«Старостаның» баламасы – «Сақа» (Мейрамбек Төлепбергенов)
десек, әріптесіміз Мейрамбек Төлепбергенді дәл сипаттау үшін бұларға үшінші «саңлақ» сөзін де қосу керек
Староста. Бұл сөз мектептен құлаққа сіңген. Аударылмаған. Аударылмас та. Жарты ғасыр бұрын оқыған мектепте қай оқушының староста болғаны есте жоқ, ал елу қиырдан құйылған елу студенттің ішінен екі топқа екі староста шыққанда, бірі – Мейрамбек Төлепберген еді. Онда Төлепбергенов. Түскен оқуымыз – Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультеті.
Журфактың деканы – Қожакеев. Ол тұста «партия десең – Ленин еске түсетіні» сияқты бұлар да біріне-бірі кіндігінен байланған егіз ұғым еді.
Темірбек Қожакеев жайында бірнеше кітап шықты. «Мықшеге» деген кітапты өзіміз құрастырып, Қожакеевтің және бір алғыр шәкірті Мұхтар Құл-Мұхаммед басып берген. Сол кітаптардың өзегі журфак деканының жыл сайын орыстілді, қазақтілдісі бар екі бөлім, төрт топқа бөлінетін жүз баланы қалай адам етемін, қайткенде журналист қыламын деп жүз түрлі тәсілге барғаны жайында. Қаталдық пен әділдік те, тездік пен сөз түріндегі кездік те деканның бойынан табылатын. Жазықты студенттердің жатақханадан шығып, стипендиядан қағылуы – жазаның оңай түріне жатады. Осындай тағдыр қыл ұшына ілінген кезде шырылдайтын біреу бар – топтың старостасы.
Бұл старостаның міндетін жиырма бес қыз-жігіт оқу бітіріп, Темекеңнің темір шеңгелінен шыққанша Мейрамбек адал атқарды. Тіпті жанын сала жүгірді десе де болады. Деканның қабағын қателеспестен бағатын мықтыға басқа кафедра меңгерушілерінің, оқытушылардың қыбын табу қиын емес қой, сынақ кітапшамызды Мейрамбектің портфеліне жиып салып беріп, «кітапхана емес, сырахана қайдасың» деп кеткен кез болған шығар. Қазір ойласаң, өкінішті.
Айтпақшы, сол кезден қолына портфель ұстады. Кейін облыс әкімінің орынбасарының портфелін ұстағанда таңырқамағанымыз сондықтан. Бірақ ол студенттер старостасынан облыстың екі-үш басшысының біріне дейінгі жолды оңайлықпен жүріп өтпегені хақ.
Сол университеттегі жылдары Мейрамбектің бойынан бірнеше қасиетті көргенбіз. Біріншісі – білімділік. Иә, білім жарыстыра алатын аз ғана үздіктің бірі болды. Жұмабек Кенжалин, Шархан Қазығұл, Әмір Оралбай, кейін қосылған Кәрібай Мұсырман… Президент әкімшілігінде, Үкімет кеңсесінде, «Қазмұнайгаз» сынды мығым мекемеде қызмет істеу, ақпарат саласында республикалық деңгейдегі акционерлік қоғамды басқару, Парламент депутаты болу – біздің курстастардың қиналмай алған биігі. Биікке жеткеннің бірі – Мейрамбек те білімділігімен және білімге құмарлығымен тәнті етті.
Оның бойындағы келесі қасиет – жауапкершілік аталса керек. Тал бойынан қылдай мін табылмаса, сол қасиетінен. Өткенде Елбасы туралы бір зерттеумен танысқанбыз. Ресейлік деректанушы-жазушы, атақты мемлекет басшылары мен қолбасылар 14 тілде шыққан кітаптардың авторы Николай Зенькович былай дейді: «Әр азамат иығымен үш жүкті көтереді, олар: Отанның, отбасының және жеке басының жүгі. Назарбаев осы үштіктің ішінен әрдайым алдымен Отанның жүгін көтеруді бірінші кезекке қойды». Біздің старостамыз тәуелсіздік тәй-тәй басқан шақта біраз уақыт Елбасының сапарларын сипаттап жазатын «президенттік пул» аталатын топта жүрді. Отаншылдық сезімі сол сындарлы шақта жүрекке терең ұяласа керек.
Отан алдындағы, отбасы алдындағы, жеке өз басы алдындағы жауапкершілікке адал болу абырой баспалдағы екен. Үлкен атақтарға жетті. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Басқа да мемлекеттік наградалары болуы керек. Бірақ төсіне тағып, кеудесіне сыңғырлатып жүргенін көрмеппіз. Қазақстан Республикасы Президентінің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығынан бастап, бірқатар құрметке жетті. Бәрібір атаққа емес, иықтағы жауапкершілікке жұмыс істейтіні сонау диплом алып Алматы облыстық «Жетісу» газетіне қызметке барған күнінен белгілі еді. Иә, қызметке тұрардың о жақ-бұ жағында сұлу Светаны қолынан жетектей кеткен, содан бері отбасы алдындағы жауапкершілікті де бір сәт ұмытпаған.
Қызметке тұрардан бұрын диплом алдық. Диплом алар, бір-бірімізбен қоштасар күндерде біз елу курстастың әрбіріне аттарын атап, бір-бір шумақ өлең шығардық. Қадыр Мырза Әлидің атақты «Студенттер» өлеңіндегі «Бірінші жыл ауылы естен кетпей, Бесінші жыл қимайды астананы» дегені айна-қатесіз біздердің де басымызға келген. «Бірін-бірі қолынан ұзатып салған» қыздар, «бірін-бірі қолынан үйлендірген» жігіттер шынында қалай қиыссын?!
Сол қимастық әсерімен бәріне бір-бір шумақ арналғанда Мейрамбекке былай жазыппыз:
–Болған жоқ ренжуің, кектесуің,
Болған жоқ мақтануың, көп бөсуің.
Мейрамбек староста ылғи өстіп,
Аман өт ортасынан от пен судың.
«От» – азуын айға білеген декан Темірбек Қожакеев те, «су» – староста жауап беретін топтағы қаперлеріне түк кірмей жайылып жатқан жиырма бес жүгірмек. Осы арада Мейрамбектің және бір қасиеті жатыр. Тіл табысу. Әрқайсысы әр қиырға ауа жайылатын жиырма бес болашақ «классик» пен диірмені дүрілдеп тұрған деканның аралығына дәнекер болғаны сондықтан.
Ол кіммен де болсын тіл табыса алады. Өйткені түсінік пен таным әлемі кең. Ел мен жер жайында сұрасаң да, тарих пен тілге тереңдесең де, ғарыш пен техника тақырыбына салсаң да, ішкі саясат пен сыртқы саясатты талқылатсаң да суырылып шығады. Кешегі өзіндей өндір студент пен Кеңес Аухадиев сынды абыз ақсақалды екі жағына алып, тонның ішкі бауындай болып ортасында отыру – оған түк те қиын емес.
Және бір қасиеті, шамасы қоғамға пайдалы, бірақ өзіне пайдасы азы – ақиқатты айтатыны. Студент кезімізде 45 минуттан қосарланған бір жарым сағаттық дәрісі жалықтыратын доцентке «аға, мына лекцияңыз түк қызық емес» дегенді айта алса, Мейрамбек айтатын. Басын кесіп алса да шындықтан жалтармайтын. Сабақты дұрыс өткізе алмаған ұстазға ол мінін бетке айту – студент үшін оңай ма? Жоқ. Бәлкім, деканымыз Мейрамбекті староста қойғанда осы тайсалмайтын, жалтармайтын мінезін бағаласа керек.
«Қоғамға пайдалы, бірақ өзіне пайдасы аз» деуіміз тегін емес. Беріде үлкен мекеменің елеулі буынын басқарып тұрғанда жоғарыдағы министрдің қисынсыз талабын орындаудан бас тартады. Жай бас тартпайды, «мынауыңызды орындайтын болсақ, онда тура керісінше жүзеге асады» деп хабарлайды. Нәтижесі… біздің турашыл досымыздың бұл қызметті өткізіп беруімен аяқталған.
Жылдар жылжыған сайын ол мінезден қайтпады, қайтқан не өткірлей түсті. Осы мінезі оны депутат етті. Жамбыл облыстық мәслихатына. Республиканың парламентіне біздің курстан бір азамат депутат болды. Облыстық және республикалық бағыныстағы қалалық мәслихатқа депутат болған үштің бірі – осы Мейрамбек досымыз.
Студент кезінде бәріміз оны Мейрамбек деп айтқанда, жалғыз қыз оған «Сақа» деп сөйлейтін. Ол қыз – Оңлагүл Арзықұлова старостамызбен бір ауылда өсіп, бірге оқыса керек. Мектепте, сосын факультетте бірге оқу – ерекше құбылыс. Екеуі туған топырақтың қасиетінен болса керек деп санаймыз.
Оңлагүлден білсек, оны бала кезінде бүкіл ауыл Сақа деген екен. Кейін бір кітабына алғысөз жазғанда рухани ағасы Шерхан Мұртаза да оны «Сақа» атаған.
Сақа. Ол да, біз де – асық атқан ауыл баласымыз. Сақа басқа асықтан анағұрлым ірі, сондықтан салмақты, қолға ұстағанға қолайлы келеді. Бояп қойса, тіпті көрікті. Иіріп, тастап жібергенде алшы түссе, өзіңді де айқұлақтандырып жібереді. Көзің түскен асықты шертіп атып қалғанда қалай мерейіңді үстем етеді.
Сақа – кезінде біз аударылмас деп жүрген староста сөзінің баламасы екен. Оның қызметін құйып қойғандай дәл бейнелейді. Сөйтіп, декан Қожакеев жиырма бес студенттің ішінде сақа тағайындаған Мейрембекке өмір кейін де осы міндетті жүктеп отырды.
Мейрамбек Төлепбергеннің сақалығы кейін өмір сатысының түрлі басқыштарында байқалып тұрды. Айталық «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында департамент директоры болған жылдары. Қарамағындағы бірнеше қызметкерімен бірге біздің досымыз анау-мынау электровоз тарта алмас жүкті діттеген жерге жеткізіп жүрді. Онда Қорғастағы Алтынкөл стансасын және басқа коммуникациялық нысандарды салу енді басталған. Мейрамбек топты журналисті ертіп болашақта мұндай қандай сәулетті қала, экономикалық аймақ, логистикалық орталық болатынын түсіндіретін. Тілші қауымын ол жерде темір жол тұрмақ, кеден, экономика, сыртқы сауда, құрылыс және басқа салалардың жілікті мамандары күтіп тұратын, кез келген сұрақтарға жауап берілетін.
Мейрамбек топты журналисті жинап алып, «Ақтөбе Қостанаймен, Арқалық Жезқазғанмен, Жезқазған Қызылордамен, Шалқар Бейнеумен байланысады әлі» деп сайрап тұратын. Тура географиядан сабақ беріп жатқандай. Онда Шар мен Өскеменді қосқан жол бітіп, Ақсу мен Курчатов арасындағы жол енді-енді салынып жатқан шығар. Мейрамбек ертек айтып тұрғандай көрінетін. Біледі екен, білген соң айтады екен. Енді бір кездегі курстастар картасымен айтсақ, Мылтықбайдың (Торғай даласы) ауылынан Әмірдің (Сыр бойы), одан Мұраттың (Маңғыстау түбегі) ауылына бір пойызбен жетуге болады. Соның бәрін әттең Сақамыздың осы үш курстасы да көрмей кеткені өкінішті.
Жоғарыдағы сөзімізде оның облыс әкімінің орынбасары болғанын тілге тиек етсек керек. Мұндай қызметке журналистер сирек жетеді. Біздің көз алдымызда облыс басқарған журналист Мұхтар Құл-Мұхаммед ғана. Облыс әкімінің орынбасары қызметіне қалам ұстаған қауымнан Шыңғыс Мұқан, Мақат Садық, Рауан Кенжеханұлы сияқты аз ғана азамат жетсе, соның бірі Мейрамбек дейміз.
Мұнда да сақалығын көрсетті. Денсаулық, білім, мәдениет, спорт салаларын дамытуға үлес қосты. Тараздың мерейін асырған спорт сарайлары салынды. Қаншама әлеуметтік және өнер орындары жаңадан іске қосылды, ескілері жөнделді. Рас, қаржыны бюджеттен депутаттар бөлгізетін шығар, бірақ Мейрамбектің талап қойғыштығы байқалмай қалмады.
Кейбіріне облыс әкімінің орынбасары ретінде тікелей жауапты болып, кейбіріне оның алдында немесе кейінірек ел-жұртқа жаны ашитын, жөн білетін ағалардың қатарында жүріп Тараздағы талай іргелі мәдени-рухани шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Иісі қазаққа ортақ Кененнің, Баукеңнің мерейтойлары тұсында, көзі тірі Шерхан Мұртазаны, Асанәлі Әшімовті, Күләш Ахметова мен Қайырбек Асановты елге шақырып құрметтеуде бірқатар шаруаларға Сақамыз бас-көз болғанын білеміз.
Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға Тараз қаласы таңдалғанда, бұл – аймақтағы атқамінерлерге де, менмін деген азаматтарға да үлкен сын еді. Сол сыннан сүрінбей өтуге кеңес беріп қоймай, білек түре кіріскеніне куәміз. Елдік тойын теледидар арқылы қазақ даласы тұрмақ, түркі әлеміне көрсету мақсатымен барғанымызда Мейрамбегімізді аймақтағы қолынан нақты іс келген басшылар тобынан көріп, марқайғанбыз.
Сақа болмаса, депутат сайланар ма? Бергі үрдісте облыстардағы, Астана мен Алматы сияқты қалалардағы депутаттар тобында қалталы адамдар көптігі байқалатын. Орынды қаржысымен бірдеңе етіп ала ма, жоқ ақшалы адамнан аз да болса артық пайда келер деп халықтың өзі сене ме, мұны социологтар анықтай жатар. Біздің білуімізде, бұта басын шалар бизнесі жоқ журналистер: Мейрамбек Төлепбергеннің Жамбыл облыстық, Ержан Байтілестің Қызылорда облыстық, Қали Сәрсенбайдың Алматы қалалық мәслихаттарына депутат болуы – демократияның көрінісі. Ұлттық жаңғыру жорығының басында жүрген осындай әріптестерімізге сүйсінеміз.
Депутат достарымыз сессияларда әкім баяндамасына бас шұлғып отырмай, дүр сілкінтер мәселе көтергенде жаңғырығы Астанадағы бізге жетіп жатады. Осындайда журналистердің «төртінші билік» деген алдамшы сөзді қанағат қылмай, биліктің нақты үш бұтағының бірі – заң шығарушы дәрежесіне жеткені қуандырады.
Сақа ретінде енді Қазақстан телерадио корпорациясының Жамбыл облыстық филиалын басқарып отыр. Төңірегінде: жас журналист, режиссер, оператор, дизайнер, тағы басқалары. Оларға журналистикада не істеуді өзі үйретеді. Студент кезімізде «ойыншы-жаттықтырушы» деген ұғым болды. Әсіресе, командалық ойындарда: футбол, баскетбол, регбиде кездесіп жататын. Біздің досымыз – соның дәл өзі. Күніне ондаған бағдарлама шығатын «Қазақстан – Тараз» телеарнасындағы «Сыр-перненің» автор-айташысы. Эфирді жүргізгеннің қалай екенін бастан өткізген тұлғаның телеарнаны басқарғандағы жетістігі ерекше болмақ. «Жамбыл облыстық филиалының директоры Мейрамбек Төлепберген 180-ге жуық хабарды өз авторлығымен эфирге шығарды». Бұл 2016 жылдың басындағы есеп болса, алдағы уақытта футболда Криштану Рональдудың соққан доптары сияқты бұл санның да өсе түсері күмәнсіз.
Өмірдің ғажаптығына таң қалмасқа болмайды. Студенттік жылдарды бір аудиторияда өткізген староста досымызбен міне, алпыстың асқарына іліккенде тағы да бір мекемеде қызмет етіп отырмыз. Ол әлі сақа. Саны сексеннен асатын қызметкері бар ұжымның басшысы. Баяғы 25 баланың жауапкершілігіне қарағанда, мұнда талап үлкен. Мемлекеттік ақпараттық саясат. Күнделікті және суыт жаңалықтар. Қоғамды жаңғыртудағы Елбасы қойған міндеттер. Аймақтың экономикалық-әлеуметтік дамуы. Тіпті «Тараз» командасының қалай доп тепкеніне дейін. Бәріне эфирден орын берілуі керек.
Доп тепкен демекші, бұл досымыздың тағы бір қабілеті – спорт комментаторлығы. Кезіндегі Қынабай Аралбаев марқұм, қазір «Жетісу» арнасындағы басшылардың бірі Мейрам Жанділдин сияқты сексенінші жылдар басындағы көгілдір толқында тікелей репортаж жүргізіп шыныққанның бірі. Содан шығар, ара-тұра қазіргі «Қазақстан» мен «Казспорт» телеарналарындағы комментаторлардың орашалақ тілі мен қарадүрсін ойларын сынап көш-құлаш шолу жолдайтыны бар. Еріккеннен емес, жаны ашығаннан.
Сонымен, біздің курстың сақасы енді үлкен ұжымның басшысы ретінде дүбірге толы мына дүниенің тынысын Қордай асуынан Шақпақ асуына дейінгі, Алатаудың өрінен Бетпақдаланың ортасына дейінгі алқаптағы қалың елге жеткізуде. Үлкен жауапкершілік. Қазіргі кезде күнділікті , үйреншікті тіршіліктен басқа террористік лаңкестік әрекеттер, су тасқыны, жердің дүмпуі де кездеспей қалмайды. Мұндай ақпаратты жеткізуде жеделдікпен қатар, жауапкершілік те үлкен. Сол сыннан бір ұжымның басшысы Мейрамбек Төлепберген сүрінген емес. Сүрінбесін де.
Саңлақ. Бұл сөзді үшінші сипаттама ретінде таңдап едік. Саңлақ журналист екені даусыз. Оны оқу бітіре салып орналасқан Алматы облыстық «Жетісу» газетінде дәлелдеген. Бұл – өте ерекше газет. Облыстық басылым болса да редакциясы ол жылдары астана Алматыда орналасып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің баспасының баспаханасында басылып шығатын. Редакцияның өзі «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерімен, «Қазақстан коммунисі», «Ара» және басқа мүйізі қарағайдан басылымдармен бір ғимаратта еді. Осының өзі газеттің басқа облыстағы қатарластарына қарағанда, қағазының және безендірілуінің сапалы болуымен қоймай, ішіндегі материалдарының салмақты шығуына себеп болатын.
Жұмабек Кенжалин «Социалистік Қазақстанда», Қали Сәрсенбаев, Дүрәлі Дүйсебаев үшеуіміз «Лениншіл жаста», Комунар Тәбеев, Болатбек Орманов «Қазақстан пионерінде» дегендей, бірнеше курстас ертеңгілік-кешкілік сол старостамызбен бір есіктен кіріп-шығатынбыз.
Алматыда басылатындықтан «Жетісу» газеті аптасына бес күн ертемен сиясы кеппеген қалпы алдымызда жатады. Басқа достар: Әмір Оралбаев, Уәлихан Тоқпатаев, Өтеген Наукиев, Мылтықбай Исмағұлов, Иса Тасқұлов, Мұрат Әбуов және басқалары не жазғанын оқу үшін Алматыдағы бас почтамп жанындағы аллеяға баратынбыз. Аллеяның екі шетінде әйнектелген тақтайшалар тұратын. Оған облыстық газеттердің Алматыға келген жаңа нөмірлерін (анығында үш-төрт күн бұрынғы) айқара беттерін іліп тастайтын. Содан курстардың фамилиясын іздейтін едік. Енді мына интернет, электронды-сандық заманда ертек айтып отырған сияқтысың.
«Жетісудан» журналист әріптесіміздің талай мақаласын қызыға, құныға оқып едік. Кейбірі әлі есте. Одан өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында егемендікке иек арттық. Жаңғырту (ол кездегі Горбачевтің үкілеген атауы – қайта құру) желімен «Халық кеңесі» газеті шығатын болды. Жаңа республикалық күнделікті басылымға сайдың тасындай іріктелген журналистер жиналды. Жанболат Аупбаев, Марат Тоқашбаев, Самат Ибраимов, Нұрдәулет Ақышев, Бақытжан Тобаяқовтармен қатар Мейрамбек те осында шақырылып, белсене қызмет атқарды. Ана тіліне мемлекеттік мәртебе әперу, республиканың тәуелсіздігі мен тұтастығына көз алартқандарға тойтарыс беру, Қазақстанның ғарыш державасы болуын негіздеу, ұлтаралық алауыздықты қоздырмақ болғандарды сабасына түсіру – ол жылдардың басты әрі өзекті тақырыптары еді. Мылтығы, анығында қаламы қолынан түспеген Мейрамбек Мылтықбайұлы осы жауапты шептерде елдікті қорғаған тілшілік күзетте тұрды.
Сосын елдің ең басты газеті «Егемен Қазақстанға» қызметке келді. Бұл – республикада жаңа Конституция арқылы экономикалық, құқықтық, әлеуметтік реформалар басталған тұс. Біздің сақамыз енді саңлаққа айналып, ең қажетті тақырыптарды толғады.
Жалпы, «Жетісу», «Халық кеңесі» және «Егемен Қазақстан» газеттерінде қызмет еткен жылдары жазған мақалалары бірнеше кітаптың өзегіне айналды. «Сағасында Таластың бір ауыл бар», «Ақиқат алдында», «Саңырақ батыр», «Баһадүр Бақтыораз», «Қос жүрек – бір тағдыр», «Заман сөзі» тура қазір біздің алдымызда жатыр. Көбін баспадан шыға сала оқығанбыз. Баспадан шыққан не, талайы мақала кезінде сол газет беттерінде тамсандырған. Қарап отырсақ, бәрі әлі өзекті.
«Латын әліпбиі – келешектің кілті» атты филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбековпен сұхбаты осыдан он жыл бұрын «Атамұра» баспасынан шыққан «Замана өзі» кітабына басылған. Оқыңыз: «Әліпби ауыстырудың үш деңгейі бар: біріншісі – әліпби, екіншісі – таңба, үшіншісі – емле-ереже деңгейі». Міне, қазіргі күннің бағдарламасы.
Қазір Мемлекет басшысының ұлттық сананы жаңғырту жайындағы айтулы мақаласы қоғамға қозғалыс түсірді. Бұл орайда Мейрамбек телеарна басшысы ретінде де, жеке журналист ретінде де өзінің тың үлесін қосар, ал ХVІІІ ғасырда ел қорғаған Саңырық батыр, ХІХ ғасырда қазақ айтыс өнерінің жауһары болған Ұлбике Жанкелдіқызы, ХХ ғасырда бұрын ата-бабасы мінбеген әскери ұшаққа мініп Отан қорғаған Бақтыораз батыр, қазақ даласына соны спорт түрі, кейін Олимпиада алтынының кенішіне айналған боксты әкелген Шоқыр Бөлтекұлы туралы зерттеу кітаптары – ұлттық сананы жаңғыртудың іргетасына құйылған материалдар деу керек. Әркім ұлттың рухани көгіндегі 100 есімді айқындайды десек, біздің курстасымыз газеттегі, кітаптағы мақала, телеэфирдегі сұхбаттары арқылы ондай тұлғалардың талайын насихаттаған. Ұзақ жыл үкімет басқарған Бәйкен Әшімов, қаламгер Әкім Тарази, Қаратау қазынасын тапқандардың бірі геолог Хасан Исмурзин, кешегі күркіреп өткен соғыстың талай ақтаңдағын ашқан тарихшы Төлтай Балақаев – журналист кейіпкерлерін санап тауыса алмаймыз.
Мемлекет басшысының мақаласында туған жерге қатысты терең ойлар бар емес пе?! Бұл орайда Мейрамбек Төлепберген жиырма екі жыл бұрын шыққан «Сағасында Таластың бір ауыл бар» кітабынан бастап әлі күнге туған жер жайындағы толғаныстан арылған емес. Еліне арнайы апармаса да ауылының әрбір адамы, әрбір сайы мен тасы бізге таныс болып кеткен. Жазбалары арқылы да.
Электронды ақпарат саласындағы еңбегі тағы бір төбе. Өзінің «Қазақстан – Тараз» арнасындағы қазіргі хабарын айтпағанда, «Хабар» мен «Жетісу» және «Қазақстанда» көптеген бағдарламасы эфирден өтті. Жетісу өңіріндегі елге елеулі, халыққа қалаулы Кеңес Аухадиев, Бижамал Рамазанова, Сәкен Иманасов, Әбілсейіт Айханов, Ізбасар Балтағұлов, Алмабек Нұрышев, Нүсіпбек Әшімбаев сияқты аға-апалар оның «Аманат» хабарына қатысып, іргелі ойларын, жарқын естеліктерін айтты. Осы және басқа кейіпкерлердің кейбірі енді о дүниеге аттанып кеткенін ойласақ, олардың бейнесінің телевизияда, яғни ұлттық жадыда сақталып қалулары – Мейрамбектің тілші ғана емес, азамат ретіндегі еңбегінің арқасы.
Шерхан Мұртаза туралы деректі фильмінің атының өзі неге тұрады – «Шындықтың жебесі». Төле би туралы фильмін қалай үкілеген – «Қазақтың кемеңгері». Мұндай журналистік ізденістер ізсіз кетуі мүмкін емес, ол үшін Мейрамбек Төлепберген республикалық байқауларда талай жүлде алған.
Бір сөзбен, журналистика саңлағы.
Үш тарауды қосып түйіндесек, староста, сақа, саңлақ – біздің Мейрамбек.
Қайнар ОЛЖАЙ
Айқын. – 2017. – 3 мамыр (№64)