Қымбатты балақайлар!
Бұл жолы Сіздерге Ганс Христиан Андерсеннің «Таңдаулы ертегілері» атты кітабымен таныстырамын.
Ганс Христиан Андерсен 1805 жылы Данияның Оденсе қаласында, кедей отбасында дүниеге келген. Атасы ағаштан таңғажайып жануарлар мен қанатты адамдардың мүсіндерін жасағанды жақсы көретін. Ешкімге зияны жоқ ақжарқын қария жоқшылықтың салдарынан өмірінің соңында ақыл-ой кемістігіне ұшырапты. Ал әкесі Ганс етікшілікпен айналысса, анасы Анна Мари Андерсдаттер нәпақа табуға болатын жұмыстың қай-қайсысынан да қашпайтын. Шытырман оқиғаларға құмар Үлкен Ганс 1812 жылы Наолеон әскерінің құрамында соғысуға аттанады. Төрт жылдан соң мүгедек боп оралған ол көп ұзамай көз жұмады. Ырым-жырымға сенгіш Анна Мари балшыларға баласының болашағын болжатуға құмар етін. Солардың бірі: «Күндердің күнінде ұлыңыз атақты адамға айналады», – депті. Өкінішке орай, ғазиз ана жалғызының «әлем балаларының сүйікті ертекшісі» атанғанын көрмей кеткен.
Ганс әкесінен қызықты әңгімелерді, қиял-ғажайып ертегілерді, аңыз-хикаяларды тыңдап өседі. Алайда шынайы өмір оны сынап-ақ бағады. Серейген ұзын бойлы, арық баланы бәрі «құтан», «бағана» деп мазақтайтын. «Сен де ертең атаң сияқты есуасқа айналасың» деп келеке ететін. Тіпті, әлдебір бұзақылар жайдан-жай ұрып жіберуге дайын тұратын. Мектепте де, көшеде де оның достары болмады. Мұғалімі болса, қай тапсырманы да қатесіз жаза алмайтын шәкіртін саусақтарынан аяусыз ұрғылайтын. Мұндай «адам төзгісіз азапқа» шыдай алмай, оқудан бас тартқан ұлын анасы кедей балаларына арналған қайырымдылық мектебіне ауыстырады.
Жоқшылық, айналасындағылардың зәбірі, шеттетілу Ганстың жігерін жасыта алмады. Ол өте арманшыл да қиялшыл, сезімтал да әсершіл болып өседі. Балалық шағын «Менің өмірімнің ертегісі» атты кітабында былайша еске алыпты: «Әке-шешемнің жалғыз баласы болғандықтан, ерке өстім. Анам маған: «Сен бақыттысың. Нағыз графтың баласысың», – дейтін. Өзін ата-анасы кішкентайында қайыр сұрау үшін үйінен талай рет қуып жіберіпті. Сонда күні бойы көл жағасында, көпір астында қарны ашып, суықтан бүрсең қағып, жылап отырады екен.
Анна Мари ұлының шебер тігінші болуын армандайтын. Сол себепті де, оны ес білгеннен тігуге үйретеді. Ал әкесі қолдан ойыншықтар жасағанды, ән айтқанды, дат драматургы Гольбергтің комедияларынан ұлымен бірге көріністер қойғанды жақсы көрген. Ақыл-ой кемістігіне ұшырағандарға арналған ауруханада істейтін әжесі немересін сонда жиі ертіп баратын. Ганс онда «ерекше үй тұрғындарының» әңгімелерін сағаттап тыңдаудан жалықпайтын. Өмірінің соңына таман күнделігінде: «Мені жазушы еткен – әкемнің әндері мен есуастардың сөздері», – деген жазба қалдырыпты.
Ганс мектепте сабақты нашар оқыған. Ешқандай пәнге қызығушылығы болмаған. Үй тапсырмасын орындаудан гөрі көртышқанның інінің аузында отырып, оның жер бетіне шығуын, таңғажайып жерасты әлемі туралы баяндап беруін күткенді жақсы көретін.
Бірде Оденсеге копенгагендік труппа келіп, бір батыр туралы қызықты қойылым қояды. Көрермендер арасында әкелі-балалы Андерсендер де бартын. Бұл оқиға бала Ганстың театрға деген сүйіспеншілігін оятады. Үш ай бойы әкесімен бірге жәшіктен сахна дайындап, ағаштан қуыршақтар жасап, оларға матадан киімдер тігеді. Тіпті, өзі арнайы пьеса жазып, уақытын өзімен-өзі көріністер қоюмен өткізетін.
Жазушының ертегілерінің қайссын алсаң да қиял-ғажайыпқа, шытырман оқиғаға тола. Балалар Сіздерге «Нағыз ханша» атты ертегісінмен таныстырайын.
Нағыз ханша
Ертеде бір ханзада болыпты. Ол ханшайымға — тек нағыз ханшайымға үйленуді армандайды екен. Арманындағы ханшайымды іздеп, дүниенің төрт бұрышын түгел аралапты. Алайда барлығы да ойынан шықпапты. Ханшайымдар көп еді, бірақ олар нағыз ханшайымдар ма, жоқ па, соны білмей басы қатыпты. Елден ел кезіп, үйіне қайғырып оралады — ол нағыз ханшайымды қатты кездестіргісі келген еді.
Бірде кешкілік ұйтқыған дауыл көтерілді: найзағай жарқылдады, күн күркіреді, нөсерлетіп жаңбыр жауды — дүние астаң-кестең болды! Кенет қақпаның есігі қағылды, есікті ашуға қарт король шықты. Шықса, қақпа алдында мал-мандай су болған бір қыз тұр. Құдайым-ау, мына дауыл қызды қандай күйге түсірген! Су оның шашынан да, көйлегінен де сорғалап, шұлығы арқылы шәркейіне құйылып жатты. Сөйте тұра, ол өзін нағыз ханшайыммын деп таныстырды.
«Жә, біз оны тексереміз!» деп ойлады корольдің әйелі, бірақ ештеңе демеді. Сөйтті де, жатын бөлмеге барып, кереуеттен барлық көпшік-көрпелерді түсіріп, тақтайдың үстіне бұршақ қойды. Сосын оның үстіне жиырма көрпе төсеп, көрпенің үстіне тағы да жиырма мамық көпшік салды.
Осы төсектің үстіне патшайымды түнде ұйықтауға жатқызды.
Ертесіне одан қалай ұйықтағанын сұрады.
— Ой, сұрамаңыз, өте нашар ұйықтадым, — деп жауап берді ханшайым. — Мен түні бойы көз ілмедім. Төсектің астында не бар екенін бір құдай біледі! Мен әйтеуір бір қатты заттың үстінде жаттым, енді бүкіл денем көгеріп те қалған шығар! Ешкімнің басына бермесін!
Сөйтіп, бәрі де оның нағыз ханшайым екенін түсінді. Өйткені ол жиырма көрпе, жиырма мамық көпшікте жатып, бұршақты сезді ғой! Тек нағыз ханшайымдар ғана осындай нәзік болады.
Осылайша ханзада оған үйленді — енді ол нағыз ханшайымға үйленгенін біледі! Ал бұршақ оны қазір де көруге болатын музейге жөнелтілді, тек оны әлдебіреулер ұрлап кетпесе болғаны.
Біліп қой, бұл — ақиқат тарих.
Андерсен ертегілері сіз бен бізге өмірді қат-қабат қиындығымен қабылдауды үйретеді. Өмірді қаз-қалпында сүюді үйретеді. Ал, өмір дегеніміз – Андерсеннің өзі айтқандай, ең ғажайып ертегі.
Ертегілер әр түрлі жастағы оқырмандарға арналады.