Құрметті достар! Жалқаулық пен еріншектік егіз, бір-бірімен ажырамас достар, адамға абырой әпермейтін, бір жабысып алса құтылуың қиын құбыжықтар. Олармен дос болсаңдар абыройдан айрыласыңдар. Қазір орындау керек затты сосын істермін деп кейінге қалдырасың, оған басқа істер қосылады, сонымен ешбір іс орындалмай, жалқау, еріншек деген атаққа ие болғаныңды білмейде қаласың. Балалалар, сондықтан еріншектік пен жалқаулықтан аулақ болайық.
Достар, сіздердің назарларыңызға Рахат Қосбармақтың «Жалқаудың жазасы» (ертегілер, әңгімелер, өлеңбер) атты кітапты ұсынамыз. Белгілі ақын Рахат Қосбармақтың бұл кітабына әр жылдарда жазған ертегілері мен әңгіме, өлеңдері топтастырылған.
Қосбармақ, Р. Жалқаудың жазасы [Мәтін] : (ертегілер, әңгімелер, өлеңдер) / Рахат Қосбармақ. — Алматы : Үш қиян, 2024. — 280 б.
Рахат Қосбармақ — республикалық дәрежедегі бірнеше айтыстар мен мүшәйралардың жеңімпазы. Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, ақын, журналист Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
Жазушының “Жалқаудың жазасы” атты кітабы — адам бойындағы еңбекқорлық пен жалқаулықты салыстырып, адамның өміріндегі ең басты құндылықтың еңбек екендігін көрсететін қызықты әрі тәрбиелік мәні бар туынды. Бұл шығармада автор жалқаулықтың адам өміріне келтіретін зияны мен оның теріс салдарын сипаттай отырып, еңбекқорлықты, мақсатқа жетудегі табандылық пен жауапкершілікті дәріптейді.
Шығармалар жас өреннің ой-өрісін кеңейтіп, әдептілік пен ізгілікке тәрбиелейді. Қоршаған ортаға көзқарасын қалыптастыруға, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге, еңбекқорлық пен адалдыққа баулиды.
Достар, бұл кітап жауапкершілік пен еңбекке деген көзқарасты қайта қарауға шақырады, өмірдің әрбір сәтін тиімді пайдалануға, мақсатқа жету жолында еңбектенудің маңыздылығын түсінуге ұмтылдырады.