Толайым еңбектің ері (Қуандық Қасымов — 60 ж.)
Жамбыл облыстық қазақ драма театрында белгілі режиссер Қуандық Қасымовтың 60 жылдық мерейтойы аталып өтті. «Ұшқан ұя» атты документальді фильмнен бастау алған салтанатты кешке облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет басқармасы басшылығы, республиканың әр облысынан аймақтық театр басшылары мен өкілдері, белгілі өнер қайраткерлері, жазушы-драматургтер қатысты. Кеш барысында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, республикаға танымал ақын Иран Ғайып, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов қуаныш иесіне жүрекжарды ыстық ықыластарын білдіріп, ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хаты оқылды. Аласармайтын арман, сарқылмайтын сезім, толағай талант пен толайым еңбектің басын бір арнаға тоғыстырған ұлы көш өмір деп аталады. Ал сол өмір атты өткелдің өзегін өнермен өріп, биік белестерді талантымен бағындырған дарын иесі ғана өзін бақытты сезінері сөзсіз. Биікте, ту-ту алыста, қаракөлеңкенің құшағында бір қара бала отыр. Ол жас Қуандық. Дәлірек айтқанда Қуандықтың жас кезін сомдаушы театр актер – Кенен Ақүрпеков. Бар болмысымен әлденеге күйзеліп, әлденеден тарығып һәм әлденені іздейді. Ол өнердегі өзін іздеп отырған еді… Сол сәт қым-қуыт тіршілік басталды да кетті. Әуелеген Шәмші әні. Қолшатырда бас түйістірген қыз-жігіттердің вальс биі. Талдырмаш қыз. Режиссер мен жас қыздың арасындағы таныстық. Сол сәт режиссурасын өзі жасаған «Сыған серенадасындағы» сыған қызы Изольда жігіт пен қыздың арасындағы тұтанған махаббат сезімінің нұрға шомып тұрғанын, екі жастың жанұя құрып, бақытты болатынын болжап береді. Бұл көрініс өнер мен өмірдің тоғысқан сәті. Расында талдырмаш қыз Қуандықтың асыл жары Айжан болатын. Одан кейін желмен жарысқан құлыншақтар. «Әке, кең далада еркін шабуға рұқсат етіңіз!» дейді. Әкенің ақ батасын алған құлыншақтар кең даланы бетке алып, шаба жөнелді. Бұл да режиссердің өмір мен өнер шыңына баптап ұшырған шын құлыншақтары… Ал қым-қуыт тіршіліктен шаршап, қиындықтан жеріп, ойдан қажып, бәрінен баз кешуге шақ қалған сәтінде киелі өнердің кейуанасы қарсы алып, берген серті мен алған антына берік болғанын қалап, зор үміт күтіп жүргенін ескертіп, ақ батасын берді. Театр әртістері режиссердің сан жылдарғы ерен еңбектерінің нәтижелері жайлы сөз етіп, әрі әкесі, әрі анасына айналған халқының алдында өзгеден оқ бойы оза шапқан жетістігімен бөлісіп, режиссердің додаға қатысып алған марапат, диплом, әрбір жеңісінің жемісін дәріптеді. Сөйтіп, үзілмеген үміт пен тот баспаған төзім киелі өнер таразысында теңесті. Қуандық Құлмамырұлының тағдыры мен талғамынан үйлесім тапқан кездері сәтті сомдалып, алпыстың есігін ашып, шырағын жаққан асқаралы аға адымдай басып өнер мен өмірдің көкжиегін бетке алды. Құралай Сейсенбекқызы Жамбыл-Тараз. — 2017. — 25 қазан |
|
Интернет-ресурстан материалдарды пайдаланған кезде кері сілтеме жасау міндетті! © — Тараз қ. ОККЖ. csmb@bk.ru, Разработано: Агентство «5-й Элемент» |