Төрткүл — дүниенің киесі

Төрткүл — дүниенің киесі

   

    Әр тасын түртсең, қатпар-қатпар тарихтан сыр шертетін көне қаланың кербез келбеті қандай ғажап десеңші! Тараз шаһарының тарихи құнын, бағзы замандағы саяси салмағының көрсеткішін айқындайтың тағы бір киелі орын – «Төрткүл» көшпенділер керуен сарайы емес пе, құрметті оқырман?!

 Б.з.д. ІІ-І ғасырлардан бастау алған Жібек жолы көптеген елдердің экономикалық өркендеуіне өз үлесін қосқаны анық. Қытайдан бастау алған керуен жолы Тибет, Қашқар, Жетісу арқылы көне Тараз қаласына келіп, осы жерден екіге бөлінгені белгілі. Бірі Орта Азия қалалары арқылы Ташкент, Самарқанд, Хиуа, Үргеніш арқылы Иранға кетсе, екіншісі Түркістан, Отырар, Хорезм арқылы Еділ, Кавказ жолымен Жерорта теңізіне жеткен. Осындай ұлы дала жолдарының түйісетін жолдарының бірі әрі бірегейі Тараз қаласы еді. Сондай-ақ, қалаларды өзара байланыстыратын жолдардың бойында керуен сарайлары көптеп бой көтерген-ді. Соның бірі көне шаһарымызда орын тепкен «Төрткүл» керуен сарайы болатын. Тарихшылардың айтуынша, «Төрткүл» көшпенділер сарайы ХІ-ХІІІ ғасырлар аралығын қамтиды. Жалпы, «Төрткүл» сөзі түркі тілінен аударғанда «төрткүл дүние» деген мағынаны береді екен. Міне сол себепті болар, сол уақыттағы алып шаһарлардың бірі Тараз қаласына ат басын тіреген көптеген халықтар осы кешенге арнайы келіп аялдаған деседі. Қаланың батысында орын тепкен «Төрткүл» кешенінің зерттеу жұмыстарымен бірқатар археолог-ғалымдар белсене айналысқан. Алғаш рет есімі елімізге белгілі ғалым Карл Байпақовтың басшылығымен 1983-1985 жылдары зерттеу және қазба жұмыстары жүргізілген-ді. Тәуелсіздіктің арайлы ақ таңы атқан соң, яғни 2008-2010 жылдары Ә.Марғұлан атындағы археология институтының мамандары қазба жұмыстарын қайта жүргізіп, керуен сарайды қалпына келтіруге күш салған. Археологтар зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында Төрткүлден қонақ бөлмелерін, қазан-ошақ пен керамикалық заттардан жасалған үй тұрмысында пайдаланатын ыдыс-аяқтарды тапқан екен. Сонымен қатар, 2010-2011 жылдары керуен сарайда қайта толық жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып (жөндеу жұмыстарының құны 97 млн. теңге болған көрінеді), бес метрлік дуалдар тұрғызылып, ішкі көрінісі туристік нысан ретінде қайта жасалынған екен.

24 торткуль3 1

 Біз де өз кезегімізде қаламыздың ең көрнекті жерінің бірі болып табылатын «Төрткүл» көшпенділер керуен сарайын көзімізбен көруге жыл сайын асығып тұрамыз. Себебі, керуен сарайда қала халқы мен алыс-жақын шетелдерден келетін туристерді қызықтыратын деректер көп. Керуен сарайдың ішіне аяқ басқанда, бағзы жаугершілік заманға тап болғандай әсер аласың. Жан-жағы биік дуалмен қоршалған сарайдың ішіндегі шағын ғана бөлмелер, ондағы қазан-ошақ пен керамикадан жасалған құмыра көзіңе оттай басылады. Өз уақытында кешеннің шеткі ұзындығы 100 метрден 115 метрге дейін, ал биіктігі 4-5 метрге дейін жететін болса, бүгінгі таңда оның ұзындығы 85 метрден 100 метр шамасында. Ал биіктігі 1,5 метрге жетіп, бойына айтарлықтай зақым келген.

Бүгінде «Төрткүл» керуен сарайы Жамбыл облысының тарихи-мәдени ескерткіштерін қорғау және қалпына келтіру бойынша дирекциясының қарауында. «Төрткүл» керуен сарайының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-і «Тарих және археология» бөлімінің меңгерушісі Сауран Қалиев бізге кеңінен әңгімелеп берді.

Сауран аға әуелі керуен сарайдың тарихы турасында баяндап, қазіргі таңда бұл кешенге қызығушылық танытып отырған туристердің қарасы қалыңдағанын, соның ішінде қытайлықтардың ықыласы айрықша екенін айтты.

— Жалпы, біздің облыста Төрткүл секілді көшпенділер сарайының бірнешеуі анықталып отыр. Тараз қаласы маңындағы Құлан, Күлшіп, Жүлшіп, Ақыртас, төменгі Барысханды айтуға болады. Бұл керуен сарайлары сол тұста «Төрткүл» деп аты айтып тұрғандай, төрткүл дүниенің әр бұрышынан келген халықтардың арнайы тоқтайтын жері болған. Мәселен, сол тұста көшпенділер мінген түйелер 30-50 шақырым жерді жүріп өтіп, шаршап-шалдыққан мезгілде әлгінде айтқан керуен сарайларына аялдап, демдерін басып алатын болған. Осынау керуен сарайлардың ең үлкені «Төрткүл» болып табылады. Бұл VI-VII ғасырларда жол азабынан құтылу үшін жасалған, ұтымды ойластырылған дүниелер, — дейді Сауран Қалиев.

Сауран мырзаның айтуынша, олар көне қаламыздың киелі орындары мен кешендерін жер-жаһаннан келетін туристерге кеңінен таныстыру үшін 5-6 туристік компаниямен тығыз жұмыс жасайды екен.

Өткен жылы Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту мақсатында Қытай жерінен түйелі керуен келген-ді. Олар қазақ жеріне табан тірей отырып, өз отандарының символына айналған шайларының көптеген түрлерін жарнамалап кеткен еді. Сонда қытай керуеншілері Төрткүлге арнайы тоқтап, бұл жердің тарихи мәнінің тереңде жатқанын тілге тиек еткен екен.

— Міне, шілде айының орта тұсында сол қытайлық керуен көне Таразға қайта табан тіремекші. Аспанасты елінен ат терлетіп келетін 200-ден аса қытайлықтар әулиеаталық ағайынға өздері әкелген заттар мен өнімдерін көрсетіп, әрі қарай Ташкент қаласына жол тартатын болады. Осыған орай, облыс әкімдігінде үлкен жиын өтіп, қонақтарды қалай қарсы алатынымыз және мерекелік іс-шараны ұтымды ұйымдастыру мәселесі талқыланды,-дейді ол.

Бұйыртса, келесі жылы елордамыз Астанаға төрткүл дүние көз тігіп отырған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін тамашалауға миллиондаған турист ағылады. Осынау әлемдік масштабтағы көрме аясында жер-жаһанның жиһангездері қазақ жерінің бірнеше тарихи–мәдени қалаларын аралайтыны белгілі. Осынау киелі шаһарлардың қатарында 2 мың жылдық тарихы бар көне Тараз шаһары да бар. Демек, Сарыарқаның төріндегі ғаламат көрмені көздерімен көруге келген туристер біздің өлкеге арнайы тоқтап, қасиетті һәм тарихи жеріміздің таңғажайып келбетін тамсана да таңырқай тамашалайтын болады.

Алайда, қаламыздағы «Төрткүл» секілді тарихи маңызы бар керуен сарайының қадір-қасиетін тек шетелдіктерге ғана көрсетіп, мақтаныштан кеуде қағудан аулақ болғанымыз жөн. Сауран Қалиұлының айтуынша, «Төрткүл» керуен сарайына келемін деуші қала тұрғындары мен қонақтары үшін оның есігі әр уақытта айқара ашық. Оның үстіне су тегін. Өкінішке орай, «Төрткүл» кешені туралы тараздықтар тегіс біледі деу қисынға келмейді.

Демек, өскелең ұрпақтың тарихи санасын жаңғырту үшін қолда бар алтынның қадірін біліп, осындай киелі орындарға жиі бас сұқтырсақ, ұлттық рухымыз да асқақтай түсіп, өзгенің жауһарына қызықпай, өзіміздің інжу-маржандарымызды бағалайтын еді-ау…

 Индира БАЙҚОНЫС

Жамбыл-Тараз. – 2016. – 29 маусым. – 11 б.