Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі. Осынау тарихы тасқа, шежіресі құмға сіңген киелі өлкеде ежелгі дәуірлерден, орта ғасырлардан жеткен ұзын-саны 1000-нан асып жығылатын тарихи-мәдени мұралар бар. Бұл қасиетті мұралар тек бір елдің, бір ұлттың мүддесі үшін емес, бүкіл Жер шарын мекен ететін адамзат үшін қызмет етіп келеді.
Бүкіл адамзатқа, оның ортақ өркениетіне тән жәдігерлердің қазақ топырағында орын тепкен бірегейлерінің бірі – іргетасы шамамен осыдан 2100 жыл бұрын қаланған, қай-қай дәуірде де өзінің аса ірі мәдени-рухани және саяси орталықтардың бірі санатындағы биігінен төмендеп көрмеген шаһарлардың бірі – Тараз қаласы екені даусыз.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тарихын білмеген ұлттың болашағы да мүшкіл болуы мүмкін» деген еді. Расында да, соңғы ғасырларда қазақ халқының болмысы үлкен өзгеріске ұшырап, тарихи жады өше жаздаған еді. Тәуелсіздік жылдарында ғана ұлттық санамыз қайта жаңғырып, тарихымызды түгелдей бастадық. Бүгін де көне тарихымыздың көмбесі – қасиетті Тараздың киелі мұраларын «Қазақстанның киелі жерлері» айдарымен назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Таза сезім символы
Айша бибі кесенесі – ХІ-ХІІ ғасырлардағы сәулет өнерінің үздік нұсқасы. Тараз қаласынан 17 шақырым жерде Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында орналасқан. Бұл өңірге аяқ басқан әрбір адам мұсылман әлемі құрмет тұтатын, «әулие орын» деп аталған ортағасырлық сәулет өнерінің інжу-маржаны Айша бибі кесенесіне ат басын бұрмай өтпейді.
Ғасырлар тереңінен біздің заманымызға дейін кесененің батыс жақ қабырғасы мен оған жапсарлас қабырғаларының қалдықтары ғана жеткен.
Кесене жобасы – шаршы формалы бұрыштарында колонналары бар құрылыс. Кесене қабырғаларының сыртқы жағы қолдан ойылған ою-өрнектері бар 62 түрлі терракот қыш тақталармен көмкерілген. Әрқилы үйлесім мен нұсқалардан тұратын, түрлі өсімдік гүлдері мен геометриялық түрлер сарынындағы өрнектерге бай. Бұл – орталық Азия мен Қазақстандағы өн бойы ою-өрнектермен көмкерілген жалғыз ескерткіш.
Сондықтан да Айша бибі кесенесі қазақ халқының ежелгі ою-өрнегін сақтаған музейі іспетті. Қабырғаларының ортасында жебе бейнелі иіндермен көмкерілген терең қуыстар бар. Колонналардың жоғарғы жағы ваза түрінде жасалған.
Кесене құрылысына антисейсмикалық мақсатта арша ағашы пайдаланылған.
Жерленген адам туралы тек аңыздар ғана сақталған. Аңыздардың бірінде Тараз билеушісі Қараханға сапары кезінде жылан шағып, қайтыс болған Зеңгі баба мен Ануар бегімнің ару қызы Айша бибі туралы айтылады. Аңыз бойынша – Қарахан өзінің сүйіктісіне арнап керемет кесене салдырған. Қазіргі күні жастар Айша бибі кесенесіне мәңгілік махаббаттың, таза сезімнің, пәктіктің символына айналған киелі орын ретінде мінәжат етуге келеді.
Бабаджа Хатунға құрмет
Айша бибі кесенесінің маңына орналасқан. Кесене өзінің композициясы мен құрылымы жағынан өте қарапайым. Құрылыс күйдірілген кірпіштен салынған. Қабырғаларында сәндік безендірулер жоқ, бірақ сәулеттік құрылыстың жинақы әрі қарапайым ою-өрнектері үйлесім тапқан.
Кесененің көркемдік пен сымбаттылық беретін призмалық барабанға орналасқан 16 қырлы конус жабыны – Қазақстан күмбездерінің ішіндегі ең ерекшесі. Қасбетінде: «Бұл Бабаджа Хатун қабірі. Оны салушы» деген жазулар бөлігі сақталған. Шебердің аты-жөні сақталмаған.
Аңыз бойынша, кесене Айша арудың күтушісі болған, кейіннен бибісі өмірден өткен соң жас қабірдің өмір бойғы шырақшысы міндетін атқарған парыз адамы – Бабаджа Хатунның жер бесігі үстіне орнатылған.
Қарахан – әулиеата
Тараз қаласының орталығында орналасқан (Төле би мен Байзақ батыр көшелерінің қиылысы), ортағасырлық рабат аумағындағы діни-мемориалдық кешенге кіреді. Кесене Қараханидтер әулетінің көрнекті тұлғасының бірі – Шах Махмуд Қараханға арналып салынған. Кесенені салушы шебердің аты-жөні тарихта сақталмаған. Кесененің алғашқы нұсқасы біздің заманымызға жетпеді. 1906 жылы жергілікті тұрғындардың күшімен алғашқы кесененің орнына қайта салынған, алайда оның сәндік өрнектері жойылған. Кесененің алғашқы келбеті мен сәулеттік құндылығын тек 1902 жылы түсірілген фотосуреттен ғана көре аламыз. Суретте кесене шаршы формалы. Бас қасбетінде кірпіштен өрілген өрнектер бар. 1961 жылғы қазба жұмыстары кесенені сәндеу үшін 30-ға жуық түрлі терракоттар пайдаланылғанын анықтады. Кіреберіс иіні сүйірлене қаланып колоннаға тірелген. 1836-1936 жылдар аралығында қала Қараханның құрметіне Әулиеата деп аталды.
Қазір бұл жер – бесік орналасқан орталық залы, үш бұрышында үш құджыра бөлмелері бар порталды-күмбезді құрылыс. Қарахан кесенесінің қабырғалары патшалық кезеңінің кірпіштерімен өрілген. Күмбезі мен арқалық ойықтары ғана ХІ ғасырдағы кірпіш-плиткалармен салынған.
Тектұрмастың тұрағы
ХІV ғасырда Талас өзенінің оң жағалауында Тектұрмас кесенесі салынған және бұл діни орындардың бірі болған. Осы төбенің басында зороастризм, христиандық, мұсылмандық рәсімдегі зираттар орналасқан. Төбенің етек жағында ежелгі жерасты жолы және Талас өзені арқылы өтетін тас көпір болған.
ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы атеистердің дінге қарсы саясаты кезінде көптеген тарихи-мәдени ескерткіштер толықтай немесе жартылай қирады. Тектұрмас кесенесінің тек фотосуреті ғана сақталып қалған (ХІХ ғ. 80-жылдар). Кесене формасы қарапайым. Аталған мекенге 2001 жылы археолог А.Итенов қазба жұмыстарын жүргізді. 2002 жылы кесененің алғашқы орнында жаңадан кесене тұрғызылды. Кесене жергілікті халыққа Тектұрмас атымен белгілі Сұлтан-Махмудхан жерленген орын ретінде белгілі. Ал Тектұрмас сөзінің өзі түркіше «тынымсыз орын» дегенді білдіреді.
Гүлжан Рахман
Астана ақшамы. – 2017. – 23 қыркүйек