Сертке берік сайыпқыран. Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Болат Ниязымбетов

Сертке берік сайыпқыран. Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері

Болат Ниязымбетов

 Бокс әлемінде жамбыл­дықтардың өзіндік ойып алар орны бар. Арқан бойы керілген шаршы рингте талай мықтының мысын басқан шойын жұдырықты шеберлерімізбен қалай мақтансақ та жарасады. Болат Ниязымбетовтің боксшы ретінде жолы даңғыл, тағдыры тәтті болды дей алмаймыз. Оның жеңімпаз ретінде шаттанған, өкініштен өзегі өртенген кездері де аз емес. Бір кездері ұлттық құраманың бас бапкері Әбдісалан Нұрмахановтың қаһарына ұшырап, Олимпиада ойындарынан сырт қалу қаупі де туындаған. Десек те, ол өзінің жанкештілігі мен табандылығының арқасында ғаламдық додада бақ сынау құрметіне ие болды. Жамбыл бокс мектебінің түлегі Атлантадағы жарыста ел сенімін ақтап, қола медальды кеудесінде жарқыратты.

Ақталған үміт

…1995 жыл. Олимпиада ойындарының жолдамалары үлестірілетін Ташкенттегі Азия чемпионаты қарсаңында өткізілген оқу-жаттығу жиыны шарықтау шегіне таяған сәт. Дайындық барысында Бақтияр Хождиевпен қолғап түйістірген Болат Ниязымбетов ойда жоқта ауыр жарақат алады. Оның салмағы командалық әріптесінен 12-13 келідей жеңіл. Жекпе-жектің қызығына беріліп кеткендері соншалық, екеуі де шегінбей айқасты. Ауыр-ауыр соққылар алмасу сәтінде Болаттың қабағы жарылады. Сол мезетте Ниязымбе-товтің қасына ентелеп жетіп келген бас бапкер Әбдісалан Нұрмаханов: «Түйсігі бар адам өзінен салмағы әлдеқайда ауыр боксшымен ашық айқасқа бармайды. Оны алдап, арбап жүріп ұтуың керек еді. Мына түріңмен Азия чемпионатына барып, не бітірмексің? Олимпиада ойындары жолдамасынан енді дәмеленбей-ақ қой. Сенің орныңа Зубов барады», – деп намысын қайрап, кері бұрылып кетті. Жағдайының өте қиын екенін түсінген Болат та сол күннен қалдырмай Әбекеңнің алдынан өту керек деп шешеді. Қонақ үйге келсе, бас бапкер бөлмеде жалғыз отыр. Қасына барып, ағынан жарыла сөйлейді. «Осы күнге дейін мен сізді жерге қаратқан емеспін. Үнемі сеніміңізді ақтауға тырыстым. Ташкентте де солай болады. Тек мүмкіндік беріңіз, Азияның алды болуға менің күш-қуатым жетеді», – дейді. Айтқан уәжінің бәрін тыңдап алғаннан соң бас бапкер: «Айтқаныңның бәрі рас. Бұл салмақта сенің алдыңа түсетін ешкім жоқ. Сондықтан да бағыңды байламаймын. Бірақ, дәрігерлер не дейді екен?» – дейді қабағы жарылған Болатқа алаңдаушылық білдіріп. Олимпиадаға баратынына қуанғаннан: «Дәрігерлер үшін абыржымай-ақ қойыңыз. Ол жағын өзім реттеймін. Ал сізге сенім білдіргеніңіз үшін көп рахмет! Сөзім – сөз, Азияның алтынын алақаныңызға саламын!» – дейді көкірегін шаттық кернеген Болат қуанышын жасырмастан.

Иә, Болат дайындығын пысықтап, өзге боксшылармен бірге Өзбекстанда өтетін сары құрлық біріншілігіне жол тартады. Жеребе тарту рәсімінде Ниязымбетовтің алғашқы айналымда рингке шықпайтыны белгілі болды. Кейіпкеріміз тағы үш-төрт күндей демалуға мүмкіндік алды. Сол аралықта қабақтағы жараның аузы бітіп, беті әжептәуір жазылып қалған-ды. Ташкент төріндегі шаршы алаңда қазақтың өрені төрт жекпе-жек өткізді. Өзбекстан, Моңғолия және Ираннан келген қарсыластарын қоғадай жапырып, финалға шықты. Ақтық айқаста Ниязымбетовті филиппиндік сайыпқыран күтіп тұрды. Дәл осы Галидо Райнолдоға ол бұған дейін екі рет есе жіберген еді. Әсіресе, Сеулдегі дода есінен кетер емес. Қазақ боксшысы қапияда жарақат алып, дәрігерлер қабағын жөнге келтіріп жатқанда Райнолдо қарсыласы Болатты керемет комбинацияларының арқасында айқын жеңгендей рингтің қақ ортасында атой салған. Сонда кеудесін намыс оты шарпыған Болат «Біз әлі кездесеміз. Сонда жақсылап тұрып сазайыңды беремін» деп өз-өзіне серт берген-ді. Міне, енді қос мықтының жолы қайта түйісті. Бұл бәсекеде Ниязымбетов Азия ойындарының жеңімпазын 10:3 есебімен ойсырата ұтты. Осылайша, қатарынан екінші рет құрлық чемпионы атанған Ниязымбетов Атланта Олимпиадасының жолдамасын қанжығасына байлады.

 Олимпиададағы әсерімен бөліскен боксшы: «Олимпиада додасы мен үшін сәтті басталды.Бастапқы бәсекелерде мексикалық Карлос Мартинес (23:5), замбиялық Дэвис Мбале (11:3) және ирандық Бабак Могимиді (13:7) есептерімен оңай ұтып, жартылай финалға еш кедергісіз жеттім. Одан кейін Барселона Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы Эктор Винетпен қолғап түйістірдім. Білмеймін, сол кезде қарсыласымның атағынан қаймықтым ба, әлде мысы басып кетті ме? Әйтеуір сол жекпе-жекте бар білгенімді анық көрсете алмадым. Әншейінде еркін ойқастаушы едім. Бұл жолы ойлағандарым жүзеге аспады. Шынын айтсам, Атлантада мен қола медальды қанжығаға байлағаныма риза болдым. Соны қанағат тұттым. «Қатардағы ортаңқол боксшының бірінен емес, төрткіл дүниенің теңдессіз мықтысынан ұтылдым» деп, өз-өзімді жұбатқандай болдым», – дейді өткен күндер елесіне көз жүгіртіп.

Түркиялық қазақ алдап соғыпты

Болат Ниязымбетовтің кәсіби мансабында жарқын жеңістер аз болған жоқ. Ке-ңестер Одағының әр қиырында өткен жасөспірімдер мен жастар арасындағы көптеген ірі додаларда жеңіс тұғырына көтеріліп, ересектер дуында да өзін мойындатты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ол елішілік бәсекелерде 63,5 келі салмақ дәрежесінің тізгінін қолына мықтап ұстады. 1994 жылы Тегеранда және 1995 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында қатарынан екі рет жеңімпаз атанды. Хиросимада алауы тұтанған Азия ойындарының қола жүлдесін иеленді. Бангкоктағы әлем кубогінде де үшінші орынға табан тіреді. Негізі, соңғы екі жарыста Ниязымбетовтің бірінші орынды олжалауға керемет мүмкіндігі болды. Алайда екеуінде де қырсық шалды. Мәселен, әлем кубогінің жартылай финалында Болаттың жолын төрешілер бөгеді. Шартпа-шұрт айқас барысында Қазақстан үмітіне германиялық Оқтай Ұрқалды «ту сыртынан ұрды» деген айып тағылып, жеңіс қарсыласының уысында кетті. Азия ойындарында пәкістандық Осман Ханды жақсылап тұрып төмпештеп жатқан еді, қолы морт сынды. Сол секілді 1995 жылы Берлинде өткен әлем чемпионатында да қандасымыздың қанжығасы майлануға тиіс болған. Алайда ол ширек финалда Түркияның намысын қорғаған қазақ жігіті Нұрхан Сүлейменоғлыға жол берді. Бір кезеңдерде өзінің командалық әріптесі болған жігітке неліктен ұтылғанын боксшы былайша еске алады.

– Берлинде өткен әлем чемпионатының ширек финалында екеуміздің жолымыздың қиысатынын білгеннен кейін қонақ үйге мені арнайы іздеп келген Нұрхан: «Болат, сенің мықты екеніңе ешкімнің күмәні жоқ. Бірақ жекпе-жек барысында мені сабай көрме. Егер бұл кездесуде айқын ұтылатын болсам, түріктер мені командадан қуады. Сондықтан да барлық күшіңді сарқымай, жай ғана жұдырықтас. Бәрібір де жеңіс сенікі», – деп жалынғандай болды. Бұрынғы командалық әріптесім қиылып сұрағаннан кейін мен «Жарайды!» деп келістім. Уағдаласқанымыз бойынша жекпе-жек барысында тізгінді тартыңқырап жүрдім. Бәсеке аяқталғанда ұпай санымен жеңіске жеткеніме күмәнім болған жоқ. Ал төреші қарсыласымның қолын көтергенде, төбеме аспаннан жай түскендей күй кештім. Сол сәтте ғана барып Нұрханның мені алдап соққанын түсіндім. Өйткені ол кездері Түркия азаматы Канер Доганели Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығында (АIBA) төрешілер алқасының төрағасы қызметін атқаратын. Яғни, қатардағы қазылар Доганелидің айтқанын екі етпейтіні анық. Соны мен естен шығарған екенмін. Сол алаңғасарлығымның кесірінен оңбай опық жедім. Онымен әңгіме біткен жоқ. Бәсеке аяқталған бетте Әбдісалан Нұрмаханов мені жерден алып, жерге салды. «Сенің Нұрханнан жеңілуің мүмкін емес. Түріктер саған ақша берген. Намысың жоқ», – деп қатты-қатты сөздер айтты. Ақталғым келіп еді, ағамыз ешбір сөзіме құлақ аспады. Сол кезден бастап асқар таудай Әбдісалан ағаның қаһарына ұшырап, тіптен ұлттық құрама сапынан қуылуға шақ қалдым. Есейе келе адам бәрін басқаша түсінеді екен. Қазір сол сында қандай ағаттық жібергенімді ойласам, ішім удай ашиды. Өкініштен өзегім өртенеді. Әлем чемпионатында мықты екендігімді біле тұра, соны пайдалана алмағаныма күйінемін. Біраз жылдан бері мен бапкерлік қызметте жүрмін. Әр жаттығуда, әр сәт сайын өз шәкірттеріме «сондай қателікке бой алдырмаңдар» деп қайталаудан жалыққан емеспін. Ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Кезінде мен де «болашағым алда, әлі алтын алып үлгеремін» деп ойладым. Бірақ, келешекте ондай мүмкіндік бола ма, болмай ма, Аллаға аян. Сондықтан әрбір жекпе-жекке үлкен жауапкершілікпен қарап, әрбір жарыста жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілуге талпыну қажет, – дейді Болат.

Атланта Олимпиада­сынан кейін Болат дүбірлі додаларда тым сирек бой көрсете бастады. Кейіннен үлкен спорттан қол үзіп, Тараздан Алматыға қоныс аударып, бірер жыл құқық қорғау саласында қызмет етті. Алайда спортқа деген құштарлығы суымаған Болат Ниязымбетов көп ұзамай сүйікті ісіне қайта оралды. Бұл күндері қандасымыз бапкерлікті қолға алып, былғары қолғап шеберлерін жаттықтыруда. Біраз жыл Қазақстан жасөспірім қыздар құрамасының, «Астана арландары» бокс клубының бапкері болады. Бүгінде әуесқой бокстан Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері, даңқты жерлесіміз Болат Ниязымбетов Ирак құрамасының бас бапкері қызметінде. Ирак Бокс федерациясының басшыларымен жасалған келісімшарт бойынша ұлттық құрамамен Араб ойындарында жақсы өнер көрсетіп, Азия және әлем чемпионатында көбірек жүлде иеленуі керек. Кенжелеп қалған бокс өнерін дамыту оңай шаруа емес. Олай болса, Болаттың бапкерлік жолындағы еңбегіне жеңіс пен жеміс тілейік.

Наурызбек САРША

Ақ жол. – 2016. – 19 шілде