Іс-шараға қатысушыларға Абайдың өнегелі сөздері мен нақылдары ұсынылып, оның бүгінгі ұрпаққа берер тағылымы туралы пікір алмасты.
«Көне қамал» кешеніндегі көркем көрініс
Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар» жүйесінің ұйымдастыруымен Көне қамалда «Абай әлемі» атты әдеби сазды кеш өтті. Іс-шараның мақсаты қазақтың дара тұлғасы, ұлт руханиятының темірқазығы, ұлы ақынның бай мұрасын дәріптеу, өскелең ұрпаққа терең таныстыру мақсатында болды. Іс-шарада Абайдың жүрекке жол тартқан өлеңдері мәнерлеп оқылып, кітапхана қызметкерлері ұлы ақынның қара сөздерінен терең ойлы үзінділерді көпшілікке ұсынды. Абайдың әндері орындалып, күйлері жұрттың жүрегіне жетті. «Тараз жастары» театры сахналық көріністер көрсетті. Абай атындағы орталық кітапханасының қызметкерлері «Абай – ұлы тұлға» атты кең көлемде Абай шығармаларынан кітап көрмесін ұйымдастырды. Бұл күні тарихи Тараз аспанында Абайға деген құрмет асқақтап тұрды.
Есет Досалы
Ақ жол. – 2025. – 12 тамыз (№90). – 8 б.