Заманының заңғар тұлғалары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктем мерекесінің мазмұнын байыту туралы тапсырмасына сәйкес, 15 наурыз — Тарихқа тағзым күні деп белгіленген болатын.

Осыған орай Абай атындағы орталық кітапханада белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығына арналған «Заманының заңғар тұлғасы» атты ашық есік күні өтті.

Кеш барысында кітапхана қызметкері Гүлсат Қонысбаева композитор Г.Тұрашқызының «Сақтап қалған бабалардың рухын» атты өлеңін оқыса, кітапхана оқырманы Жанерке Спатай мен Жансая Сейітжанқызы композитор Т.Сарыбаевтың «Наурыз-думан» атты әнін шырқады.

Сонымен қатар кітапхана оқырмандарына «Наурыз — жыл басы» викториналық ойыны ұйымдастырылды.

— Бүкіл Алаш жұртына аты мәлім Дінмұхамед Қонаевтың елінің өркендеп-өсуіне қосқан үлесі мен сіңірген еңбегі зор. Ұзақ жылдар бойы Қазақстанды басқарған қайраткердің жасампаз істерін бүгінгі ұрпақ ұмытқан жоқ. Елім, жұртым деп қызмет еткен Дінмұхамед Ахметұлы артына мол мұра қалдырып кетті. Жақсы адам туралы жақсы сөз көп айтылады. Оның әрбір сәті сағынышпен еске алынады. Себебі карапай- ым халықтың арасынан шығып, халықтың үміті мен сенімін ақтап, халықтық тұлға дәрежесіне көтерілуден асқан абырой жоқ. Ал кісілік пен кішілікті халықтан үйреніп, сол қасиетпен ұлтты тәрбиелеуге ниеттенудің өзі қайталанбас ерлік. Тарих деген сол, әрбір елдік тұлғаның халық үшін төккен тері мен көрген бейнетін таразылайды. Ел басқару, елдікке бастау оңай шаруа емес. Ол тек қана аңызға айналған абыздардың еншісіндегі ғана дүние, — деді өз сөзінде кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлжазира Қойшыбайқызы.

Шара барысында кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Заманының заңғар тұлғасы» атты кітап көрмесіндегі С.Әбдірайымұлының «Елу жыл ел ағасы» және «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген «Дінмұхамед Қонаев» атты жинағына библиографиялык шолу жасалды.

Осы күні орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №6 кітапханасы оқырмандарға ұлы жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай «Әлем таныған Әуезов» атты шарасын ұсынды.

Ашық есік күнінің шымылдығы қалалық мәдениет үйінің домбырашыларының орында- уындағы «Қазақ» күйімен түріліп, «Мұхтардың өзі де үлгі, өмірі де» әдеби-монтаж көрсетілді. Сондай-ақ жазушыға оқырмандар мен оқушылар жүрекжарды жырларын арнады. Ал Тараз өңірлік университеті «Актерлік өнер» факультетінің студенттері «Қаракөз» трагедиясынан көрініс көрсетті.

— Мұхтар Әуезовтің маған «Көксерек» және «Жетім» әңгімесі ұнайды. Мағыналы, әдеби түрде жазылған. Атамыздың көптеген кітаптары мен шығармалары әлемге танымал. Осындай шараға ұйытқы болып, оның құнды дүниелерін кейінгі ұрпаққа танытып жатқан ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, — дейді оқушы Аружан Рахымжан.

    Гүлбаршын Сейтқазиева, Лаура Абайқызы

 Jambyl-Taraz. — 2022. — 16 наурыз