Тарихы тағылымға толы Тараз
Екі мың жылдан астам уақыт бойы салтанат құрып келе жатқан тарихи Тараз бүгінде жаңаша бағытта дамып, соны сипатта түрленіп келеді. Уақыт өткен сайын көне шаһарда құрылыс қарқынды дамып, облыс орталығының әлеуметтік және экономикалық әлеуеті артуда. Өткен аптада ғана Тараз қаласында «Қала күні» мерекесіне орай жиырма бірдей нысан ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Әуелі Жамбыл облысы әкімдігінің алдында Жамбыл Жабаев ескерткішінің ашылу салтанаты өтті. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған облыс және қала басшылығы, сонымен қатар қоғамдық кеңес мүшелері мен қала тұрғындары қатысты. Даңқты жырау ескерткішінің облыстық әкімдік алдынан бой көтеруі өңір тарихында айтарлықтай оқиға болды. Сонымен қатар бұл нысан қазақ халқының кенен өнерін, құдіретті қара сөзін айғақтап тұрғандай әсер етеді. Жамбыл Жабаев ескерткішінің ашылу салтанатына қала тұрғындары мен қонақтары да көптеп жиналып, қала күні аясында өткен шараны тамашалады. Бұдан былай Абай даңғылының бойында ұлы ақын Жамбылдың рухы асқақтап, болмысы биіктеп тұра бермек. Ал аталған ескерткіштің биіктігі 4 метр болса, салмағы 1,5 тонна.
Өз кезегінде Тараз қаласында «Теміржол вокзалы аллеясының» ашылуы да айтарлықтай оқиға деуге болады. Аллеяда екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһарының тарихын баяндайтын стелла орнатылып, оған «Тәңір» деген сөз жазылыпты. Сонымен қатар мұнда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың домбырасы, күй шебері Ықылас Дүкенұлының қобызы бейнеленген. Ал бұл жерге неше мыңжылдықтардан сыр шертетін Тараз топырағынан да талай тұлғалардың шыққанын білдіретін қауырсынның орнатылуы келер ұрпақ үшін үлкен өнеге болатыны анық. Аталған скверде «Көне Тараз» стелласы қойылып, айналасы абаттандырылды. Стеллаға Тараз, Әулиеата, Жамбыл, Талас сияқты Тараз қаласының бұрынғы төрт атауы жазылып, қобыз, домбыра, дәуіт, балбал тас сынды тарихи кезеңдерді бейнелейтін ұлттық құндылықтар орнатылды. Нысанды «Айя сервис» ЖШС-нің 30,0 миллион теңге жеке қаражаты есебінен Тараз қаласы тұрғындарына «Туған жерге тағзым» жобасы аясында тарту етілді.
Тараз қаласы күніне орай Жамбыл Жабаев ескерткіші маңындағы алаңша мен орталық «Достық» алаңында әсем, сазды субұрқақтар ашылды. Жамбыл Жабаев ескерткіші маңындағы субұрқақ жобасын толықтай «Atameken-Energy» ЖШС қытайлық әріптестерінің сызбасы негізінде іске асырған. Төрт қатардан тұратын екі субұрқақтың әрқайсысында үш түтік бар. Егер субұрқақ қарқынын жоғарылатса, биікке көтерілген су әуеде түйісіп, халқымыздың ауызбіршілігін айғақтайды. Осы арқылы жобалаушылар ұлттық құндылығымызды көрсете білген. Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, жоба «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тапсырысы бойынша жасалған. Субұрқақтардың ерекшелігі әуенмен су шашатындығында болып тұр.
Бұл күні қала көлемінде ел игілігіне берілген нысандар қатарында Желтоқсан көшесінің бойында ашылған «Желтоқсан толқыны» субұрқағын және республика бойынша ең ұзын 3 каскадтан тұратын 220 метрлік «Тәуелсіздік толқыны» атты түрлі-түсті субұрқағын айтуға болады. Гейзерден басталған алғашқы толқын 86 деген монументальды мафтан басталады. Бұрқақтың бойына Тәуелсіздігіміздің символы болып саналатын барлығы 14 дана барыс, қыран құс, пырақ мүсіндері орнатылған.
Сонымен қатар 120 павловния ағашы отырғызылып, 22 жарық шамдары, күн сәулесінен қуат алатын 4 дана батарея, 10 дана смарт орындықтарына интернет желісіне қосылатын құрылғылар (wi-fi), 48 орындық пен қоқыс тастайтын жәшіктер орнатылған. Жалпы жобаның эскизі «Spektr Energi Group» ЖШС тарапынан әзірленген. Ені 20 метр, ұзындығы 240 метр болатын аллеяның аумағы 0,5 гектар. Ал құны 284 миллион теңгені құрайды. Сәулет өнеріне тән ерекшелікті сақтай отырып салынған субұрқақтың ашылу салтанатына да тараздықтар көптеп жиналды. Көпшілік толқындар субұрқақтың соңына жетіп, кері қайтқанда Тәуелсіздіктің айшығы күн мен бүркітті бейнелейтін бейнесіне айналып, одан әрі егемендікке ұласатын ерекшелігін тамашалады.
Жуырда ғана Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен Тараз қаласының орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков саябағы мен оның ішіндегі батырдың ескерткішін қайта жаңғыртудан өткізу жұмысы басталған болатын. Аз ғана уақыттың ішінде бұл саябақ адам танымастай өзгеріп, жаңаша сипат алды. Қала күні мерекесі қарсаңында Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ ел игілігіне берілді. Бұл күні біртуар перзентінің рухымен қайта қауышқан көпшілік саябаққа көптеп жиналды. Кезінде шаһит кеткен батырдың рухына тағзым етіп, қаһарманның қайта жаңғыртылған ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Саябақтың жалпы аумағы алты жарым гектарды құрайды. Жалпы сметалық құны 403,9 миллион теңгені құрайтын саябақтың эскиздік жобасын «Табыс жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірлеген.
Аталған саябақ ішінен «Желтоқсан-86» орталығы, «Тәуелсіздік ұшқыны» аллеясы, қайта жаңғыртудан өткен «Ардагерлер үйі», «Ғибрат» орталығы және «Шахмат» алаңы ашылып, ел игілігіне берілді.
Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Ұрпақтар санасында естелік болып жаңғырып тұра береді. Бүгін қала күні мерекесі аясында «Жеңіс» саябағында тарихи ерлік дәріптелді. Атап айтсақ, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш ашылып, көпшілік осы бір игі бастамаға куә болды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Халық қаһарманы, Ауған соғысының ардагері, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев пен Ауған соғысының ардагері, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл арнайы қатысып, нысанның лентасын қиды. Бұдан кейін сөз алып, өткен күннің орны толмас өкінішін шежіреледі. Кезінде Ауғанстан жеріндегі әскери іс-қимылдарға Жамбыл облысынан 2236 жауынгер қатысып, әскери қақтығыстар кезінде 71 жас азаматтың қаза тапқанын, бұл әрқашан орны толмас өкініш екенін жеткізді. Сонымен қатар бүгін «Жеңіс» саябағында Чернобыль атом электр стансасындағы апатты залалсыздандыруға қатысушыларға арналған ескерткіш ашылды. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Чернобыль ардагерлері және мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің үйлестіру кеңесі филиалының төрағасы Бақытжан Әшірбаев пен Жамбыл облыстық Чернобыль одағы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Владимир Хорошин қатысты. Айта кетейік, ғаламдық ірі жарылыстың зардабын жоюға қатысқан қазақстандықтардың 1200-і Жамбыл облысынан еді.
Осы «Жеңіс» саябағының ішінде тыл еңбеккерлеріне арналған ескерткіштің де ашылу салтанаты болды.
Көп жылдан бері «Үшбұлақ» каналының жағалауы қараусыз қалып, қоғам тарапынан сынға да ұшыраған болатын. Бүгін сол олқылықтың орны толып, «Жеңіс» саябағы бойынша қолға алынған жоба аясында Тараздағы «Үшбұлақ» жағалауындағы демалыс аумағы пайдалануға берілді. Жалпы 6,5 гектар жер абаттандырылып, 10 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Ал мұндағы көпірдің ұзындығы 72 метр болса, ені 3 метрді құрайды. Сонымен қатар бөгет қайта жаңартылып, су айдыны 60 метрге дейін кеңейді. Ал мұнда келіп демалушылар үшін 5 аққу, 4 үйрек пен ақ амур және карп сияқты барлығы 3000-ға жуық балық жіберілген. Аталған жағалауда каналға шығатын 3 пирс, демалыс орындары, балалар ойын алаңдары, спорттық снарядтар мен суда жүзуге арналған катамарандар қойылған.
«Екі мың жылдық тарихы бар көне Тараз шаһары күн өткен сайын жаңарып, жасарып келеді. Алдағы уақыттарда Таразды түрлендіру үшін талай жобалар мен жоспарлар бар. Ал қала күні мерекесіне орай ашылып отырған нысандардың бәрі де халықтың игілігі үшін салынды. Бұл нысандардың бәрінің де әлі халық жақсылығын көретін болады», дейді Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов.
Тараз қаласының бүгінгі тынысы осындай. Келешекте де көне шаһардың келбеті келісіп, сәулеті арта беретініне сенім мол.
Хамит Есаман
Білім және өнер. – 2020. — №11-12. – 44-47 б.