Жазушы өзінің басынан кешкенді, көзі көргенді, түйсінгенді, жаны сезгенді ғана жазады.
Ақиқатты бүкпесіз, ашық айтудан айнымаған, жалтақтауды, жалпақтауды білмейтін, дақпыртты, даурыққанды, желпініп-желіккенді жақтырмайтын, өзімен-өзі оңаша болғанды ұнататын; шығармашылық өнерге аса жауапкершілікпен қарайтын дара суреткер – Әкім Тарази. Ол, бүгінде кемеліне келіп, әдебиет әлемінде көркем шындыққа айналған тұлға.
Әкім Тарази тек қана жазушы емес, дарынды драматург, шебер аудармашы, тағылымды тарихшы, әдебиеттің ары, намысы.
Толстой, Достоевский, Хемингуэй, Стендаль, Гюго секілді әлемдік әдебиеттің өкілдерімен иық тірестіре алатын тегеурінді таланттың бірі де осы – Әкім Тарази.
Құрметті оқырмандар, тамыз айына сайтымыздың Ай кітабы бетіне қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Таразидың 90 жылдық мерей тойына орай, оның шығармалар жинағының 11-томын ұсынамыз:
Тарази, Ә. Шығармалары [Мәтін]. 11 т. Аударма. Франсуа Рабле. Гаргантюа және Пантагрюэль : роман / Әкім Тарази. — Нұр-Сұлтан : Фолиант, 2022. – 664 б.
Жазушы, драматург Әкім Таразидың шығармалар жинағының 11-томына атақты француз жазушысы, қайта өркендеу дәуірі әдебиетінің өкілі Франсуа Рабленің «Гаргантюа және Пантагрюэль» романының аудармасы еніп отыр. Роман аударма заңдылығын сақтай отырып, қазақ ұғымына лайықтап аударылған.
«Гаргантюа және Пантагрюэль» романы – әлемдік даңқ әкелген Рабленің басты туындысы болып табылады. Онда кез-келген сәтсіз адамдар туралы әзіл әңгімеге сүйеніп, жаңа гуманистік мәдениет жүйесін қарсы алып, орта ғасырдағы мекемелер мен дағдылардың өте өткір және терең сынын берді. Романды жазу үшін 1532 жылы Лионда «Великие и неоценимые хроники о великом и огромном великане Гаргантюа» атты еңбек түрткі болып, анонимді түрде «халық кітабы», 1533 жылы оның жалғасы ретінде «Страшные и ужасающие деяния и подвиги преславного Пантагрюэля, короля дипсодов, сына великого великана Гаргантюа» жарық көрді.
Кітап көпшілік оқырман қауымға арналады.