Қалалықтардың басым бөлігі қоғамдық көлікпен қатынайды ғой. Бірі – жұмысқа, бірі – мектеп пен балабақшаға, енді бірі жеке шаруасымен… Күз түсе автобустар студенттер мен оқушыларға лық толады. Кейде адамның көптігі ыңғайсыздық туындатқанымен, дәл осы кезеңде қала өміріне жан бітіп, қызу тіршілік басталғандай күйге бөлейтіні тағы бар. Мектепке қатынап жүрген алаңсыз оқушылар, жалын кешкен жастар…
Біз де, ел қатарлы автобустың тұрақты жолаушысымыз. Қоғамдық көлікте отырып нендей оқиғаларға куә болмаймыз десеңші?! Бірде жолаушылардың айқайына, енді бірде жүргізушілердің дөрекілігіне, кейде керісінше, адамдардың бір-біріне деген мейіріміне, жанашырлығына, қамқорлығына қанығасың. Әсілінде, автобустың іші – өмірдің өзі дерсің!
Күн бұрын сондай ерекше сәттің куәсі болдым. Әдеттегідей автобуста еш алаңсыз келе жаттық. Кенет, аялдамалардың бірінен көлікке мінген әйел кісі автобустың ішін кәдімгі ойын алаңына айналдырып жібергені. Ойын болғанда, Тараз туралы танымдық сұрақтар қойып, кәдімгі ой сергіту сәті болды. Жолаушылардың бәрі сауалдарға жапа-тармағай жауап беріп жатты. Мұндай ерекше шара қала күні мерекесіне орай ұйымдастырылып жатыр екен. Шынын айту керек, дәл мереке күні концерт қою мен ресми шаралардан өзге, қаланың қарапайым азаматтарын да қамтып, әрі танымдық, әрі мерекелік іс-шараның өткізіліп жатқаны қуантты.
Мәселенің мән-жайын білмекке Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбековаға хабарластық. Ол автобустағы шара «Тараз туралы тоғыз сұрақ» деп аталатын круиз екенін, оны қалалық «Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі» қала күні қарсаңында ұйымдастырып жатқанын айтты.
– Қаланың өткені мен бүгіні, тарихы мен мәдениеті туралы ақпараттар мен жергілікті ақындар Күләш Ахметова, Қайырбек Асанов, Әбдірахман Асылбек, Шырын Мамасерікова, Рафаэль Ниязбеков, Баймаханбет Ахмет, Ғайни Әлімбекқызы, Жұлдыз Бейсектердің Таразға арнаған өлеңдері қоғамдық көліктерде аудиожазба арқылы қойылып, жолаушылар тыңдауда. Сонымен қатар танымал тұлғалардың сүйікті қаламыз туралы дәйек сөздері қоғамдық көліктерде орналастырылып, жолаушыларға таратылуда. Кітапхана қызметкерлері қоғамдық көлік жолаушыларына қала атауының неше рет өзгергендігі мен атаулары, мәдени ескерткіштер мен саябақтар, қаланың аумағы, халық саны, көше саны секілді түрлі сұрақтары бар викториналық ойын ойнатуда. Сүйікті қаламыз туралы көптеген мәліметтер беретін «Тараз мұралары», Сембек Сейдазимовтің «Тарихымен табысқан Тараз», Мақұлбек Рысдәулеттің «Жамбылым қандай тамаша» кітаптарына библиографиялық шолу жасалып, жолаушылар назарына ұсынылуда, – дейді бөлім басшысы.
Сондай-ақ ол қоғамдық көліктер 8 қазан, яғни қала күні барлық жолаушыларға таңнан түнге дейін тегін қызмет көрсететінін атап өтті.
Маржан РАҚАЙ, Тараз қаласы.
Jambyl-Taraz. — 2022. — 6 қазан