Толымбек Әлімбекұлы: неге күлгенімізді біліп жүрейік

Толымбек Әлімбекұлы: неге күлгенімізді біліп жүрейік

   Сатира қағытпа қалжыңнан ғана емес, сыннан да құралады. «Алып та, шалып та жығатын» күрделі жанрды өмірлік серігіне айналдырған Толымбек Әлімбекұлының бүгінге дейін көптеген ірі еңбектері жарық көрді. 1 сәуір қалыптасып қалған «Күлкі күніне» орай қазақ сатирасының саңлағымен әңгімелесудің сәті түсті.

– Әңгімені сатирадан бастасақ. Сатира «ауылына» қалай бет бұрдыңыз?

– Негізі, сатираға қалай тап болғанымды білмей де қалдым. Біреуге арнап сатиралық өлең жаздым. Ол кезде Жамбыл ауданында шығып тұрған «Екпінді еңбек» газетінде Талғат есімді сыныптасым, досым әрі курстасым жұмыс істейтін. Ол өлеңді оқып, «мынауың жарайды ғой» деп газетке шығарды. Содан сатира «ауруымен» ауырып, көрген-білгендерімнің бәрін сатираға тізіп, бүгінге дейін сатира жазып келемін.

– Бүгінде «сатира жоқ» деген пікірді жиі естиміз. Теледидардан қарасақ, «халықты арзан күлкіге қарық қыламыз» деп өздері оңбай күлкіге қалып жататындар баршылық. Айтары бар болса да, астары жоқ… Сіздіңше, бүгінгі сатираның деңгейі сын көтере ме?

– Қазіргі сатиралық театрлардың ешқайсысында мән жоқ. Арзан, жеңіл күлкі. Алдын-артын ашып, әйтеуір, «елді қытықтап күлдірсем» деген ниетте. Бұрынғы «Тамашада» сөздің астары бар еді. Менің жазғандарым бұл театрға айлап өтпей жататын. Іріктеп, ең соңында барып алды ғой. Енді қазіргі театрлардағы артистердің бәрі сатирик болып кеткен. Көрген-естіген анекдоттарын, әзілдерін жазады да, сатиралық театр сахнасына шығарады. Ол – табаныңнан қытықтап, қолтығына қол жүгіртіп жүріп күлдіретін «зорлық күлкі». Негізі, ойдан-ой туады ғой. Қарап отырып, бір мәселеге яки тақырыпқа өзек болар әңгіменің реті бар ма десең, сол баяғы жеңіл күлкі, аларың жоқ.

– Қазір жас сатириктер, өскелең буын өкілдері бақ сынайтын байқаулар неге жоқ?

– Қазіргі сатирада «мықты сатирик» деп қолмен көрсетіп айтатындай, байқауда бақ сынайтындай жастарды көрмейсің. Барлығы да – театрдағы артистер. Өздерін-өздері «сатирик» жариялап, өздеріне материал жазып, оны, әйтеуір, ойнап, халықтың табанына қол жүгірте қытықтап күлдіру арқылы нәпақа тауып жүргендер деп ойлаймын.

– Кей кездері «неліктен басқа мамандықты таңдамадым?» деген ой бола ма?

– 4-сыныпта алғашқы мақалам жарық көрді. Содан газеттерге материал даярлап жүрдім. Алғашқы ұстазым Шыңғыс Қонысбаев аудандық, облыстық газеттерде істеп жүргенде, мақалаларын оқитынмын. Сонда «Шіркін-ай, мен де осылай жазсам екен» деп армандайтынмын. Сол кісіге еліктеп те әртүрлі мақала, шығармалар жазып машықтандым. Сондықтан да бұл саланы дұрыс таңдадым деп ойлаймын.

– Алдағы уақытта оқырмандарды қандай шығармаңызбен қуантасыз?

– Былтыр «Не етіп, не ғылып» деген кітабым шыққан. Одан кейінгі жазғандарым да бір кітапқа жақындап қалды. Солардың басын қосып жарыққа шығарсам деймін. Сосын баяғыда «Қарақұйын» деген повесть бастаған екенмін. Орта шеніне жетіп қалыппын. Оқта-текте бір-екі беттен жазып қоямын. Алда бітіріп те қалармын.

– 1 сәуір – «Күлкі күні». Біреуді алдайтын, яки алданатын күн. Бұл мерекеде біреуді алдаған кездеріңіз есіңізде ме? «Күлкі күнінің» сіз үшін маңызы қаншалықты?

– Бір оқиғаны айтып берейін. Облыстық «Еңбек Ту» газетінде істеп жүрген кезім. Жақын маңда ауылшаруашылық басқармасының асханасы бар еді. Жиі ет алып тұратынбыз. Бір күні сол жерден тамақтанып келе жатсақ, облыстық газеттің қызметкер әйелдері далада тұр екен. Соларға қалжыңдап: «Асханада ет сатып жатыр. Қыздар, сендерге де қалдырып қойдым. Барып алыңдар» дедім. Артынша барлығы дорбаларын алып, ақшаларын салып кеткен далбалақтап. Ойымда ештеңе жоқ. Кейіннен ешбіреуі менімен сөйлеспей қойды. Сөйтіп, 1 сәуір алдаймын деп, арамыздан ала мысық жүгіріп өткен.

1 сәуір – «Күлкі күні» деп жатады. Бұл «бір-бірімізді әзілдесіп, алдау керек» дейтін орыс халқынан келген дүние. Өтірік айтып және сол өтірікке сендіру. Біркүндік, уақытша құбылыс. Бірақ қашан да күліп, неге күлгенімізді біліп жүрейік. Күлкі – өмірлік. Күле біл, өмір сүре біл!

– Әңгімеңізге рақмет!

Жұматай Арай

Айқын апта. – 2017. – 1 сәуір