ШЫҒАРМАЛАРЫН ТАРАЗДЫҚ ОҚЫРМАНДАР ОҚИДЫ

 Нүрғали Ералиевті жуалылық көзі қарақты оқырман туған жер, оның тарихы, бүгінгі болмысы мен осында өмір сүріп, елінің жарқын келешегі жолында еселі еңбек етіп жүрген жайсаң азаматтар туралы қалам тербеген бірқатар шығармалары арқылы жақсы таниды. Автордың баспа жүзін көрген «Ана аманаты», «Боралдай», «Есебі түзу есепші», «Салықшылар» және «Сиқым (Есті) шежіресі» кітаптары таяуда тараздық оқырмандарға жол тартты.

Республикалық «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы аясында және Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толуына орай Тараз қаласындағы Абай атындағы орталық кітапхана ауыл жанашыры, әрдайым игі істердің ұйытқысы болып жүрген Нұрғали Әбдәліұлын арнайы шақырып, шығармаларының тұсаукесерін өткізді.

Кітапсүйер қауымның басын қосқан өнер кешінің шымылдығы кітапхана қызметкері Кәмшат Сұранқұлованың орындауындағы «Жолыққан қандай жақсы» атты әсем әнмен ашылғаннан кейін кітапхананың бөлім меңгерушісі Гүлжазира Дөңесоваға сөз берілді.

Ол алдымен жиылған копшілікке авторды, оның өмірі және еңбек жолын таныстырып өтті. Жуалы ауданының Көлтоған ауылында дүниеге келген Нұрғали Ералиев ауылдағы орта мектепті ойдағыдай тәмамдағаннан кейін шаруашылықта түрлі жұмыстар атқарады. Механизатор болып, түрлі маусымдық жұмыстарға араласып, еселі еңбектің жарқын үлгісін көрсетеді. Кеңес армиясы қатарынан келген бойда ауылдық кеңес атқару комитетінің аға бухгалтері болып жұмысқа орналасады.

Кейіннен «Коммунизм жолы» колхозы бас бухгалтерінің бірінші орынбасары, Жуалы ауданаралық мал бордақылау бірлестігінің бас бухгалтері, аудандық қазынашылық бөлімінде бас ревизор қызметтерін абыроймен атқарады. Соңғы ширек ғасыр бойына салық саласында тер төгіп келеді. Орта арнаулы бухгалтер, жоғары білімді экономист Жамбыл есеп-санақ техникумы мен Алматы есеп-санақ академиясын сырттай оқып бітірген. «Атомдық ядролық қару сынақтарының» ардагері ретінде дарежесі Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген. «Қызыл жұлдыз» және «Даңқ» ордендерінің иегері, бірнеше медальдармен марапатталған.

Кітапханашылар Айгүл Баетова мен Раушан Қалжанова автордың шығармаларына библиографиялық шолу жасады. Шолу барысында әр шығарманың қандай тақырыпты қозғайтыны, онда келтірілген деректер баяндалды.

Кеште авторға сөз беріліп, ол өзінің шығармалары туралы кеңінен әңгімелеп берді.

-Мен кітап жазып, жазушылардың қаламына жармасайын немесе атымды шығарайын деген ойдан аулақпын. Әр адам өзінің шыққан тегінің өткен тарихын, өнегесін кейінгілерге жеткізу үшін өмірден көрген, түйген көкейдегісін саралап естелік жазу үшін бәлендей жазушы болудың қажеті жоқ шығар деп ойлаймын.

Әжем Орынкүл сал ауруына душар болып, екі жылдай төсек тартып жатып қалды. Ол кезде оң- солымды танып, ақыл-есімді жиып қалған 14 жасар естияр баламын. Сол әжем қайтыс болардан біраз бұрын мені жанына шақырып алып, айтқан аманатының бірі — тұңғыш ұлы, жуалылық майдангер, гвардия аға лейтенанты, менің атам Қасым Ералиевтің есімін ардақтау, кейінгі ұрпаққа өнеге ету болатын. Батыр ұлының есімі мен майдандағы ерлігі атаусыз қалғаны ананың қабырғасына қатты батып жүрген екен.

Мен майдангер атам туралы әжемнен естіген, ел аузында жүрген мәліметтерді жинақтай бастадым. Кеңес армиясының офицері Қасым Ералиевтің қан майданда жүргенде орыс қызы Пелагея Романовнамен көңіл жарастырып, шаңырақ көтеруі, Пелагеяның қыстың көзі қырауда өзі танып-білмеген Қазақстанның бір шалғайында жатқан Боралдайға келуі, екеуінің ұлы Әбдірәсілді (Володя) дүниеге әкелуі, одан кейінгі оқиғалардың бәрін кітапта рет-ретімен тізбектеліп берілді.

Осы естелік кітабым асыл әжем Орынкүлдің аманатының орындалуы әрі асқар таудай әкем Әбдәлі мен Қасым аталарымның қабірінің басына қойған құлпытас ескерткішім, — деді автор.

Нұрғали Ералиевтің тырнақалды туындысы «Ана аманаты» кітабы осылай жазылып еді. Одан кейінгі «Боралдай» кітабына туған жердің тарихы мен әсем табиғаты, ауыл еңбеккерлерінің жетістіктері, жайсаң азаматтар арқау болса, «Есебі түзу есепші» шығармасы басы бүтін ауылдағы «есепшілер ұстаханасының» ұстазы, бүгіндей майталман есепші маман болуына әу баста жөн сілтеген Қайрат Әміровке арналған. «Салықшылар» кітабында ауданның салық органында бірге қызмет істеп жүрген үзеңгілес әріптестері, салаға әр жылдары басшылық еткен азаматтар мен басқарманың бүгінгі тыныс-тіршілігі баяндалады.

Ал «Сиқым (Есті) шежіресі» кітабы — болмыс-бітімі бөлек шығарма. Онда автор өзі шыққан Сиқым руының Есті аталығының арғы-бергі тегін терміштеп, ата-бабасына бір кездері жазықсыз телінген «Жаман есті» деген атау төңірегінде ой қозғайды.

Нұрғали Әбдәліұлы сөз соңында кітаптарының жарыққа шығуына демеушілік жасаған жерлесі, тараздық кәсіпкер Қуанышбек Бөрібековтің есімін ерекше ілтипатпен атап, оған алғысын білдірді.

Кеш барысында сөз алған журналист-баспагер Абылайхан Сәметұлы, кітапхана оқырманы Гүлнар Керімбайқызы Нұрғали Ералиев туындыларының жас ұрпаққа берер тәрбиелік, өнегелі тұстарына тоқталып, олардың кез келген жастағы оқырман қауымның сүйіп оқитын дүниесіне айналатынына сенім білдірді.

Кешті Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің әдістемелік көмек және кітапханаларды дамыту бөлімінің меңгерушісі Ғалия Төлеубекқызы қорытындылап, авторға шығармашылық табыс тіледі.

 «Жаңа өмір»-ақпарат

Жаңа өмір. — 2024. – 27 желтоқсан (№95). – 3 б.