Битенова Үміт Қыранқызы
Битенова Үміт Қыранқызы, ақын, жазушы, сазгер, әнші, педагог, заңгер, қоғам қайраткері, Әлем Халықтары Жазушылары Одағының мүшесі.Қаламгер 4 желтоқсан 1964 жылы Жамбыл облысы, Мерке ауданында туылған. 1971 жылдың қыркүйегінде алғаш табалдырығын аттаған Талас ауданындағы Үшарал орта мектебін 1981 жылы үздік бағамен тәмамдап, Шымкенттегі Н.К. Крупская атындағы пединститутқа оқуға түседі. 1985 жылы Шымкент педагогикалық институтының филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін және шетел тілдері факультетінің ағылшын тілі бөлімін үздік бітіріп, мұғалім квалификациясын алған. Сондай-ақ, Қаратау технология, білім және бизнес колледжін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған Үміт Битенованың біліктілік дәрежесі — кеңесші-заңгер. 1985-1993 жылдары Жамбыл облысы Талас ауданының Ильич атындағы және Үшарал орта мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәндерінен сабақ беріп, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген.Шығармалары «Қазақстан жас ақындарының антологиясы» ( Астана — 2000 ж) және «Жамбыл облысы ақын-жазушыларының шығармалары» (Алматы -1999 ж) жинақтарына, «Жыр маржаны» атты он томдық қазақ поэзиясының (Mereke baspasy-2014) антологиясына енгізілген. «Ауады да тұрады аңсарым», «Көңіл күнделігі», «Шын ғашықтар қосылмайды деген кім?», «Мендегі іңкәр махаббат» атты жыр кітаптарының, «Мен сүйген жар», «Қай жерден кетті қателік?» атты прозалық кітаптардың, «Балабақшадан басталған» атты мемуарлық кітаптың авторы.